Бүгінгі таңда Қазақстанда уақытша болуға рұқсаты бар шетелдіктер үшін кіру шарттары жақсартылды.

Егер бұрын уақытша тұруға құқығы бар (УТҚ) шетелдік азамат рұқсаттың қолданылу кезеңінде шекарадан өткен сайын тіркеу рәсімінен өтуі тиіс болса, қазір бұл норма алынып тасталады. Бірақ қабылдаушы тарап адам елге кірген сайын хабарлама жіберуі тиіс. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Ғомар Шабиденов соңғы төрт жылда Павлодар облысында заңсыз құжаттаудың 2 фактісі тіркелгенін мәлім етті. Бұл ретте, саусақ іздерінің болуы мұндай фактілердің алдын алуына үлкен мүмкіндік береді.

— 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары мен тұрақты тұратын шетелдіктерді дактилоскопиялық тіркеу енгізіледі. 12 жасқа дейінгі балалар бұл процедурадан босатылады. Дактилоскопиялау азаматтың құжаттарды дайындауға өтініш жасауына қарай жүргізілетін болады. Қазіргі уақытта Павлодар облысы қажетті жабдықтармен толық жабдықталған. Бүгінгі таңда 2 мыңға жуық азамат өз қалауы бойынша саусақ ізін қолдану арқылы құжатталған, — деді ол. Сонымен қатар, жиын барысында Ғомар Шабиденов шетелдіктердің Қазақстанда болу мерзімдерінің ережелерін айтып берді.

— Визасыз кіру көзделген 58 ел үшін 30 күнтізбелік күн тіркеусіз болуы мүмкін. Егер көшіп келушінің оған рұқсат етілген болу мерзімінен асып кетуі анықталса, онда оған «халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының 1-тармағы негізінде кіруден бас тартылады. Ал, тұруға ықтиярхат бойынша тұрақты тұруға рұқсаты бар адамдар, әдетте, кез келген хабарламадан босатылады. Бұл жерде ведомстволық нормативтік бұйрықтарға өзгерістер енгізілуіне байланысты шет мемлекеттерде алынған құжаттарды заңдастыру қабылданатынын атап өткім келеді, —
деді Ғ.Шабиденов.

А.МҰҚЫШЕВ.