Қабілетімді ұштаймын, өнерімді өрге бастырамын деп талпынған әр баланың жүрегіне жол тауып, талант отын жандыруға мүмкіндік жасап келе жатқан орталықтың бірі – Павлодар аудандық білім бөліміне қарасты Балалар өнер мектебі.

Білім ордасы балалардың бейімін айқындауға, қарым-қабілетіне қарай белгілі бір өнерге бағыттауға кәсіби тұрғыда өзін-өзі анықтауына, мектепте алған білімін қоғам игілігі үшін жүзеге асыруына маңыз береді. «Міне, біздің осы бағыттағы іс-қимылымыздың түпкілікті міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеу мен оқыту», – дейді мектеп директоры Самал Әміржанқызы. Биыл Павлодар ауданы Балалар өнер мектебінің ашылғанына 20 жыл толып отыр. Кемеңгер ауылында орын тепкен оқу ордасы осы уақыт аралығында өңіріміздің, еліміздің сан салалы өнер бағыттарында жемісті еңбек етіп жүрген шәкірттер шоғырын тәрбиелеп шығарды. Өнер мектебі өзінің оқыту және тәрбиелеу жұмысын әр оқу жылында жаңаша мазмұнмен байытып, жаңа мүмкіндіктерге құлаш ұрып, талапты балаларға көрсетілетін қызметтің ауқымын да кеңейте түсуде. Әр жаңа оқу жылында осы ордада бойдағы талант ұшқынын дамытуға бейілді балалардың қатары да толығып отырғанын білдік. Баласының мектептегі күнделікті сабақтардан тыс уақытын ұтымды һәм тиімді пайдалануға маңыз беріп, Кемеңгердегі білім мен өнер ордасының қызметіне жүгінетін ата-аналардың таңдауы мен сұранысына да құрметпен қарайды мұндағылар. Қосымша білімденудің ұлттық құндылықтар негізіндегі қызметінің мақсат-міндеттерінің маңызы неде десек, ол – шәкірттерді Отанға, оның тарихы мен тіліне, дәстүрі мен салтына, рухани қазына-байлығына, әдебиеті мен мәдениетіне, өнердің сан алуан тармақтарына жетелей отырып, нағыз патриот, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған тұлға етіп қалыптастыру. Осы мақсат-міндеттер өнер мектебінде музыкалық, сәндік-қолданбалы, көркем-эстетикалық, көркем бейнелеу, әлеуметтік-педагогикалық және тағы басқадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Мектепте ұлттық аспаптар мен дәстүрлі өнер – домбыра, қобыз, шаңқобыз, дәстүрлі әншілік өнер, вокал, фортепиано, үрмелі аспаптар, көркем ою, оригами, икэбана, сәндік-қолданбалы өнердің қазіргі заманғы түрі мен әдістері, хореография, театр, көркем бейнелеу секілді көптеген тармақтар оқытылып, үйретіледі. Қазіргі уақытта аталған бағыттар бойынша балалармен жұмыс жүргізетін мамандардың сапалық деңгейге ие мықты құрамын жасақтауға күш салынуда. Өнерге баулудың әдістемесін жетік меңгерген кәсіби мамандардың жұмысы үлкен сұранысқа ие болып отыр. Соған орай мектепте балаларға қызмет көрсететін мамандардың қатарын тәжірибелі және есімдері өңірге ғана емес, республикаға танымал тұлғалармен толықтыру да көзделген. Мұның өзі Павлодар ауданы мектептеріндегі шәкірттер үшін өз талабы мен талантын ұштап, дамытуға байланысты сапалы қызмет алу жолында сенімділік ұялатады. Талантсыз адам тумайды. Қабілетсіз шәкірт болмайды. Маңыздысы сол – бойдағы талантты, қабілетті ашып, талапты дамытуға түрткі болу, бағыт беру. Ашылғалы жиырма жыл болған бұл мектептің табыстары да ауыз толтырып айтарлықтай. Павлодар ауданына қарасты білім ордаларының оқушылары осы өнер мектебінде қабілет-дарынын одан әрі дамыта отырып, аудан, облыс, республика төңірегіндегі және халықаралық деңгейдегі барлық сайыстарға белсене қатысып, жоғары жетістіктерге жетуде. Мұндағы балалардың технологияға маңыз беріп, түрлі құрас-тырушылық ынтасын арттыру мақсатында «Лего-құрастыру», «Робототехника» үйірмелері де жолға қойылған. Бойдағы таланттың дамуына түрткі болуды көздейтін өнер мектебі жанындағы осы үйірмелерді балалар ерекше жақсы көретінін аңғардық. Тәмамдалуға таяу осы оқу жылында Павлодар ауданы Балалар өнер мектебінің өрендері деңгейі биік талай байқауда топ жарып, Ертістің Павлодар өңірінің абыройын асқақтатты. Мысалы, «Daryndy bala – 2022» аталатын республикалық вокал және хореография байқауында Павлодар аудандық Балалар өнер мектебінің шәкірттері үздік танылып, қазылар алқасының жоғары бағасына, көрермен қауымның сүйіспеншілігіне бөленді. Айсана Қадырбай «Вокал» аталымында байқаудың Гран-приін жеңіп алып, арнайы дипломмен, алтын медальмен және статуэткамен марапатталды. Сонымен қатар Адель Калеева мен Аружан Мағауия осы байқаудың «Вокал» аталымында озық шығып, лауреат атанып, I дәрежелі дипломға ие болды. Байқау шарты бойынша Айсана, Адель, Аружан сахнада жанды дауыста ән шырқап, көпшілікті тәнті етті. Бұл ретте Павлодар ауданы Балалар өнер мектебі жанындағы «Вокал» сыныбының жетекшісі Петлица Алтын Маратқызына шәкірттер де, ата-аналар да айрықша риза. Өткен жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалары конкурсының облыстық кезеңінде Павлодар ауданы Балалар өнер мектебі жанындағы «Робототехника» үйір-месінің шәкірті Архат Нурушев жүлделі III орынға ие болды. Достық ауылы мектебінің 8-сыныбында білім алатын Архат конкурсқа өзінің «Робототехника негіздері» жобалық жұмысын ұсынды. Қазылар алқасы оның жобасын озықтар-
дың қатарынан таныды. Биылғы оқу жылында ғана ашылған үйірменің жетекшісі, білікті маман Айбек Камильге зор сенім артылған. Былтырғы жылдың соңында елімізде алғаш рет «Universal Stars Music Festival» атты Халықаралық вокалды-аспапты конкурс ұйым-дастырылды. «ASTSNA STARS» Халықаралық фестиваль қозғалысы ұйымдастырған бәсі биік бұл шараға Астана қаласы Мәдениет басқармасы қолдау көрсетті. АҚШ пен Қазақстан мемлекеттері бірлесіп жолға қойған осы конкурсқа Ертістің Павлодар өңірінің намысын қорғап, жас талант Мәдина Ғапур да қатысты. Павлодар ауданы Балалар өнер мектебіндегі «Домбыра» сыныбының шәкірті Мәдина осы конкурста ерекше өнерімен көпшілікті тәнті етті. Ол 11-13 жас аралығындағы қатысушылардың тобында үздік шығып, Гран-Приді иеленді. Павлодар ауданы Балалар өнер мектебі жанындағы «Домбыра» сыныбының жас таланттары Искакова Аружан, Бидаева Бақытнұр, Иманбаева Азалина, Нұрболат Мансұр, Тыржикаева Айдана, Урспаева Камила Қарағанды қаласында өткен «Musik art festival» атты VI халықаралық балалар, жасөспірімдер және жастар өнер фестиваліне қатысып, Гран-При иегерлері аттанды. Өнерпаздардың жетекшісі, Павлодар ауданы Балалар өнер мектебінің ұстазы Таймасов Қуат Қабиденұлына ұжымның алғысы шексіз. Жақында Павлодар ауданы Балалар өнер мектебі өзінің 20 жылдығына және оқу жылының аяқталуына орай есептік концерт-кешін өткізді. Сөйтіп білім ордасы өз қызметінің жиырма жылындағы ауқымын, шәкірттердің дарынын ұштаудағы мамандардың еңбегін жұртшылыққа паш етті. Шараға арнайы келген Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко осы мектептің мүмкіндіктерін одан әрі дамыту мәселесін сөз етіп, ұжымға табыс тіледі. Бұл күні Кемеңгер ауылындағы мәдениет үйінің сахнасында Балалар өнер мектебінің шәкірттері ғажап өнер көрсетті. Сондай-ақ, сәндік-қолданбалы, бейнелеу өнері туындыларының көрмесі де жұртшылық назарына ұсынылды. «Алдағы уақытта өнер мектебінің сапалы қызметін арттыруға, шәкірттер дарынын паш етуге барлық күшімізді саламыз. Бізді жаңа жобалар мен табысты белес-
тер күтіп тұр», деп түйіндейді сөзін мектеп басшысы С.Темірбекова.

Асыл ӘБІШЕВ.