Аймағымызда алаяқтардың арбауына ұрынғандар қатары әлі де көп. Сақтық шаралары айтылғанымен, арампиғылдылар алдап-арбаудың жаңа айласын алып келуде. Жыл басынан бері алаяқтық деректері 45 пайызға өсіп, 596 іс қозғалған. Соның ішінде интернет алаяқтық 68 пайызға артқан.

Осылай деп дабыл қаққан құзырлы орган өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұрғындарды сақ болуға шақырды. Облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы Ғайни Қалыбековтің мәлімдеуінше, интернет алаяқтық қылмысын ашу оңайға соқпай тұр. Себебі, қаржының бірнеше шоттан өткеннен кейін соңына жету мүмкін болмай қалады. Сондай-ақ, көп жағдайда алаяқтар қолды қылған ақшаның 80 пайыздан астамы шет ел асып кетеді. Осылайша, алаяқтық ісін ашу 62,2 пайызды құрағанымен, интернет алаяқтарды анықтау небары 18,1 пайызды құрап отыр. Былтырғыдан да төмендеп отыр. Себебі, әккі қылмыскерлер заманауи тәсіл қолданып, ізін суытудың барлық амалын меңгеріп алған.

Бұдан бөлек, қаржы пирамидасына «инвестиция» салып, игілігін көрем дегендер де сан соғып жатқаны айтылды. Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Қабдуллин қазіргі таңда дәл осы қаржылық пирамидаға қатысты екі қылмыстық іс жүргізіліп жатқанын айтты. Біріншісі, «Qnet» компаниясының құрылымдық бөлімшесіне жетекшілік еткен Ж.Жұмаділова мен Г.Есентаеваға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталған. Олар 2018-2021 жылдар аралығында қыруар өсім уәде етіп, 40 салымшыны алдап соққан. Жәбірленушілер жалған компанияға 36 млн теңгеден астам ақша салған. Тағы бір іс «HAS» қаржылық пирамидасына қатысты бірнеше эпизодты қылмыстық істі тергеуді департамент аяқтауға жақындаған. А.Ахметова және бірқатар өзге тұлғаларға қатысты іс тергелуде. Мұнда 5 мыңнан астам салымшымен 18 мың шарт жасалыпты. Келтірілген шығын көлемі 7,5 млрд теңгеден асады. Бүгінде шығынның 3,7 млрд теңгесі қайтарылыпты. Салымшылардың жалпы сомасы 1,4 млрд теңге болатын мүлкі мен қаржысына сот тыйым салған.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Өңірлік өкілдер басқармасының бастығы Толқын Нұрмахин қаржы пирамидасының басты белгілерін баяндады. Яғни, жарнамасында жоғары технологиялы компания ретінде таныстырылып, нарықта жоқ кіріс көлемі уәде етіледі. Осыдан-ақ адам секем алуы керектігін ескертті. Алаяқтар көбінде мықты психологтар әрі IT-саласының білгірлері екенін алға тартты. Азаматтармен сенімді сөйлеп, соңынан ертуге бейім келеді. Сондықтан тұрғындарға әрдайым сақ болып, оңай олжаның болмайтынын жадыларынан шығармаса деген кеңес берілді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.