Қазіргі уақытта Қазақстанда шетел азаматының төлқұжатын тіркеу талап етілмейді. Бірақ елде болу мақсатына қарамастан, қабылдаушы тарап шетелдіктің, мейлі жеке немесе заңды тұлғалардың болуы туралы көші-қон қызметіне хабарлауға міндетті.

Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қабылдаушы тарап  шетел азаматтары келген күннен бастап 3 күн ішінде, ал жұмыс беруші жағдайында кәсіпорынға келгені туралы хабарлауға міндетті. Бұл ретте хабарлама шетелдіктің Қазақстанға келгені туралы ғана емес, тұрғылықты жерін ауыстырған немесе басқа аймаққа кеткен кезде де беріледі.

– Бір ғана облысымызда шетелдіктің келгені туралы хабарламағаны немесе уақытылы хабарламағаны үшін 623 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мәселен, 49 жастағы Германия азаматы Павлодардағы әпкесіне қонаққа келген. Алайда әпкесі туысының келгені туралы тиісті органдарға хабарлауды ұмытып кетіп, сол үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мұндай бұзушылық үшін жеке тұлғаларға ескерту, лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлікке немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 10 АЕК, орта және ірі бизнеске – 15 және 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады, — деп хабарлайды баспасөз қызметі. Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысына 260 мыңнан астам шетелдік келген, алайда олардың 24 мыңы ғана үй иелерінен хабарлама алған.

А.МҰҚЫШЕВ.