Жақында Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты жеті әскери бөлімнің жауынгерлері қазақша күрестен республикалық жарыс өткізді. Жас сарбаздар Өскемен қаласында өткен балуандар сайысында жеті салмақ дәрежесінде бақ сынады. Үш күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте №5512 әскери бөлімінің сайыпқырандары жеңіске жетті.
«Шығыс» өңірлік қолбасшы-лығының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бастығы, подполковник Бауыржан Дарыбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздар боз кілемде шеберліктерін сынға салып, білек пен жүректің нағыз айқасын көрсете білді.
— Аталмыш шараның басты мақсаты — ұлттық спорт түрлерін жастар арасында кеңінен насихаттау. Қазақша күрес жауынгерлердің төзімділігін арттырып, шапшаңдығы мен ептілігін үдете түседі. Сондай-ақ, тез ойланып, жедел әрекет етіп, ұтымды әдіс таба білуге де машықтандырады. Жалпы, ұлттық спорттың ұландықтар үшін маңызы зор. Сондықтан сайысқа әрбір әскери бөлімнің қатысушысы қызу дайындықпен келген, — деді ол.
Павлодар қаласындағы №5512 әскери бөлімінің намысын қорғаған мерзімді әскери қызметші Бекарыс Жақсыбек 60 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, жауырыны жерге тимей, жеңіс тұғырына көтерілді.
— Түркістан өңірі — спортқа құмар жандардың тоғысқан жері. Менің әкем де — спорт жаттықтырушысы. Сондықтан менің күреске деген ынтызарлығым ерте оянды. Жарыста өз салмағымда қарсыластардың бәрінен үздік шықтым. Бабым мен бағым жарасса, келесі спорттық жарыстарда да жеңімпаз атанамын деген ойдамын, — деді қатардағы жауынгер Бекарыс Жақсыбек.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы Алғыс хаттармен, медальмен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Сайыста үздік өнер көрсеткен сарбаздар өзара іріктеліп наурыз айында Өскемен қаласында өтетін Ұлттық ұлан жауынгерлері арасындағы чемпионатта бақ сынайды. Олар дүбірлі додада «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғамақ.
А.МҰҚЫШЕВ.