Ertis Promenade сахнасында «HALYQ RADIOSY»-ның 85 жылдығына орай ұйымдастырылған «HALYQ DAUYSY» халықаралық музыкалық фестивалі өз мәресіне жетті. Ертіс жағасындағы музыкалық кешті тамашалауға жиналған қала тұрғындары мен қонақтарының қарасы көп болды.

Кештің шымылдығын музыкалық фестивальдің 4 финалисі ашты. Әрқайсысы байқауда жеңіске жетелеген әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы, «HALYQ DAUYSY» байқауында 120-дан астам қатысушы бақ сынаған болатын. Олардың қатарынан 22 қатысушы алғашқы сыннан сүрінбей, финалист атанды.

— Қазақтың тарихы радио арқылы әлемге танылған. Дәстүрлі күйін, әсем әуенін шартарапқа таратып келеді. «HALYQ DAUYSY» — бір ғана музыкалық фестиваль емес. Бұл — қазақ елінің алғаш рет радио келген кезде бүкіл әлемге өзіміздің дінімізді, тілімізді, тарихымызды, өнерімізді көрсеткен платформа. Бұл — әлемдік дүние, біз үшін үлкен бақыт. 85 жылдың ішінде қанша философия, поэзия, өнер «HALYQ RADIOSY» арқылы өткізілді. Түрлі сарында бағдарламалар өтіп келеді. «HALYQ DAUYSY» жобасы – әлемдік фестиваль. Өйткені әр мемлекет өзінің тілі мен құндылығын көрсетеді. Біз радио арқылы елімізді танытып жатырмыз. Рух деген — осы. Байқауды бағалау барысында қатысушының дауыс диапазонына, орындаушылық қасиеттеріне назар аудардық, — дейді байқаудың қазылар алқасының төрағасы, опералық әнші, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шахимардан Әбілов.

Қазылар алқасының шешімімен 16 жасқа дейінгі қатысушылар арасында озық өнерімен ерекшеленген павлодарлық Медина Күмісбек «HALYQ RADIOSY» ұсынған арнайы сыйлық пен 500 000 теңгелік сыйақыға ие болды. 16 жастан жоғары үміткерлер арасында жерлесіміз Дания Қабидоллаға дәл осындай жүлде табысталып, сый-сыяпат жасалды. 16 жасқа дейінгі үміткерлер қатарында Алматы қаласынан келген Мағжан Өмірбековтің таланты жоғары бағаланып, «HALYQ DAUYSY» аталымына лайық деп таңдалды. Жеңімпазға 1 млн теңге табыс етілді. 16 жастан асқан қатысушылардың арасынан Өскемен қаласының тұрғыны Қарақат Ғабдуллина топ жарды. Ол да 1 млн теңгенің иегері атанды.

— Өзімді бақытты адамның бірі сезініп тұрмын. Фестивальдің алғашқы кезеңдерінен өтіп, гала-концертте өнер көрсетіп, финалға жетемін деп ойламадым. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз. Байқаудың іріктеу кезеңінде «Құстар» әнін айттым. Менің Қанат Жамауов есімді әнші ағам дәл осы әнді іріктеуде айтуыма себепкер болған  еді. Өкінішке қарай, желтоқсан айында дүниеден өтті. Маған әнді бір деммен айтып шығу қиынға соқты. Десе де, бар күш-жігерімді жинап, өзімді қолға алдым. 14 жасымнан бастап вокалмен айналыса бастадым. Ertis Promenade — менің бірінші шыққан үлкен сахнам. Фестивальдің шешуші кезеңінде Александр Зацепиннің «Вальс о весне» туындысын орындадым. Көктем — менің сүйікті мезгілім. Осы жылы мен мектебімді бітіріп, сайыста жеңіске жеттім. Осы әннің маған сәттілік әкелетініне   көзім жетті. «HALYQ DAUYSY» музыкалық фестиваліне қатысуыма себепкер болған анама алғыс айтамын. Алдағы уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түскім келеді, — деді «HALYQ DAUYSY» халықаралық музыкалық фестивалінің жеңім-пазы Қарақат Ғабдуллина.

Әуезді ән мен биге толы кеште жергілікті өнерпаздармен қатар отандық эстрада өкілдері — Мирас Жүгінісов, Yenlik белгілі әндерін жиналған жұртшылықпен бірге шырқап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал белгілі шоумен Данияр Жұмаділов кеш тізгінін ұстап, шараның көркін қыздырды. Фестиваль соңында «HALYQ RADIOSY»-ның әнұраны орындалды.

 

Аяулым ДУМАНҚЫЗЫ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.