Биыл облыстың сегіз тұрғыны тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болған. Облыс орталығының өзінде 102 пультіне күн сайын үй агрессорынан қорғау туралы өтінішпен 20-ға жуық хабарлама келіп түседі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслиха-тында облыстық полиция депараменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров отбасылық жанжалдардың сипатына тоқталды. Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап 102 пультіне тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 1077 хабарлама түскен. Осы фактілер бойынша полиция әкімшілік іс қозғайды. Бұның ішінде 200-ге жуық жәбірленуші арызын қайтарып алған. Павлодар қаласында күн сайын 15-20 жәбірленуші полицияға жүгінеді. Арнайы талдау көрсеткендей, жанжалдар көбінесе отбасылық жатақханаларда болады. Жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылықтан сегіз адам көз жұмған.

– Бұрынғы ерлі-зайыптылар бірдеңе бөлісе алмаған жағдайда, мүлкін бөліскен кезде, әйелі күйеуіне балаларын көрсетуден бас тартқанда немесе бұрынғы күйеуі масаң күйде ескі реніштерін есіне түсіруі жанжалға себеп болуы ықтимал. Сондай-ақ, ерлі-зайыптылар отбасындағы қаржы дағдарысына байланысты жанжал шығарады. Екі тарап та кінәлі болғанымен, әйелдер нәзік жанды болғандықтан ер адам өзін ұстауы керек. Негізінен жанжалдарға ер адам кінәлі. Әйелдер мен балалар ғана емес, кейде ер адамдар да құрбан болады. Олар полицияға әйелдің қолынан зардап шеккенін айтып шағымданады, – деді Ж.Қайыров. Тәртіп сақшылары тұрмыстық жанжалдар жиі шығатын отбасы-лардың зорлық-зомбылыққа, қылмыс жасауға бейім мүшелерін бақылап отырады.

– Жыл басынан бері отбасылық дебоширлерге қатысты 4,5 мыңға жуық қорғаныс ұйғарымы шығарылып, оны бұзған 256 адам жауапқа тартылды. Павлодарда «сервистік полиция» пилоттық жобасы аясында отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың алдын алу тетігі сынақтан өтті. Оқиға орнына келген учаскелік полиция қызметкері тәуекелді бағалау парағын толтырады, оны әйелдерді қорғау бөлімшесіне жібереді. Оны өңдеген соң талдау үшін үкіметтік емес ұйымға жібереді. Екі мыңнан астам жәбірленуші талдаудан өтіп, 52 жәбірленушіге психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетілуде. Бүгінде зорлық-зомбылыққа түсу қаупі жоғары 40-қа жуық зардап шекгуші жоғары тәуекелде қалып отыр. Әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдағыштың алдын алу кабинетінде үкіметтік емес ұйым психологтары агрессорлармен жұмыс жүргізуде. Жаңа заң талаптарына сәйкес агрессорды бір рет кешіруге болады. Одан кейін өтінішті қайтарып алу мүмкіндігі берілмейді. Егер агрессор отбасы мүшелерін ұрғаны үшін үш рет әкімшілік жазаға тартылса, оған қатысты қылмыстық кодекстің 110-бабына сәйкес «азаптау» жөнінде қылмыстық іс қозғалады. Жыл басынан бері облысымызда осындай бір жағдай тіркелген.

Т.ӘБІЛДА.