Өткен ғасырдың елуінші жылдары құрылып, бүгінгі күнге дейін еліміздің мәдени-әлеуметтік дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан өңіріміздің бірегей өнер-білім ордасы — Павлодар музыкалық кешені. Кешен деп аты айтып тұрғандай, бұл оқу орнының құрамына дарынды балаларға арналған мектеп-интернат, колледж, балалар музыкалық мектебі және Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілов вокалдық мектебі кіреді.
Жуырда Естай атындағы мәдениет сарайында музыкалық колледждің 65 жылдығы және дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернатының 20 жылдық мерейтойына орай гала-концерт өтті. Гала-концерт бірнеше бөлімнен тұрды. Мәселен, концерттік бағдарлама барысында халық аспаптарының көмегімен классикалық әуендер орындалып, үрлемелі — ұрмалы аспаптар арқылы джаз бағытындағы әндер шырқалды. Сондай-ақ, эстрадалық-симфония мен хорлар, ұлттық фольклор және вокалдық шығармалар тыңдармандарға жоғары көңіл — күй сыйлады.
— Кешегі мен бүгінгі күнді байланыстырушы, ғасырлар тоғысында өзіндік мазмұнды ғұмыр кешіп жатқан бұл алтын ұя, асыл мекен 3000-нан астам түлекке қанат бітіріп, өнер деген ғажайып әлемге жолдама берді. Тарихын кеңес заманынан бастап егемен елімізбен бірге еркін жасап келе жатқан қара шаңырақ тағы да бір жасқа есейді. Осы жасқа жеткенге дейін де ерен табыстарымызбен ерекшеленетін еңселі ордаға айналып үлгердік. Атаулы мерейтойлық гала-концертіміз сүбелі жетістіктерімізді паш еткен кеш болды, — дейді «Музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің директоры Серік Сыздықов.
Концерттік бағдарламада кешеннің барлық шығармашылық ірі ұжымы өнер көрсетті. Оның ішінде 200 адамдық хор ұжымы, жаңадан құрылған эстрадалық-симфониялық оркестр, қазақ және орыс халық аспаптары оркестрі, джаз және үрлемелі аспаптар оркестрлері, камералық және фольклорлық ансамбльдер, сол сияқты жеке орындаушылар өз өнерлерін ортаға салды.
Арнайы осы мерекеге әйгілі жерлесіміз Иса Байзақовтың «Желдірме» әнінің тақырыбына жазылған фантазия шығарманы жаңадан құрылған студенттік эстрадалық-симфониялық оркестрі орындады. Шығарманың авторы — аталған кешеннің білікті ұстазы, композитор Максим Хлебов. Жаңа ұжымның жетекшісі әрі жас дирижері Диана Мұқатова да алғашқы рет концертте өнер көрсетті. Сонымен қатар, елімізге және өңірімізге танымал белгілі мәдениет саласының қайраткерлері Виктор Денисенко, Талғат Кәрімов, Владимир Шлегель, Виктор Шейкин, Мадина Нұрғожинова, Яна Касьян, Гулнафис Макишбаева, Дамир Сұлтанов, Марго Колаян, Сәуле Мүсіпова, Жасқайрат Орынбаев, Мәди Ботагөзовтар қатарында жас маман, музыканттар Мәди Тулев, Әліжан Қазбеков, Сара Садығұлова, Айбар Әшкеев, Алмас Мұқатай, Мейірман Байбосынов, Жансая Қабышева, Ұғыбайдолла Мүфтән, Әнел Шевчук секілді жас ұстаздар сахна төрінен көрінді. Концерттік бағдарламаға енген барлық шығарма студенттік музыкалық ұжымдардың орындауында және жеке солистер республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаттары: Жасұлан Төрегелді, Дильназ Жанкушкова, Әмина Ғабдуллина, Қаршыға Аружан, Шұғыла Сейтахмет, Махамбет Рамазан, Даяна Қабидолла, Александра Тарасенко, Әділ Әленов сияқты жас өнерпаздардың қатысумен шырқалды.
Гала-концерт кешеннің гимніне айналған Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Мадина Нұрғожинованың авторлық шығармасы «Мекенім» әнімен аяқталды.
Айдана БОРАНБАЕВА. Суреттерді түсірген – Әділхан Ахтамберов.