Соңғы кездері әлеуметтік желілерде Павлодар-Астана республикалық тас жолында жылдамдықты асырды деген айыппен есептелген айыппұлдарға жаппай шағымданған жүргізушілер қатары көбеюде. Жалпы, Павлодар-Астана тас жолының Ақмола облысы шекарасына дейінгі жолдың бойына «Зерек-2» 3 бейнебақылау кешені орнатылған. Олар қалай жұмыс істейді? Жүргізушілердің жанайқайы туралы Павлодар облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Борис Әлімбаевпен әңгімелестік.
— Әңгімемізді жақында орна-тылған «Зерек-2» аппараттық-бағдарламалық жүйесі туралы бастасақ. Кейбір жүргізушілердің айтуынша, аталмыш бейне-бақылау кешені дұрыс жұмыс істемей, көптеген көлік иелеріне негізсіз айыппұл салуда. Бұл қалай болғаны?
— Осыдан 1 ай бұрын, яғни, 25 тамыздан бастап Павлодар-Астана тас жолы мен еліміздің басқа да бес жолында «Зерек-2» аппараттық-бағдарламалық жүйесі іске қосылды. Аталған бейнекамералар еліміздің тас жолдарындағы көлік қозғалысын тәулік бойы бақылайтын болады. Жалпы, мұндай бейнежабдықтар 2024 жылға қарай республикалық маңызы бар жолдардың 32 учаскесінде пайда болмақ. Жоба ақылы жолдарда ақы алу жүйесін орнату және жөндеу аясында жүзеге асырылады. Жалпы, Павлодар-Астана тас жолында рұқсат етілген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды. Егер жүргізушілер жылдамдықты сәл асырса, әрине, бейнебақылау кешені айыппұл есептейді. Ал бұл кешеннің дұрыс жұмыс істемеуі мүмкін емес. Себебі, кез келген техника үнемі тиісті мамандардың бақылауында болады. Сондай-ақ, өлшеу құралы ретінде аппараттық және бағдарламалық жүйелер тиісті тексеруден және тестілеуден өтеді. Бұл аппараттық жүйелер осы сынақтар мен тексерулерден өтіп, өлшеу құралы ретінде пайдалануға рұқсат етілді және «Электр және экспорттық жүйелердің ұлттық орталығы» АҚ Астана филиалынан сертификат алды. Тексеру нәтижелері бойынша өлшем құралы жарамды деп танылып, 2025 жылдың 27 шілдесіне дейін пайдалануға рұқсат етілді. Яғни, «Зерек-2» аппараттық-бағдарламалық кешенінде екі жыл мерзімге метрологиялық тексеру сертификаты бар.
— Аталмыш кешен қалай жұмыс істейді? Мәліметтер қайда жіберіледі?
— Бұл бейнебақылау жүйелері кең инфрақұрылымға ие. Оның құрамына стационарлық басқару пункті, автоматты сәйкестендіру, мониторинг, деректерді өңдеуге арналған аппараттық-бағдарламалық кешен, сондай-ақ, деректермен байланыс арналары кіреді. «Зерек-2» аппараттық-бағдарламалық жүйелерін әзірлеуші «Computer Vision Technologies» (CVT) компаниясының мәліметінше, кешеннің жұмысы оптикалық модуль арқылы алынған мәліметтерді қабылдауға және өңдеуге негізделген. Кешен автоматты түрде көлік құралының мемлекеттік нөмірін, жылдамдығын, жолағын, көлік класын анықтайды. Содан соң бұл мәліметтер «ҚазАвтоЖол» АҚ, одан кейін ҚР Бас прокуратурасының әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне жіберіледі. Дәл сол жерде, «айыппұл төлеу қажеттілігі туралы тіркелген бұйрықтың дұрыстығын тексеру» жүзеге асырылады.
— Айыппұл негізсіз салынды деген жүргізушілер қайда шағымдана алады?
— Айыппұл төлеу қажеттігі туралы нұсқамамен келіспеген азаматтар әкімшілік полиция бөліміне жазбаша арыз беруге құқылы. Сол шағым-арыз бойынша тиісті тексеру жүргізіліп, жүргізушіге жауап беріледі. Тексеру нәтижесінде бұзушылықтар қате жазылғанын растаған жағдайда ғана ақшаны қайтаруға болады. Нақтылап айтсақ, көліктің, тіпті жеке тіркеуіштің жылдамдығын жазып алған видео да метрологиялық тексеруден өткеннен кейін сотта айғақ болып есептеледі.
— Бұл аппараттық-бағдарламалық жүйелер іске қосылғаннан бастап қанша айыппұл есептелді? Жалпы, жол жүру ережесін бұзғандардың саны азайды ма?
— Павлодар облысының полиция департаменті алғашқы он күннің өзінде бұл камералар арқылы көлік жүргізушілерінің жылдамдықты асырған 1,62 мың фактісін тіркеді. Бұл бұзушылықтар үшін 20 миллион теңгеден астам сомаға ұйғарым жіберілді. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 592-бабы бойынша айыппұл мөлшері 5-тен 30 АЕК-ке дейін, яғни 103 мың теңгеден асады. Павлодар облысы жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркейтін құрал-жабдықтардың деңгейі жөнінен республика бойынша екінші орында тұр. Десе де, жол қозғалысы ережесін сақтайтын жүргізушілердің саны артпай тұр. Сол себепті облыстық полиция департаменті жауапты мекемелермен бірлесіп, жақын арада облыс бойынша 390 жаңа аппараттық-бағдарламалық кешен мен 6500-ден астам бейнекамера орнатуды жоспарлап отыр.
— Ақпаратыңызға рақмет.
Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.