Жақында мектептің алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері арасында әскери-қолдан-балы спорт түрлерінен республикалық турнир өтті. Білім мен білектің бәйгесінде «Пневматикалық винтовкадан ату мен автоматты жартылай бөлшектеп жинаудан» Ақсу қаласының оқытушысы жеңіс тұғырына көтерілді.

 

Аталған жарыстың мақсаты – алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдері арасында әскери-қолданбалы спорт түрлері арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттау, әскери қолданбалы спорт түрлерін одан әрі дамыту, алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімдерінің шеберлігін шыңдау және жастар арасында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерін ояту. Турнир бағдарламасына сәйкес, оқытушылар «АК-74» оқу қаруын толық емес бөлшектеу және жинақтау, «ИЖ-38» пневматикалық винтовкасын нысанаға атуға, арқан тарту, белтемірге тартылу және оқу қаруының оқжатарын патрондармен жарақтау бойынша сайысқа түсті.

Жарыс қорытындысына сәйкес, «Автомат жинау» бағыты бойынша Ақсу қаласы Қаныш Сәтбаев атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының  алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Мейрам Жамалбаев жүлделі ІІІ орынды иеленді. Барлық жеңімпаздар және жүлдегерлер арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

А.МҰҚЫШЕВ.