Халықтың қауіпсіздігі тұрмыс сапасының ажырамас бөлшегі екені анық. Демек, бүгінгі қоғам құқық қорғау саласының, әсіресе, полиция қызметкерлері жұмы-
сының толықтай жақсаруын күтеді. Сол кезде елге адал қызмет етуге ант еткен, сертін орындау жолында өмірін сарп еткен тәртіп сақшыларына деген құрмет
те биіктей түспек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында полицияны бағалау өлшемдерін түбегейлі өзгерту, полиция қызметінің сервистік модельге көшуі басым бағыттардың бірі болды. Осы бағытта ішкі істер органдары қызметкерлерінің сервистік модельге көшуі қарқынды іске асырылып келеді. Өйткені негізгі мақсат – қажеттіліктерге жауап беретін және қоғаммен серіктестікте жұмыс істейтін кәсіби, өкілді, жұртқа жақын, ашық әрі қолжетімді полиция қызметін құру. Сонымен қатар, сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру, ең алдымен полиция қызметкерлеріне деген сенімге, серіктестік қағидаттарына негізделу. ҚР ІІМ Қоғамдық қауіпсіздікті қам-
тамасыз етудің қызметтік тәсілдерін енгізу жөніндегі жұмыс тобының өкілі Бауыржан Жұмағазин полицияның сервистік модель үлгісі ең алдымен заң бұзушылықтардың түпкі себебін анықтауды көздейтінін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінгі таңда полиция қызметіндегі заманауи техника қылмыскерлердің портретін орнатуға толықтай мүмкіндік береді.

– Полицияның қызметтік үлгіге көшудегі басты мақсаты – құқық бұзушылықты анықтау емес, жолын кесу. Бұл – халықпен тікелей қарым-қатынас орнату үшін аса маңызды. Өйткені полицияның жалғыз өзі әлеуметтік мәселелерді толық шеше алмайды. Бұл ретте халықпен де кері байланыс қажет. Сонымен бірге, бүгінгі таңда полиция қызметінде трансформация бар, бұрынғы тәмсілдермен жаңа әдістер қатар қолданылатын болады. Сондай-ақ, өңірлік құқық қорғау саласының қызметкерлері бейнекамералармен қамтамасыз етілген, – деді Б.Жұмағазин. Сервистік полицияны дамытуда стационарлық бекеттер мен туристік полицейлерді де мысал ретінде айтып өтуге болады. Себебі бұл жобалар өз кезегінде халық пен мемлекет үшін маңызды әрі аса қажетті екендігін дәлелдеп отыр. Сондай-ақ, қазір қалада қауіпсіздікті қамтамасыз етуде «SOS» батырмалары орнатылған. Яғни өңірімізге келген турист, еліміздің азаматы полиция тарапынан жәрдемді қажет етсе немесе қауіпке тап болған кезде бірден көзге көрінікті орындарға қойылған батырмаға қолын апарып басып, болған жайт бойынша хабар бере алады. Арнайы хабарлама бірден полиция қызметкерлерінің жедел желісіне түседі. Оператор сол мезетте жақын маңдағы полиция қызметкерін көмек қажет орынға бағыттап, қылмыс пен тәртіпсіздіктің алдын алады. Сонымен қатар, осы қызметті мобильдік қосымша арқылы да алуға болады. Яғни батырма тақталарынан бөлек арнайы қосымшалар да жетілдіріліп, қолданылып келеді. Негізі мұндай жобалар өз кезегінде туристерге жайлылық пен қауіпсіздік береді. Сервистік полицияның тағы бір ерекшелігі стационарлық бекеттер сыртқы бейнебақылау камерасымен жабдықталып, Жедел басқару орталығына қосылған. Олар жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық орындарда, көшелерде қылмыстың алдын алу бойынша қызмет атқаруда.

 

А.МҰҚЫШЕВ.