Бүгінде есірткі таратушылар әр түрлі факторларға байланысты үш жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алайда, бұл жайт кейбір азаматтарға әсер етпейтін көрінеді. Жыл басынан бері Павлодар облысында 190 келіге жуық есірткі тәркіленді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артық. Сондай-ақ, құқық қорғау қызметкерлерімен 50-ден астам онлайн есірткі тарату арналары бұғатталды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар қаласы Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұржан Байбөрінов бүгінгі таңда тәртіп сақшыларына есірткі тасымалымен күресу қиындап бара жатқанын атап өтті. Себебі қазір «заман індетін» таратушылардың барлығы дерлік интернет арқылы өздерінің «көлеңкелі істерін» жүзеге асыруда.

– Бүгінгі таңда тәртіп сақшы-лары есірткіге қарсы күрес жұмыстарын күшейтуде. Өткен жылмен салыстырғанда тәркіленген есірткінің саны үш есеге артты. Атап айтсақ, былтыр 66 келі болса, биыл 190 келіге жетті. Оның ішінде героин, синтетикалық есірткі және каннабис секілді есірткі түрлері бар. Жыл басынан бері полицейлер интернет арқылы есірткі таратумен айналысқан 27 қылмыскерді ұстады. Бұл дегеніміз қазір «желілік бизнес» дамып тұрғандығын көрсетеді. Біздің мәлімет бойынша, оның ұйымдастырушылары ТМД, тіпті Еуропа елдерінде орналасқан. Ұсталған адамдар тек қарапайым орындаушылар. Яғни, есірткіні «жасырушылар». Олардың орташа жасы көбінесе 20-30 жас аралы-ғындағы адамдар. Сондай-ақ, соңғы кездері кәмелетке толмағандар да бұл «індетке» душар болуда. Айта кететін жайт, есірткі таратушылар жалпы режимдегі түзеу мекемесінде ең кем дегенде үш жылдан бастап өмір бойына дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сол себепті интернет арқылы «оңай олжа» табамын дегендер соңында бармағын тістеп, өкініп жатады. Әрине, интернеттегі есірткі таратушылармен күрес жұмыстары күрделене түсуде. Жұмысымыздың тиімділігіне қазір сауатты IT мамандардың жетіспеушілігі де әсер етіп отыр, –
деді Нұржан Нұрланұлы. Сонымен қатар, Павлодар облыстық наркологиялық диспан-серінің медициналық-әлеуметтік оңалту бөлімінің меңгерушісі, нарколог-дәрігер Владимир Гарилев қазір синтетикалық немесе дизайнерлік есірткіні қолданатын тәуелді адамдардың үлесі артып келе жатқандығын жеткізді. Оның айтуынша, синтетикалық есірткіні қолданатын жасөспірімдер көбеюде. Себебі, бұл – есірткінің ең қолжетімді түрлерінің бірі.

– Нашақорларды емдеу емхана жанындағы психикалық денсаулық кабинетінде басталады. Мұндай кабинеттер облыстағы барлық емханаларда орналасқан. Онда психиатрлар мен наркологтар жұмыс істейді. Стационарлық емдеу ерікті немесе мәжбүрлі түрде болуы мүмкін. Тәуелділіктен емдеу  үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Біріншісі – детоксикация. Нашақорлықтың көптеген соматикалық салдары болатынын ескерсек, бұл кезеңде оларды арнайы мамандар тексеріп, науқастар қажетті ем-дом қабыл-дайды. Екі-үш аптадан кейін науқас екінші кезеңге ауыстырылады. Бұл дегеніміз – психотерапия және оңалту. Оның мақсаты – биологиялық және әлеуметтік бейімделу дағдыларын қалпына келтіру. Сондай-ақ, Павлодар облысында республикалық ғылыми-тәжірибелік орталықтың бөлім-шесі – әлеуметтік оңалту бөлімі жұмыс істейді. Алғашқы екі кезең-нен өткен науқастарымыз осы бөлімде емделуді жалғастырады. Бұл – үшінші кезең, – деді дәрігер.

 

А.МҰҚЫШЕВ.