Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны 1 наурыздан бастау алмақ. Тиісінше, алдағы үш ай уақыт мерзімінде әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген облыстың 800-ден астам азаматы шақырылады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Алмасбек Бұхарбаев өткен жылы 1544 азамат міндетті әскери қызметке шақырылып, олардың жартысынан көбі қазіргі уақытта шекара қызметі мен Ұлттық ұлан қатарында әскери борышын өтеп жатқанын мәлім етті.

– Биылғы көктемде 18 бен 27 жас аралығындағы 834 азамат әскери комиссариатқа шақыру қағазын алады. Олардың басым бөлігін ҚР Қарулы Күштерге (381 адам) және Ұлттық ұланға (300 адам) жіберу жоспарлануда. Сондай-ақ, әскерге шақырылғандардың 120 сарбазы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде, 20-сы Төтенше жағдайлар министрлігінде, тағы тоғызы мемлекеттік күзет қызметінде мерзімді әскери қызметін өтейді, – деді ол.

Сондай-ақ, Алмасбек Бұхарбаевтың айтуынша, өңірдегі аудан-қалалардан жолданған жастардың денсаулық әлеуеті тиісті медициналық тексеру барысында облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мамандары мен офицерлер алқасымен анықталатынын айтты.

– Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мамандары тарапынан қаңтар-наурыз айларының аралығында шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізілді. Яғни, жастарды әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде аталмыш шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі, – дейді А.Бұхарбаев.

Бұдан бөлек, баспасөз мәслихатында Павлодар қаласы қорғаныс істері басқармасының бастығы Шыңғыс Сарыбаев әскери комиссариат қызметкерлері мен полиция қызметкерлері бірлесе отырып, 150-ге жуық әскерден жалтарушыны тауып, мерзімді әскери қызметке жібергенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда 261 адам мерзімді әскери қызметінен жалтарып жүр. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Тіпті жылдар бойы жасырынып жүргендер де бар. Ал кейбір азаматтар әлдеқашан бұзылған үйлердің мекенжайларында тіркелген. Борышын өтемеген жас азаматтарды түнгі клубтардан, оқу орындарынан, жұмыс орындарынан әскерге алып кету тәжірибесі қолданылмайды. Әскерге шақыру үшін әскери комиссариат 1414 телефон нөміріне смс хабарлама жібереді. Заң бойынша, меншік нысанына қарамастан, ұйымның немесе кәсіпорынның басшысы өз қызметкеріне әскери комиссариатқа келу керектігі туралы хабарлауға міндетті, – деді Шыңғыс
Сарыбаев.

 

А.МҰҚЫШЕВ.