Ағымдағы жылдың 3 айында облыс аумағында 1788 шетелдік азамат уақытша тіркелді. Оның ішінде 156 азамат – алыс шетелдерден және 1632 азамат ТМД елдерінен келген.

Өңірлік көші-қон қызметі басқармасының басшысы кейбір шетелдік азаматтар елде болу ережелерін сақтай бермейтінін айтады. Мәселен, ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында олардың саны 500-ге жуықтапты.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Дәулет Ысқақов көші–қон бақылауын жүзеге асыру барысында елде болу ережелерін бұзғаны үшін 432 шетелдік анықталып, әкім-шілік жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7 пайызға артық.

– Соттарға әкімшілік құқық бұзушылық туралы 232 іс жіберілді. Оларды қарау нәтижелері бойынша соттар елден 37 шетелдікті шығару туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, еңбек қызметін заңсыз жүзеге асырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 5-бөлімінің 517-бабы бойынша 77 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктің келгені туралы тиісті органдарды хабардар етпегені үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 518-бабы бойынша 250 әкімшілік материал толтырылды, – деді Д.Ысқақов.

Сонымен қатар, басқарма басшысы Қазақстан Республикасында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз немесе жарамсыз құжаттармен тұрақты тұрғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабы бойынша 1359 Қазақстан азаматы және 51 шетелдік азамат әкімшілік жауап-кершілікке тартылғанын жеткізді.

– 2024 жылдың 3 айында облыстың 211 тұрғынына қатысты елден шығуға материалдар қаралып, рұқсат берілді. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыста тұрақты тұруға 363 шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар тіркелген, оның 174-інің ұлты – қазақ. Қазіргі уақытта облыста 9 005 шетелдік азамат тұрақты тұрады. Биыл Қазақстан Республикасының азаматтығына 291 шетел азаматы қабылданды, оның ішінде 274-інің ұлты – қазақ, – деді ол.

Айта кетейік, «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» Заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында уақытша, тұрақты тұруға рұқсат немесе виза алу үшін жүгінген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды міндетті түрде дактотіркеу көзделген. Есепті кезеңде 2933 шетелдік осы рәсімнен өтті.

 

А.МҰҚЫШЕВ.