Полицейлер өздеріне сеніп тапсырылған аумақты тегіс бақылауы, соның ішінде көліктер өтпейтін жерлерді де жіті назарда ұстауы тиіс. Бұл ретте Павлодар қаласының патрульдік полиция батальонының жазғы кезеңде авто және жаяу патрульдерінен басқа ат взводы да қызмет атқарады. Тұлпар тізгіндеген тәртіп сақшылары жайлы Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровпен әңгімелестік.

Атты взвод туралы толығырақ тарқатып берсеңіз. Жасақ құрамында қанша тұлпар бар?

— Облыстық ішкі істер департаментінің бастамасымен құрылған Жол-патрульдік қызмет батальоны құрамындағы атты взвод облыс орталығындағы саябақтар мен саяжайларда қоғамдық тыныштық сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құрылды. Бұл қызмет үшін әкелінген 15 аттың барлығы да қолға үйретілген. Кавалерия бөлімшесінің қызметкерлері, негізінен, автокөліктер жүре алмайтын жолсыз жерлерде және жаяу жүруге қиын орындарда патрульдейді. Сонымен қатар, қаланың шалғай орналасқан аумақтарында, саяжай мен кейбір жеке секторлардың учаскелерінде қызмет атқарады. Аттардың күтімімен полицейлердің өздері айналысады. Жасақ арнайы кестеге сәйкес қызмет жасайды. Жалпы, жергілікті тұрғындар атты полицейлердің ұдайы патрульдеуі нәтижесінде құқық бұзушылықтардың саны азайғанын айтуда.

Тұлпарлар арнайы дайындықтан өте ме?

— Әрбір полицейге бір жылқыдан бекітілген. Әркім өз жылқысына жауапты. Жылқыны кез келген адам міне бермейді. Себебі оның қыр-сырын біліп, жануардың мінезін тану керек. Салт атты полиция бөліміне жылқыларды таңдауға ерекше талаптар қойылады.

Әр ат осы қызметке бейім полицейлерге бекітіліп, атқорада ұсталады. Полиция қызметкерлері сәйгүліктерін баптап ұстап, қызметке шығар алдында жуындырып, тазалайды. Аттарды қызметке дайындап, оларды жарық, дыбыстарға бейімдеу мақсатында оқу-жаттығу жиындарына қатыстырады.

Атты взвод жүргізген рейд барысында қандай заң бұзушылықтар жиі кездеседі?

— Құқықтық тәртіп сақшысы Павлодар қаласының Ертіс өзені мен бау-бақша алқабындағы өрттердің жиілеп кетуіне байланысты облыстық полиция департаменті төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерімен бір-
лескен рейдтік іс-шаралар өткізу туралы шешім қабылдады. Рейд барысында өрт қауіпсіздігін сақтамау, темір ұрлығы жиі кездеседі. Әдетте, саяжай кезеңінің басталуымен халық құрғақ шөпті өртеп, от жағып, қалдықтар мен қоқыстарды жинап, өртей бастайды. Бұл — елдердегі өрттердің себептерінің бірі. Мұның бәріне тыйым салынады. Мәселен, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 336-бабына сәйкес қалдықтарды жинау немесе жағу кезінде өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін 20-дан 500 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеп соғады. Сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 367-бабына сәйкес ормандардағы өрт қауіпсіздігі мен санитарлық ере-желердің талаптарын бұзу 10-нан 150 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеледі. Әкімшілік жауапкершіліктен басқа, ҚР Қылмыстық кодекстің 202 және 341-баптарында көрсетілгендей, бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіргені үшін қылмыстық жауаптылық та қолданылады.

Бүгінгі таңда саяжай учаскелерін өртеудің алдын алу жөніндегі учаскелік полиция инспекторлары бау-бақша шаруашылықтарының төрағаларымен бірлесіп аумақтарды аралап, қараусыз қалған учаскелерді белгілеп, үйсіз қалған адамдарды анықтауда.

Ақпаратыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан —
Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.