Нұркелді ОТАНОВ, ҚР Ұлттық ұланы №5512 әскери бөлімінің сарбазы:
— Құрметті де ардақты ұстазым Әсем Нұрбекқызы! Сізге Павлодар қаласы №5512 әскери бөлімінен сәлем жолдаймын! Қазіргі таңда осы әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтеп, сапта жүрген сарбаздардың қатарына қосылдық. Жаны жайсаң жауынгерлік жолдастарым да баршылық. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», — дейді ғой халық даналығы. Бұл күнде мектеп қабырғасында жүрген кездерім, әсіресе ұлағатты ұстаздарымның, оның ішінде сіздің біз сияқты өскелең ұрпаққа берген ақыл-кеңестеріңіз жиі есіме түседі. «Әскер — өмір мектебі» деп едіңіз ғой. Осы сөздеріңіз менің өмірлік ұстанымыма, бағдарыма айналды, көңілге медет болды. Сіз берген тәлім-тәрбиенің арқасында әскери өмірдің қиыншылықтарына табандылықпен төтеп беріп жүрмін. Алдағы екі-үш аптадан кейін қалаға, яғни қоғамдық тәртіпті cақтау бойынша патрульдік қызметке шығатын боламыз. Абыройлы қызметімізді атқарып, бір жылымыз бір айдай болмай, ертең-ақ елге ораламыз. Ал сізге тілерім, жұмысыңыз табысты, өміріңіз баянды, отбасыңыз берекелі, бақытты болсын!