Биыл атақты қазақ ақыны, композитор, палуан, жерлесіміз Иманжүсіп Құтпанұлының туғанына – 160 жыл. Заманында «елім» деп күресіп өткен ұлт қайраткері өз кезеңінде қудалауға ұшырады. Кеңестік кезеңде есімін атауға тыйым салынған қоғам қайраткерінің аты Тәуелсіздіктен кейін  қайта аталып, жаңғыртылды. Бүгінде халық батырының 160 жылдық мерейтойын өзінің туған жерінде мерекелеу басталып кетті.

Қазақтың халық композиторы, әнші, ақын, палуан Иманжүсіп Кұтпанұлы 1863 жылы қазіргі Ақсу ауданында дүниеге келген. Бірақ балалық шағы Ақмола облысы, Жібек жолы ауылында өтіп, сонда жарты ғасыр ғұмыр сүрген. Осы ауылдағы отбасылық зиратта Иманжүсіптің ата-аналары, ағалары мен әпкесі және тағы да басқа туыстары жерленген. Иманжүсіптің әрдайым алда болуға деген құлшынысы кеңдігі мен дарқандығынан туса керек. Оның бұл қасиеттері туралы өмірбаянынан да аңғаруға болады. Атасы жайында немересі Раушан Иманжүсіп былайша еске алады.

– Жиырмасыншы жылдардың аяғында жұттың болғаны барша-мызға аян. Атамды ашығып жатқан халыққа көмектесу мақсатында делегация басшылығы ретінде Ақмола қаласына жібереді. Ол мұнда бай-қуатты азаматтармен кездесіп, ауылдастарының жайынан хабар беріп, ауылын нанмен қамтамасыз еткен жайы бар. Ауылына жеткенше жол-жөнекей ашығып жатқан жұртқа нанымен бөлісіп келеді, – деді Р.Иманжүсіп. Иманжүсіп жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар боп, сал-серілер дәстүрін ұстап, саятшылдық құрып, балуан атанды. Ол, сондай-ақ суырып салма ақын болған. Өмірден көрген, білгендерін әнге қосып айтқан. Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жарылғапберді, Балуан Шолақ, Мәди әндерін тамылжыта шырқаған. Ал Жаяу Мұса, Иманжүсіппен талай рет жүздесіп, ақыл-кеңес беріп, оған өлең де арнаған. Ақын Ертіс бойында талай рет қуғынға ұшырап, Ақмолаға келеді. Мұнда да әкімдердің зорлық-зомбылығына, әділетсіздігіне шыдамай оларға шығарған өткір өлеңдерін айтады. Одан да қуғынға түсіп, 1905-1912 жылдары Өскеменге, 1914 жылы Жетісу жеріне айдалады. Шұбараған, Ойжайлау, Лепсіде тұрады. Өмірінің қалған уақытын Сарыарқада өткізеді. Ол әрқашанда қазақтың қара-пайым шаруаларының бостандығы мен елінің гүлденуі туралы ойлаған. Ақын «…мен халық үшін ән салып, өлең жазамын» дейтін. Сол себептен де ол халық арасына кең таралған «Ерейментау», «Сарыарқа», «Сарымойын», «Бұғылы-Тағылы», «Сарыбел» әндерін шығарған А.В.Затаевичтің «Мың қазақ әні» деген танымал жинағына «Иманжүсіптің әні» деген атаумен тағы төрт ән кірген. Александр Затаевичтің еңбегі Иманжүсіптің әндеріне қайта өмір сыйлады. Зерттеуші Иманжүсіп Құтпанұлы жайында замандастарының «Палуан батыр» деген атағын жария етуіне себепкер болды. Иманжүсіптің жастайынан поэзия мен халық ауыз әдебие-тіне деген қызығушылығы басым болды. Ол Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырайдың шығармаларымен өте жақсы таныс болып, Жарылғапберді, Естай, Жаяу Мұса сияқты ақындармен етене жақын қарым-қатынаста болған. Жаяу Мұса Иманжүсіптің суырып салма ақын болуына көп септігін тигізді. Иманжүсіп дәстүрлі халық ақындарының ізімен жүрді. Ол өз әндерінде өрелі азаматтығымен билеуші-лердің халықты қанаушыларға айналғанын әшкерелеп отырған. Оның шығармашылығы мен өмірі бір-бірінен ажырамастай астасып жатты. Иманжүсіп қазақ халқына жұт төнген қасіретті заманның өкілі болды. Бірбеткейлігі мен шыншылдығын ұнатпағандар оған қарсы әрекеттер жасай бастады. Жалған жала жауып абақтыға қаматады. 1895 жылы Иманжүсіп болыстық билікке сайлауға қатысады. Ақынның жеңіп шығуына мүмкіндік мол еді. Себебі, ол халқына жақын болды. Алайда, жасы толмаған деген себептермен кандидатурасын (сайлауға 35 жастан жоғары азаматтар қатыса алатын) алып тастайды. Ал сайлауда жеңіске жеткен үміткер қарсыласы оған қарсы неше түрлі жалған айыптар тағып, бірнеше мәрте жоғары жаққа арыз жеткізіп отырған. Бұнысы бекер болмаған, себебі, жаңа сайланған болыс Иманжүсіптен өз бәсекелесін байқайды. Ақыр соңында болыс өз дегеніне төрт жылдан кейін жетті. 1899 жылы тұтқындатып, Иманжүсіп Құтпанұлын Семей облысы аумағына жөнелтеді. Кеңес үкіметін Иманжүсіп қазақ халқына бостандық пен тәуелсіздік, ұлт теңдігін сыйлайды деген үмітпен қарсы алды. Бірақ, Жамбыл облысында тұрған кезінде кеңес өкіметінен мүлік тәркілеу кезіндегі бай-манаптармен қоса, қара халықтың да азап шеккенін көргенде үміті су сепкендей басылды. Кеңес өкіметінде орын алған әділетсіз реформаға қарсы шығуға халықты бастаған алғашқылардың бірі болды. Мойынқұм өңірінде болған бүлікке екі мыңнан астам адам қатысады. Алайда, көтеріліс Кеңес өкіметі тарапынан күштеп басылды. Иманжүсіп қайтадан абақтыға қамалды. Иманжүсіп Құтпанұлы Әулиеата жерінде атылды. Ақынның немересінің айтуынша, Иманжүсіптің шығармашылық мұрасының халқымен қайта қауышуына С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, А.Жұбанов, Ә.Кекілбаев, Е.Рахмадиев, К.Салықов сынды белгілі ғылым мен өнер, әдебиет қайраткерлерінің көп еңбегі сіңді. «Иманжүсіп туралы естелік үшін біз осы жандарға қарыздармыз» дейді Раушан Иманжүсіп. Иманжүсіп Жаяу Мұса, Мәди сияқты әділет, теңдікті жырлаған күрескер әнші. «Сармойын», «Бұғылы мен Тағылы», «Ішім өлген, дүние-ай, кұр сыртым сау», «Әкем Құтпан болғанда, ағам Шоңай», «Қысырақтың үйірі жирен ала», «Мен қалайша жалғыздықта тұрақтайын», т.б. әндері әр әншінің азаматтығын танытады. Оның әндерін А.Затаевич, Қ.Байжанов, Қанабек Байсейітов, Иса Байзақовтар нотаға түсірткен. «Сармойын» әні Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында (Беке-жанның ариясы) пайдаланылады. Әндерін Қ.Байбосынов, Ж.Кәрменов, т.б. әншілер орындайды. Иманжүсіптің әндері мен өлеңдері ел аузында сақталған. Иманжүсіптің аты Астана қала-сында бір көшеге, Қызылорда облысының аудан орталығына, Оңтүстік Қазақстан облысының Шілік ауылының, Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Александровка ауылының мектебіне, Павлодар облысы Ақсу қаласын-дағы спорт сарайына берілді. Раушан Иманжүсіп ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге бар саналы өмірін арнап келеді. Ғалым атасының шығармашылық мұрасына арнаған 200-ден аса мақала, 30-ға жуық кітап шығарды, Иманжүсіптің мәдени тарихи портреті тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Республикалық радиода көптеген телефильм мен телебағдарламалар жасалды. Иманжүсіп атамыздың немересі, философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Иманжүсіп әлі де зерттелмеген шығармалары бар екенін айтады.

– Соңғы жылдары Иманжүсіптің жаңа әндері де табылып отыр. «Сейфүл-мәлік», «Сарыарқа» (4 нұсқасы), «Сарыбел», «Ерейментау» (2 нұсқасы), «Болған жастан» (2 нұсқасы), т.б. әндері әр жылдарғы фольклорлық экспедициялар кезінде жазылып алынған. «Сармойын» әні Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсында (Бекежан ариясы) пайдаланылды. 2001 жылы жарық көрген «Иманжүсіп» атты кітапқа Иманжүсіп әндері толық енген, – деді Р.Иманжүсіп. Жуырда халық әншісінің рухына арналған шаралардың шымылдығы туған жері Ақсу қаласында ашылды. Онда «Жыр керуені» республикалық дәстүрлі орындаушылар фестивалі ұйымдастырылды. Шараға еліміздің 10 облысынан өнерсүйер қауым қатысты. Фестиваль басталар алдында Иманжүсіп Құтпанұлының өмірінен сыр шертетін кітаптары, портреттері мен еңбектерінен тұратын көрме қойылды. Ал «Ойпырмай» театрының әртістері даңқты халық әншісі туралы шағын театрландырылған қойылым көрсетті. Сондай-ақ, еліміздің әр өңірінен келген жас орындаушылар әлемдік сахнада дәстүрлі қазақ музыкалық шығармашылығын насихаттады. Ақсу қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Дулат Молдагелдинов биыл Ақсуда белгілі композитордың 160 жылдығына арналған бірқатар мерекелік іс-шара жоспарланғанын айтып, өткізіліп келе жатқанын атап өтті. Жаз мезгілінде Иманжүсіп Құтпанұлының туған ауылында ауқымды шаралар өтеді.

Иманжүсіп Құтпанұлы –  қазақ халқының бостандық алуына өзіндік үлесін қосқан азамат. Оның  қалдырған мұрасы да жетерлік. Тек оны әлі де зерттей түсу қажет. Иманжүсіп Құтпанұлына қатысты мәселені толығымен зерттеп, келер ұрпаққа насихаттау жас буынның парызы деп ойлаймыз.

Айдана БоранбаеВА.