Сұлтанмахмұт Торайғыров жайлы Семей өңірінде тұратын Ақсақалдар алқасының төрағасы, еңбек ардагері, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы Құдайберген Асылғазин ағамыздың хатын назарларыңызға ұсынғым келеді.

 

«Қатонқарағайдағы Қаратай елінің болысы Әбдікәрім Ережепұлы Шыңғыстай ауылында 1914 жылы 4 сыныптық  мектеп ашып, Сұлтанмахмұтты да мұғалімдікке апарды. Сұлтанмахмұт дәріс оқыған оқушылардың ішінде Әбдікәрім болыстың қызы Бағила да бар еді. Мұғалімнің сол қызға ғашық болуы оның ол жерден кетуіне себеп болды. Кейін Шыңғыстайдан Зайсан қаласына келіп, білімге құштар бала болса оқытпақ болды. Келер жолда оған талай жортуылды көрген, жер жағдайын жақсы білетін Мажыра Қалдыбайұлы деген адам бағыт-бағдар көрсетеді. Сұлтанмахмұттың оқытуға бала іздеп Зайсан қаласына келгенін естіп, Құрбанқажы адам жіберіп Сұлтанмахмұтты алғызады. Құрбанқажы 1884 жылы Терісайрық болыстығының Құйған деген жерінде мешіт салдырып, жанынан дін оқуын оқытатын медресе ашқан адам болды. Ол мекеме 1917 жылға дейін жұмыс істеді. Онда Ешмұхаммед молдадан балалар сауатын ашып, бір қатары молда болып елге қызмет етті. Құрбанқажы ақсақал сол кезде заман ағымына қарай, енді жастарды орыс оқуын оқытпаса болмайтынын түсініп, болыстықтың ғимараты орналасқан Прамила деген жерден мектеп үйін, қосымша бірнеше үй салғызып, маңайын тас дуалмен қоршатып, ішіне әртүрлі тал еккізіп тастайды. Онда Зайсан қаласындағы уезд бастығының болысқа жіберген қатынас қағаздарын орысшадан қазақшаға аударатын, болыстық қағаздарын Зайсанға жіберіп отыратын қартаң татар болыпты. Ол, әрине, ояздың қазақ арасындағы көз бен құлағы да болды. Орыстар ол жерді, болыстың конторы тұрғандықтан Правление (Басқарма) деп атапты. Біздікілер өздеріне ыңғайлап Прамила деп атаған. Қазір де солай аталады. Сұлтанмахмұт мұғалім боп барған соң, денсаулығының жағдайын біліп, 4-5 бие байлатып, оның үзбей қымыз ішіп тұруына мүмкіндік жасайды. Мектепке 18-20-дай бала жинап беріп, жас ұстаздың өз еңбегін тауып, бала оқытуына жағдай жасайды. Еңбекақысын уақытында беріп отырады. Ол кезде Құрбанқажы қажылыққа барып кеп, болыстықты үлкен ұлы Қыдырмолдаға берген кезі. Қажы Сұлтанмахмұтқа сол өңірде болған белгілі оқиғаларды айтып, үнемі әңгімелесіп отырады. Тарбағатай тауының Қытайға қараған күнгейіне дейін ертіп барып, көпті көрген ел ақсақалдарының жиынына қатыстырып, әңгіме тыңдатады. Соның бірі – Сұлтанмахмұт жазған «Жазықсыз тамған қан» деген әңгімесі. Сондай-ақ, қаламгердің аяқталмай қалған «Сақып пен Жантұрсын» әңгімесі де сол кітапқа енген. Жазушының 1916 жылы Томск қаласынан жазған «Тарбағатайға хат» деген мақаласы да аталған еңбектің 218-219-беттерінде басылып шықты. Онда Тарбағатай өңірінде 1910 жылы болған Сайболат руы мен Тәуке рулары арасындағы жер дауына байланысты болған жанжал кезінде Тәуке жағынан Танау деген адам қайтыс болып, аяғы құн төлеуге дейін барды. Осы оқиғаны Сұлтанмахмұт баяндап, 1914 жылы «Кісі өлімі» деген атпен Троицкіде шығатын «Қазақ» газетіне бастырды. Тарбағатайға жаз шыға келіп, күзге қарсы еңбегін алып, қайтып кетіп отырды. Қыстай Троицк, Томск қалаларына барып, орысша оқуын жалғастырып, баспаларында жұмыс істеп, өзінің әңгімелерін, мақалаларын да жариялады. Оны ақынның «Сарыарқаның жаңбыры» деген 2 кітабынан көруге болады. Сұлтанмахмұт осы 3 жылда 18-дей бала оқытты. Білікті ұстаздан сауатын ашып, Семей қаласында болашақ мұғалімдерді даярлайтын курстардан білімін жетілдірген Смағзам Шомбин, Әбдірахман Егінбаев, Кәрмен Сәтбаев, Сақы Садықбаев секілді білім саласының майталмандары зейнеттік жасқа дейін осы салада 35-45 жыл еңбек етті. Мәселен, ұстаздық жолда көп жыл еңбек еткен Смағзам Шомбин 1953 жылы аудан ішінде бірінші болып «Ленин» орденімен наградталды. Сұлтанмахмұттың тағы бір шәкірті Мырзағұмар Мәсалимов ақсақал зейнетке шыққанша ауданның қаржы бөлімінде басшылық етті. Одан бері 54 жыл өтті. Осы жылдар аралығында бұл мектепте қаншама бала білім алды. Бір ғасырдан астам уақыт өтсе де қоғам қайраткерінің есімін Тарбағатай халқы ұмытқан жоқ», – деп жазады өз хатында Құдайберген Асылғазин. Құдайберген Асылғазин – көршілес Семей облысында жүрсе де, С.Торайғыровтың өмір жолын зерттеп, өзі білген деректерін халыққа ұсынып жүрген азаматтардың бірі. Біздің музейге ұсынған жәдігерлерінің арасында сол өңірдің аудандық газеттерінде Сұлтанмахмұт туралы жаңсақ жазылған мақалаларды зерделеп, өзінің дұрыс пікірін ұсынған жерлерін аңғарамыз. Мысалы, бір автор Тарбағатай аудандық газетінде 2018 жылы «Сұлтанмахмұт қайда жерленген?» деген атаумен жазған мақаласында ақын Ақсуат ауданы Қарғыба бойында жерленген деп жазылған. Ол мақаланы Құдайберген ағамыз зерттей келе біздің музеймен және Торайғыр ауылы тұрғындарымен хабарласа келе Баянауыл ауданы Торайғыр жерінде жерленгенін дәлелдеді. Кейін сол жылы «Сұлтанмахмұттың аруағын тербете бермейік» атты мақаласында көптің талқысына түскен сауалдарға жауап берді. Сонымен қатар, Құдайберген ағамыз бен жоғарыда есімдері аталған шәкірттері 1961 жылы ашылған Қамысты бастауыш мектебіне Сұлтанмахмұттың атын беру туралы аудандық газетте мәселе көтерді. Облыс басшылығына, ол болмаған соң Білім министрлігіне, Қазақстан Республикасының орталық комитетіне шығып, 1968 жылы білім ордасына Сұлтанмахмұт Торайғыровтың аты берілгенін білдік. Олар ұстазының алдындағы шәкірттік парыздарын осылай орындады.     Биыл – жерлесіміз, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туғанына 130 жыл. Ақынның мерейтойын Торайғыр ауылында атап өту жоспарланып отыр.

Меңсұлу НҰРБАЕВА,

С.Торайғыров мемориалдық
музейінің басшысы.

Баянауыл ауданы.