Мемлекетіміздің құзырлы органдары қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қару мен оқ-дәрінің айналымын қатаң қадағалайтыны белгілі. Ағымдағы жылы 22 сәуірден бастап Павлодар облысының аумағында заңсыз сақталған қару-жарақтар мен жарылғыш заттарды халықтан сатып алу бойынша акция өткізілуде. Шара аясында тапсырылған қару-жарақтардың сыйақы мөлшері қанша? Заңсыз қару иемденген азаматтар қандай жауапкершілікке тартылады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар облысы полиция департаменті әкімшілік полиция бастығы Борис Әлімбаевпен әңгімелестік.

— Жергілікті тұрғындар құжатсыз қаруларды өздері әкеліп тапсырған жағдайда сыйақы қарастырылған ба?

— Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, суық қару мен жарылғыш заттарды қолдана отырып жасалатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында респуб-лика бойынша халықтан заңсыз сақтаулы қару-жарақ, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу акциясы жүргізіледі. Акция аясында заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәріні және жарылғыш заттарды азаматтардың ерікті түрде тапсыруына сәйкес сыйақы беріледі. Басқа кезеңде қаруды тапсырған азаматтарға сыйақы қарастырылмаған. Тәркіленген қару-жарақтар өз еркімен тапсы-рылған деп танылмайды. Атап өтерлігі, тәркіленген, ерікті түрде тапсырылған атыс, травматикалық қарулар және оқ-дәрілер полиция департаментінің Тылдық қамтамасыз ету басқармасына тапсырылады және кейін жойылады.

— Акция аясында қару-жарақтарын ерікті түрде тапсырған азаматтарға төленетін сыйақы мөлшері қандай?

— Павлодар облысы бойынша қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырған азаматтарға 4 млн теңгеден астам ақшалай өтемақы бөлінді. Сыйақы мөлшерін белгілеу кезінде комиссиялар қару-жарақ заттарының техникалық жай-күйін ескереді. Мәселен, автоматты ойық ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы қарастырылса, ойық ұзын ұңғылы атыс қаруының (винтовкалар, карабиндер) әр бірлігі үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төленеді. Сондай-ақ, қысқа ойық ұңғылы атыс қаруының (пистолеттер, револьверлер) әр бірлігі үшін 40 АЕК, тегіс ұңғылы атыс қаруының әр бірлігі үшін 30 АЕК, жарақат салатын тапаншаның немесе револьвердің әр бірлігі үшін 10 АЕК, әрбір граната, мина, жару құрылғысы және артиллериялық снаряд үшін 7 АЕК, жарылғыш заттардың әрбір 1000 грамы үшін 6 АЕК мөлшерінде сыйақы төленеді. Онымен қоса, калибрі 5,6 миллиметрден асатын ойық қару патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің отыз бестен бір бөлігіне дейін, калибрі 5,6 миллиметр (ұсақ калибрлі) ойық қару патрондарының әр бірлігі үшін айлық есептік көрсеткіштің жүз он бестен бір бөлігіне дейін сыйақы белгіленеді.

— Заңсыз қару сақтағандарды қандай жаза күтеді?

— Заңсыз қару сақтағандар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 482-бабы бойынша және ҚР Қылмыстық Кодексінің 287-бабы бойынша жазаға тартылады. Бұл баптарда көрсетілген заттарды өз еркімен тапсырған адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Ішкі істер органдарында тіркелмеген тегіс ұңғылы, газдық қаруды және оның патрондарын, сондай-ақ, электр энергиясы 7,5 джоульдан асатын электрлік қаруды, калибрі 4,5 миллиметрден асатын заңсыз қаруды тәркілеген жағдайда жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйым-дарға 25, орта бизнес үшін 30, ірі бизнес үшін 40 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде мұндай іс-әрекеттер қайталанған болса, айыппұл мөлшері екі есеге өседі. Ал жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, қысқа ұңғылы және тегіс ұңғылы қару-жарақтарын, оның патрондарын заңсыз иемденген, сатқан, сақтаған, тасымалдаған азаматтарға 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылады. Болмаса 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

— Әңгімеңізге рахмет.

 

Әзірлеген — Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.