Тілсіз жаумен күреске дайын ба?

Мау 25, 2026

Жаз мезгілінің басталуымен бірге өрт қаупі де күшейеді. Әсіресе аптап ыстық, құрғақшылық пен желдің күшеюі табиғи өрттердің жиілеуіне себеп болады. Ал олардың басым бөлігі адам әрекетінен туындайды. Орман алқаптары мен дала өрттерінің алдын алу үшін өңірде қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қай аумақтар қауіпті аймақ саналады және тұрғындар нені ескеруі керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп, сала мамандарымен тілдестік. Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаровтың сөзінше, негізгі қауіптің бірі — адам факторы, сондықтан орманды алқаптарда бақылау күшейтіліп, алдын алу шаралары жүргізілуде.

— Биыл өңірдегі қай аумақтар өрт қаупі жоғары аймақтарға жатады? Нақты қай жерлер ерекше бақылауда?

— Жалпы, Павлодар облысында өрт қаупі жоғары аумақтар деп орман алқаптары мен табиғи резерваттарға жақын өңірлерді айтамыз. Соның ішінде Шарбақты ауданының орманды алқаптары, Аққулы ауданы аумағы, сондай-ақ Ертіс өзені жайылмасы бойындағы табиғи аумақтар жыл сайын ерекше бақылауда болады. Бұдан бөлек, Баянауыл ауданы мен Баянауыл ұлттық табиғи паркі де табиғи өрт шығу қаупі жоғары аймақтардың қатарында. Бұл аумақтарда орман қоры мол, құрғақ шөп пен жанғыш материал көп жиналады. Әсіресе жаздың ыстық әрі желді күндерінде өрттің тез таралу қаупі күшейеді. Сондықтан дәл осы бағыттарда мониторинг, патрульдеу және профилактикалық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі.

 — Орман өрттерінің негізгі себебі не? Көбіне табиғи фактор ма, әлде адам әрекеті ме?

— Арнайы жүргізілген талдау көрсеткендей, көп жағдайда өрттің шығуына адам факторы себеп болады. Әрине, табиғи себептерді де жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, аптап ыстық, ұзақ уақыт жауын-шашынның болмауы, құрғақшылық, қатты жел — мұның бәрі өрт қаупін арттыратын жағдайлар. Бірақ өрттің тұтануына жиі әсер ететін нәрсе — адамдардың қауіпсіздік талаптарын сақтамауы. Атап айтқанда, рұқсат етілмеген жерде от жағу, құрғақ шөпті өртеу, темекі тұқылын тастау, демалыс орындарында отты толық сөндірмеу секілді жағдайлар жиі кездеседі. Сондай-ақ көктем мен күз мезгілінде шаруашылық иелері былтырғы шөпті, сабанды немесе қоқысты өртеп тазартуға тырысады. Осындай кезде жалын жақын маңдағы далаға, кейін орман алқабына өтіп кетуі мүмкін.

— Биылғы өрт қауіпті маусымның ерекшелігі қандай болып отыр?

— Биылғы маусымның басты ерекшелігі — ыстық кезеңнің ерте басталуы. Күннің күрт ысуы, ауаның құрғақ болуы және желдің күшеюі өрт қаупін айтарлықтай арттырып отыр. Кей күндері ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріліп, жел екпіні 20 метр/секундқа дейін жетеді. Мұндай жағдайда тіпті шағын ғана өрт ошағы қысқа уақыт ішінде үлкен аумаққа таралып кетуі мүмкін. Тағы бір маңызды мәселе — көктемнен бастап табиғи аумақтарда құрғақ өсімдік жамылғысы көп сақталды. Соған байланысты өрттің таралу жылдамдығы жоғары. Жалпы алғанда, маусым басталғалы жағдай былтырғы жылмен шамалас болғанымен, өртенген аумақ көлемі ұлғайған. Бұл табиғи-климаттық факторлардың биыл күрделірек екенін көрсетеді.

— Өрттің алдын алу үшін қандай профилактикалық шаралар қабылданып жатыр?

— Қазір өңірде алдын алу жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілуде. Ең алдымен, барлық аудан-қалаларда мобильді топтар құрылған. Олардың құрамына төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері және еріктілер кіреді. Бұл топтар күн сайын өрт қаупі жоғары учаскелерді аралап, рейдтік іс-шаралар өткізеді. Егер өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу дерегі анықталса, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Дәлірек айтқанда, әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында, ауылдық округтерде, саяжай алқаптарында және шаруа қожалықтарында ескерту, түсіндіру кездесулері өткізіледі.

— Қазіргі кезде өртті ерте анықтау үшін қандай технологиялар қолданылып жатыр?

— Бүгінде өртті ерте анықтау мен жедел әрекет ету ісінде заманауи технологиялардың рөлі өте маңызды. Қазіргі таңда өңірде бейнемониторинг жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары, сондай-ақ ғарыштық мониторинг қолданылады. Мысалы, Ертіс өзені жайылмасы бойында және басқа да орманды аумақтарда бақылау камералары орнатылған. Сол камералар арқылы түтін мен өрт белгілері дер кезінде байқалып, мамандарға жедел ақпарат түседі. Бұдан бөлек, рейд барысында дрондар пайдаланылады. Бұл әсіресе жетуі қиын немесе кең аумақтарды бақылауға өте тиімді. Ал ғарыштық мониторинг арқылы анықталған ықтимал ошақтар міндетті түрде тексеріледі: ақпарат расталса, сол жерге бірден мамандар жіберіліп, өртті оқшаулау және сөндіру шаралары қабылданады. Мұның бәрі уақыт жоғалтпай әрекет етуге мүмкіндік береді.

— Саяжайлар мен демалыс орындарындағы жағдай қаншалықты алаңдатады?

— Өрт қауіпті маусымы сәуір айынан басталады. Себебі дәл осы уақытта былтырғы қураған шөп мол болады, ал адамдар көктемгі тазалық жұмыстарын бастап, шөп пен қоқыс өртеуге тырысады. Сол себепті алғашқы жағдайлар көбіне көктем басында тіркеледі. Ал саяжайларда өрт шығу қаупі әрдайым жоғары. Онда да негізгі себеп — адам әрекеті. Саяжай аумақтарында адамдар қоқыс жағады, құрғақ шөпті өртейді, кейде желдің бағытын, қауіпсіздік ережесін ескермейді. Кейбірі өрт сөндіруге қажет бастапқы құралдарды дайындамайды. Мұндай бейқамдық оттың тез таралуына әкеледі. Сондықтан саяжайда да, табиғат аясында да оттық құралдарды аса мұқият пайдалану қажет.

Сұхбаттасқан — Сара ӘБДОЛ.