Көктем келісімен Павлодар облысының су айдындарында балықтың уылдырық шашу кезеңі басталып, табиғатты қорғау талаптары күшейеді. Осыған байланысты Ертіс өзені мен облыстың тұщы және тұзды көлдерінде балық аулауға қатысты бірқатар тыйымдар енгізіліп, заңсыз әрекеттерге қарсы рейдтер жүргізілмек. Бұл туралы толығырақ «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы» РММ инспекциясы басшысының орынбасары Жангелді Қарабаев мәлімдеді.
— Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы және жануар-лар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушының
2015 жылғы 24 шілдедегі №190 бұй-рығына сәйкес Ертіс бассейнінде Павлодар облысының тұзды су айдындарында артемия цисталарын жинауға және дайындауға 1 наурыздан бастап 15 сәуірге дейін тыйым салынады. Сонымен қатар, 15 сәуірден 30 мамырға дейін облысымыздың далалық және тұщы су айдындарында, сондай-ақ Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың барлық гидро-құрылымдар мен су қоймаларын қоса алғанда, балық аулауға тыйым салынады. Тек ерекше жағдай ретінде бекітілген аумақтарда алабұға, шортан, мөңке, табан және торта аулауға арналған әуесқойлық және спорттық бағытта балық аулау рұқсат етіледі, — деді ол.
Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 13 мамырынан бастап Қ.Сәтбаев атындағы каналдың су қоймаларында балықтардың барлық түрін аулауға тыйым салынбақ.
— Облыстық балық шаруашылығы қоры халықаралық маңызға ие Ертіс өзенін, республикалық маңызға ие тоғыз су айдынын, жергілікті маңызға ие 120 су айдынын қамтиды. Олардың ішінде 43-і — тұзды, 77-сі — тұщы су айдыны. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 58 су айдыны жануарлар дүниесін пайдаланатын 38 субъекті бақылауға алынды, — деді балық инспекциясы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова.
Айта кету керек, тыйым салынған уақытта табиғатты қорғау бойынша бақылау күшейтіледі. Балық шаруашылығы инспекциясы басқа да табиғатты қорғау органдарымен бірлесе рейдттік шаралар жүргізеді. Мұндағы басты назар балықты заңсыз аулау, сатып алу мен өткізуді және су көліктерінің қозғалысын бақылауға бағытталады.
Сара ӘБДОЛ.
