Бұрнағы күні облыс орталығында Ішкі істер органдарының Құрметті ардагері, КСРО және ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, милиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбековті еске алуға арналған кеш өтті. Шараға ҚР Ішкі істер министрлігінің басшылығы, Павлодар облыстық полиция департаментінің жеке құрамы, ішкі істер органдарының ардагерлері, батырдың туған-туыстары қатысты.
«Достық үйінде» өткен салтанатты шарада алдымен жиналған қауымға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің ұсынысымен жарық көрген «Еліне адал азамат» кітабы сыйға тартылды. Онда 20 жылдан астам Қазақ КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары қызметін атқарған КСРО және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, полиция генерал-майоры Ахмет Тұмарбеков жайлы мағлұматтар топтастырылған. ҚР Ішкі істер органдарының және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсам-бековтің айтуынша, еліне адал еңбек етіп, соңынан жарқын із қалдырған бірегей тұлғалардың өмірбаяны жас мамандарға үлгі-өнеге болып, бағдат-бағдар береді.
– Ахмет Тұмарбеков «аңызға айналған милиционер» атағына ие болып, құқық қорғау органдарында жарқын із қалдырды. Ол 1923 жылы Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1942 жылдың қыркүйегінде әскери қызметке шақырылды. Солтүстік-Батыс, Дала, Орталық, Воронеж және 1-ші Украин майдандарында шайқастарға қатысты. Курск доғасындағы Геро шайқасына қатысты. Ұрыста жараланғанына қарамастан, жас офицер барлық қиындықтарды батылдықпен жеңе білді. Ол бейбіт уақытта өз жұмысын жалғастырып, Отанының игілігі үшін қызмет етті. Ленинградтағы Энгельс атындағы әскери-саяси училищесін сәтті бітіргеннен кейін Ахмет Тұмарбеков ішкі істер органдарына қызметке ауыстырылды, — деді ол. Сондай-ақ, Павлодар қаласы полиция басқармасының аға инспекторы Бақытжан Тұрсари-нова «аты аңызға айналған милиционердің» өршіл рухқа толы өмірбаяны жас қызметкерлерге үлкен үміт пен сенім ұялатып, офицерлерді тәрбиелеуде ерекше маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұдан бөлек, іс-шара барысында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары полиция генерал-лейтенанты Қайрат Сүнтаев пен тұлғаның туған-туысқандары сөз сөйлеп, қыздары – Зәуре мен Жаннат балалары әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті.
А.МҰҚЫШЕВ.