Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ұрылар» қойылымының премьерасы өтті. Авторы — жас драматург Қазыбек Аманжол.
Қойылымның режиссері Әділет Ақановтың айтуынша, туындыда ар-намыс, ұрлыққа жол бермеу көзделеді. Сондай-ақ, көрерменге ұрлықтың түбі жақсылыққа апармайтыны жайлы ой салып, қоғамда осындай келеңсіздіктерге жол бермеуге бағыттайды.
— Комедиялық шығарма ащы шындықты әзілмен жеткізеді. Оқиға желісі бойынша бір үйге бір уақытта екі ұры түседі. Бірі кәсіби ұрлықшы болса, екіншісі – таксист жігіт. Екеуінің мақсаты – қожайынынан кек алу. Алайда үйге енгенде өзге бай адамның сарайына тап болғанын аңғармай қалады. Оқиға осы жерден қыза бастайды. Бір қызығы, бұл оқиғаны екі мысық баяндайды, — дейді режиссер. Таксист жігіттің рөлін сомдаған театрдың әртісі Бекнұр Дастанның сөзінше, дайындыққа көп уақыт кетпеген.
— Бұл спектакльмен өнер сүйер қауымға тек ұрлық емес, сонымен қатар шынайылық, адалдық қасиеттерді сақтауға шақырдық. Дайындыққа көп уақыт кетпеді. Жиналған қауымға ой салдық деген ойдамыз, — дейді ол.
Ажар Жақсылықова, көрермен:
— Қойылым сәтті шыққан деп ойлаймын. Үлкен қошеметке лайықты. Әртістердің шеберліктері, өздерін сахнада ұстауының өзі табиғи. Бүгінде орын алып жүрген оқиғаларды комедиялық қойылым арқылы жақсы жеткізе алды. Осыны шеберлікпен жеткізе білген театр ұжымына алғысым шексіз. Жұмыстарына толағай табыстар тілеймін.
Айдана БОРАНБАЕВА.