Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай аталмыш сала қызметкерлері марапатталып, оларға құрмет көрсетілді. Салтанатты шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

 

Асайын Байханов мәдениет қызметкерлерін мерекемен құттықтап, бірқатар қызметкерге медальдар мен Құрмет грамоталарын табыс етті.

– Құрметті мәдениет қызметкерлері, өнер қайраткерлері, ардагерлер! Ертіс өңірі Жаяу Мұса, Естай Беркімбаев, Шәкен Айманов сияқты танымал тұлғаларды мақтан тұтады. Сіздерге Отанымыздың игілігі жолындағы жемісті жұмыстарыңыз үшін зор алғыс айтамын, – деді аймақ басшысы. Мұражайлар, мұрағаттар, кітапханалар, мәдени-демалыс орталықтары, аудандық, ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың қызметкерлері, театрлар мен концерттік ұйымдардың әртістері мен қызметкерлері өзара пікір алмасып, мәдени тақырыптарда пікір өрбітті. А.Чехов атындағы драма театрының әртісі Татьяна Головатенконың пікірінше, өнер адам бойына ақыл, мейірім қасиеттерін дарытып, жан дүниесін жарқырата түседі.

– Сахна – ол айна. Сенің ішкі жан дүниеңді, рухани болмысыңды көрерменге көрсетіп тұрады. Театр табалдырығын аттай сала дайындық бөлмесіне емес, сахнаны көруге асығамыз. Бұл біздің қалыптасқан дәстүріміз, міндетті әдетіміз десем де болады. Кейін жақсы ойнауды бұйырсын деп тілек етеміз. Себебі, біз үшін сахнаның рөлі, орны бөлек, – дейді ол. «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалімен мүсінші Баян Қайнышева, «Мәдениет саласының үздігі»
төсбелгісімен Иса Байзақов атындағы облыстық филар-монияның әртісі Әсия Бекболатова, А.Чехов атындағы драма театрының актрисасы Татьяна Кияшко, «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының «Жас қанат» эстрадалық-вокалдық студиясының жетекшісі Айгүл Қалтаева және Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актері Медет Садығазин марапатталды. Шара мерекелік концертпен жалғасты.

Өз тілшіміз.

Суретті түсірген – Валерий Бугаев.