Күллі әлем соңғы екі айға жуық уақыт Қазақстанға көз тікті. Әр аптаның бес күнін «Бишімбаевтың соты» деп аталып кеткен, қоғамда резонанс тудырған қылмыстық істің барысын бақылаумен болды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған, қыршын кеткен павлодарлық Салтанат Нүкенованың өлімі үшін қылмыскердің әділ жазасын алғанын көпшілік тілеумен болды. Осылайша, тікелей эфирде өткен сот процесін еліміз ғана емес, бүкіл әлем назарда ұстады.

 

Азаптаудың ақыры…

Оқиға орын алған кезге оралайық. 2023 жылдың 9 қараша күні «экс-министр Қуандық Бишімбаев жарын өлтірді» деген күдікпен қамауға алынғаны туралы хабар әлеуметтік желіде, ақпараттық айдында желдей есті. Араға екі күн салып, оқиға болған күні жанында болған Бішімбаевтың немере інісі Бақытжан Байжанов та ұсталды. Қ.Бишімбаев 8 қараша күні кешкілік жарымен бірге концертке барады. Бірақ, арада кикілжің туындап, екеуі Бишімбаев иелік ететін мейрамханаға келеді, ішімдік ішеді. Аманат етіп алған жары Салтанатты аяусыз соққының астына алып, түні бойы төмпештейді. Ақыры өлтіріп тынады…

Кезінде білдей бір министрлікті басқарғаны, бұған дейін жемқорлыққа байланысты он жылға бас бостандығынан айырылып, алайда оның жартысын да өтемей, рақымшылыққа ілігіп, босап шыққанын ескерген ел осы жолы да жеңіл жазамен құтылады деп күмәнмен қарады. Бұрынғы таныс-тамырын салып, тағы да арамызда тайраңдап жүреді деген болжам да айтыла бастады. Сот жабық әрі әділетсіз өтеді деген күдік қоюлана түсті. Содан Салтанат Нүкенованың жақындары орын алған оқиғаны қоғамға жария ету арқылы күш біріктіру қажеттігін түсінді. Ағалары ауыр соққылардан қарындастарының денесінің сау тамтығы қалмағанын, күйеуі асқан жауыздықпен өлтіргенін айтты. Қоғамдық резонанс тудырған қылмыстық іс жоғары жақтың тікелей бақылауына алынды.

 

Қандай айып тағылды?

Сөйтіп, төрт ай бойы тергеліп-тексерілген қылмыстық іс наурыз айының басында сотқа жіберілді. Соттың алдын ала тыңдауында күдікті Қуандық Бишімбаев соттың алқабилердің қатысуымен әрі жария түрде қаралуын қалайтынын білдірді. Сот Айжан Құлбаева бұл өтінішті қанағаттандырды. 10 негізгі және 2 қосалқы алқа би іріктеліп алынды. Осылайша, күллі әлем екі айға жуық уақыт тікелей эфир арқылы Қазақстандағы бір әйелдің тағдыры, өлімі, оның себептері мен салдары талқыланған сот процесін көрді. Әділдік орнауын тіледі.

Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова айыптау қорытындысын, оқиғаның хронологиясын, өмірден өткен күнге дейін де Салтанаттың жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын тізбектеп берді. Айтылған ақпарлардан қоғам жаға ұстасты. Көпшілік «өмір бойына бас бостандығынан айыру керек» деген пікірде болды. ҚР Қылмыстық кодексінің 110-бабының 2-бөлімінің 2-тармағы бойынша «Азаптау», 99-баптың 2-бөлімінің 5 тармағы бойынша «Аса қатыгездікпен кісі өлтіру» айыптары тағылды. Ал Бақытжан Байжановқа  Қылмыстық кодекстің 434-бабына сәйкес «Аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау» және 432-бап бойынша «Аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу» айыптары тағылды. Осы айыптарды дәлелдеу бойынша сот процесі бір жарым айға жалғасты. Қоғам болып, сотта қаралған асқан қатыгездік, отбасындағы зорлық-зомбылық деректерінің бүге-шігесіне дейін, жәбірленуші тараптың, куәгерлердің көрген-білгенін, сот-медициналық сарапшылардың, мамандардың уәждерін тыңдадық. Прокурорлар, жәбірленуші, оның қорғаушылары қылмысты дәлелдеу үшін барлық күш-жігер, білім-біліктерін, тәжірибелерін ортаға салды. Сотталушыларға да заңға сәйкес өздерін қорғау құқығын қолдануына мүмкіндік берілді…

 

Кімді кінәлі етпеді…

Сотталушы Қ.Бишімбаев сот процесінің орта шеніне дейін Салтанаттың денесіндегі соққы-лардың біресе унитаздан, біресе, қабырғаға соғылғаннан пайда болғанын, өзі бірнеше рет қана шапалақтағанын дәлелдеумен әлек болды. Қайғылы оқиғаға Салтанаттың өзі жетелегеніне, оның өмірде адам танымастай өзгеріп шыға келетін жан екеніне көпшілікті, ең бастысы, өзі арқа сүйемек болған алқабилерді сендірмек болды.  Әйтеуір, кінәнің бәрін өзгеден іздеді. Яғни, абайсызда адам өлтіріп алғанын аңғармай қалған адамның кебін көрсетуге тырысты. Қорғаушылары да осы ұстаныммен біраз уақыт көпшіліктің ашуына тиді. Көзге көрініп тұрған жағдайлардың өзін бұрмалап, басқа қырынан көрсетуге күш салды. Бірақ, сотталушы Бишімбаев сот процесінің бірінде ұялы телефонының паролін беріп, ашуға рұқсат еткен сәтте осыған дейін қалап келген әлгі «қорғаны» тамырымен опырылып түсті. Ақталудың амалы таусылғандай күйін көрдік. Себебі, телефонында қылмыс жасалған түні Салтанатты соққыға алған сәттерін, асқан қатыгездікпен көрсеткен қорлығын өзі бейнежазбаға таспалап алыпты. Бұл әрекеттерін ол өзі де білмеген болар. Білсе, телефонын ашқызбас еді… Осылайша, істің де беті ашыла түсті… Дәлелдеудің де қажеті қалмағаны айқын аңғарылды…

 

Сот жазасы

Тергеуі төрт айға, соты екі айға созылған ауыр қылмыс бойынша ағымдағы аптада үкім шығарылды. Сот Айжан Құлбаева Қуандық Бишімбаевты ҚР ҚК 99-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы және 110-бабы, 2-бөлігі бойынша кінәлі деп үкім шығарды. Яғни, сот, алқабилер сотталушының екі бап бойынша да кінәсі дәлелденді деп тапты.

– 110-баптың 2-бөлігінің 1-тармағына сәйкес 7 жылға бас бостандығынан айырылсын, 99-баптың 2-бөлігінің 5-тармағы бойынша 20 жылға бас бостан-дығынан айырылсын. Барлығын қосқанда Бишімбаев 24 жылға бас бостандығынан айырылсын. Бишімбаевтың әрекеттерінде қауіпті рецидив бар деп танылуы тиіс. Бишімбаев жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі ең жоғары мекемесінде өтесін. 2023 жылғы 9 қарашадан бастап үкім заңды күшіне енгенге дейін қамауда болған уақыттағы әр күн енді өтейтін жазаның күніне теңестірілсін, – деді сот Айжан Құлбаева.

Ал сотталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Айта кету керек, оған бастапқыда тағылған екі айыптың бірі алынып тасталды. Сондықтан ол 432-бап «Аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу» бойынша кінәлі деп табылды. Ол төрт жылын орта қауіпсіздікті түзету мекемесінде өткізеді. Заң бойынша, сотталушылар 15 күн ішінде апелляцияға беруге құқылы екенін айта кеткен жөн.

Қоғам, жәбірленуші тарап қылмыскердің әділ жазасын алғанына қуанды. Абъюзерге аяушылық танытпаған сотқа, алқабилерге, айыптаушыларға көпшілік алғысын айтуда. Сондай-ақ, сол жазасын берілген мерзімге дейін өтеуін қадағалау қажет деген пікір білдіруде. Заңда бұл жағы да қарастырылған. Жәбірленуші тараптың заңгері Жанна Оразбахова соттан кейін БАҚ өкілдеріне бергін сұхбатында қылмыскер берілген мерзімнің үштен екі бөлігін өтеген соң ғана мерзімінен бұрын шартты босауға өтініш бере алады. Яғни, 16 жылдан кейін ғана мұндай мүмкіндік беріледі. Әлбетте, тәртібі дұрыс әрі түзу жолға беттегені байқалса ғана өтініш жаза алатын көрінеді. Ең бастысы, ол өтінішті қанағаттандыру үшін жәбірленуші тараптың міндетті түрде келісімі алынады. Салтанаттың туған ағасы, қайғылы күннен бері жалғыз бауыры – қарындасы үшін шырылдап, қылмыскерге әділ жаза кесу жолында аянбаған Айтбек Амангелді мұндай келісім ешқашан берілмейтінін кесіп айтты. Сондықтан Бишімбаевтың мерзімінен бұрын шартты босау мүмкіндігі жоқ десе де болады.

 

Тікелей эфирден не түйді?

Сот отырысы тікелей эфирден көрсетілгенін білесіздер. ҚР Жоғарғы сотының коммуникация бөлімінің мәліметінше, 27 наурыздан
13 мамыр аралығында 24 сот отырысынан 48 рет тікелей трансляция болған. Жалпы тікелей эфирдің уақыты 119 сағат 3 минут
35 секундты құрапты. Әлеуметтік желіде сот отырыстарын тікелей эфирде көрсеткен «TengriNews» ақпараттық агенттігінің ресми ак-
каунттарында қаралым 51 миллионнан асқан. Жоғарғы соттың YouTube-тағы аккаунтындағы қаралым 3,346 миллионды құраған. Трансляцияны көрген аудиторияның 63 пайы-зының жас шамасы – 25-тен 44 жас аралығында. Көрермендердің 80 пайызы – әйелдер.

Жалпы, бұл сот көп дүниенің бетін ашты. Бишімбаев «Болашақ»-пен шетелде білім алып, ел дамуына үлес қосуы тиіс деп үміт артқан кезіндегі «алтын жастар» қатарынан еді. Алайда, осы іс «тәрбиесіз берілген білім –
адамзаттың қас жауы» екенінің айқын айғағы. Жазадан қалтаның қалыңдығымен құтылып кете салудың кесірі қаншама адамның тағдырына таңба қалдыратынының белгісі.

Тағы бір айта кетерлігі, сот отырысының тікелей эфирде көрсетілуі біраз дүниеге көзіміз ашқандай. Көпшілік сот отырысының қалай өтетінін көрді. Прокурордың міндеті не, сот қалай шешім шығаратынын білді. Алқабилердің алатын орнын да көпшілігіміз түсінгендейміз. Яғни, біраз адам құқықтық сауатын арттырып алғаны анық.Сонымен қатар, еліміздің әлемдің аренада беделіне оң әсер етті. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданды. Енді кішігірім кикілжің туындаса, жұдырық ала жүгіретіндерді тыюға септігін тигізеді деп қоғам күтіп отыр. Бұл талай адамның тағдырын қорғауға жасалған үлкен қадам болмақ.

Түйін:

Кей адамдар «сот созылып, шоуға айналып кетті» деп кейігенін көрдік. Бірақ, әділ шешім шығару, адамның тағдырына араласу оңай ма? Иә, сот үкімі шықты. Қылмыскер жазасын алды. Сол ғана жаралы жүректерге демеу. Ең өкініштісі, Салтанатты аялап өсірген ата-анасы, еліктей еркелеткен ағасы, әулетінің бір гүлі деп мәпелеген ағайын-туысы қайтадан құшағына ала алмайды… Салтанаттың «ана болып, сәбиін әлдилеймін» деген арманы ешқашан орындалмайды…

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ