Қазақтың музыкалық аспаптары — ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан мәдени мұра. Сонымен бірге халықтың рухани дамуының, байлығының, эстетикалық талғамы деңгейінің көрсеткіші. Бүгінде оны өскелең ұрпаққа насихаттау парызымыз!

 

Жуырда «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында Қазақстанда теңдесі жоқ бірегей Ұлттық аспаптар мұражайының көшпелі көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Жобаны аталмыш орталық пен жергілікті «JEBE» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды.

Көрменің ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Айзада Құрманова ұлттық мұрамызды дәріптеу әрқайсымыздың азаматтық борышымыз екенін алға тартты.

— Қазақ — өзінің музыкалық аспаптарын әрқашан дәріптеген халық. Оны осы көрмеден де байқай алдық. Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, көпшілік біле бермейтін аспаптармен таныстырған Астана қаласы Қосшы қалалық мәдениет үйіне қарасты Ұлттық аспаптар мұражайының қорына алғысымды білдіремін, — деді өз сөзінде А.Құрманова.

Ұлттық аспаптар мұра-жайының қоры Қазақстанда 1600-ден астам ұлттық аспапты жинап, ұмыт болған аспаптарды жаңғыртып келе жатқан жалғыз мәдени мекеме.

Сол орталықтың директоры Баянды Сахарияұлының айтуынша, бұл көшпелі көрмені алғаш рет өзге өңірде өткізіп отыр.

— Мұражай қолөнерші, этнограф, музыкатанушы әрі кәсіби музыкант Азамат Бақияның коллекцияларынан құрылған. Азамат Бақия — ұлттық өнерді жаңғыртып жүрген тума талант. Мұражайда бүгінде 1600-ден астам аспап сақталған. Олардың арасында шекаралас елдерден әкелгендері де бар. Ұмыт қалған аспаптарды жаңғыртудамыз. Тіпті, кейбіреуі – атын естіп, затын көрмеген аспаптар. Көрмеге қойылған заттардың ең көнесі – 222 жыл сақталған домбыра. Оның беттақтайы 1960 жылдары ауысқан. Одан бөлек жүз жылдық домбыралар мен сыбызғының барлық түрін тамашалауға болады. Бұл аспаптардың түпнұсқасы біздің мәдени нысанда бар, — деді ол.

Ұлытаудың тумасы Азамат Бақия — бірнеше өнерді бойына дарыта алған жан. Ол негізінен көнеден келе жатқан ұлттық музыкалық аспаптарды жасау-мен, жаңғыртумен айналысады. Бір қызығы, оларды 18 жыл бойы жинаған. Бүгінде алпыстан астам аспапта еркін ойнай алатын өнер иесінің коллекциясында әлем халықтарына және қазақ ұлтына тиесілі музыкалық аспаптың мыңнан аса түрі бар. Сондай-ақ, ұлытаулық шебер сазсырнайды 5 минуттың ішінде жасап шығарады. Оны көшпелі көрмеде бізде байқай алдық.

— Атам да, әкем де ұста, шебер болған. Бұл өнер сол үлкендерден дарыса керек. Осы саланы таңдаған соң музыка мектебінде білім алып, колледжде, кейін консерваторияда жалғастырдым. Басты мақсатым — қазақи рухты ояту, өзіміздің гендік кодымызды жаңғырту, ұмыт қалған аспаптарды насихаттау. Музейде саз сырнайдың 600-ден астам түрі бар. Орталыққа келген әр адамға осы құрылғыда ойнап береміз. Саз сырнайға қызығушылық өте көп. Өйткені ол аспаптың пайдасы мол. Әсіресе балалар ойнаған кезде олардың қолдарының дамуына және өкпеге пайдалы. Сондай-ақ, ерекше аспаптардың бірі – доңыз қауақ. Бұл ауылдан ауылға өтіп, қамыс арасынан малды қайырған кезде жолбарыс адамды тартып кетпес үшін  қолданылады екен. Қауақ деген кәдімгі өсімдік болады. Жарылып кетпес үшін бетіне ешкінің шап терісі қапталады. Үні ерекше, — дейді шебер.

Көрме барысында павло-дарлық жұртшылық назарына «Желбуаз», «Уілдек», «Тастауық», «Үскірік», «Құссайрауық», «Шыңырау», «Қоссаз», «Қосуілдек», «Тұлыпсырнай», «Керней», «Ұра», «Бұғышақ», «Жіліншік», «Шыңдабыл» сияқты тағы басқа ондаған ұмыт болған ұлттық аспап ұсынылды. Лекция концертті аталмыш музей жетекшісі, этнограф, музыкатанушы, қолөнер шебері Азамат Бейсенәліұлы Бақия жүргізді.

Шебер қалың көпшіліктің алдында бір минут аралығында сазсырнай жасауға болатынын көрсетіп, оның үнін естіртті. Көрерменге сұрақ қойып, дұрыс жауап бергендерге жаңа жасалған аспапты сыйға тартты. Павлодар қаласының зиялы қауым өкілдері өнерпаздарға батасын беріп, өнерлерінің өрлей түсуіне тілек білдірді.

Айдана БОРАНБАЕВА

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.