Н.Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде Наурыз мейрамы қарсаңында Павлодар және Ақсу қалаларының өнерлі оқушылары Наурыз нақыштарын салды. Сондай-ақ, көрмеге келген қонақтар мен көркемсурет мектебінің тәрбиеленушілері үшін шеберлік сабақтар өтті.

 

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні Павлодар қаласындағы Балалар көркемсурет мектебі мен Ақсу қаласындағы өнер мектебі оқушыларының Наурыз мерекесіне арналған «Наурыздың бояулары» сәндік-қолданбалы өнер бойынша көрмесі өтті.

Көрмеге жас суретшілердің халқымыздың дәстүрлерін бейнелейтін пейзаждар, композициялар, қазақтың ұлттық нақышында салынған картиналары қойылды. Жұмыстар дәстүрлі және дәстүрлі емес әдістермен, акрилды кескіндеме, киіз басу, ыстық батик, киіз, құрғақ және дымқыл киіз басу техникасында орындалған.

– Қөрмеге екі мектептен 80-нен астам жұмыс ұсындық. Бұл дегеніміз – жас суретшілерімізді мәдениетке, өнергежәне ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтарын арттыру. Ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлерді насихаттау, – дейді балалар көркем сурет мектебі басшысының орынбасары Гүлнәр Мұхаметқалина.

Наурыз мейрамына арналған көрме осы айдың соңына дейін жалғасады.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.