Аймағымыздың бірқатар елді мекенінің атауы қазақшаланады. Облыстық ономас-тика комиссиясының отырысында қараша айында қаралып, оң қорытындыға ие болған шешімді облыстық мәслихаттың кезектен тыс 8-ші сессиясында депутаттар да бірауыздан қолдады. Осылайша, ауылдардың атауы алдағы уақытта қазақша аталады.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның мәлімдеуінше, бұдан былай Ленин кенті Атамекен деп аталса, Железин ауданының Озерное ауылдық округіне Майлы атауы беріледі. Аталмыш ауылдық округтің орталығы да Майлы деп аталады. Қуантарлығы, Тереңкөл ауданында қазақша атауға ие болатын елді мекендер көп. Мәселен, аталмыш ауданда Бобровка ауылдық округі Жаңабет, Федоровка ауылдық округі Томарлы ауылдық округіне айналады. Верненка ауылдық округіне Алтай ауылдық округі атауы берілсе, Львовка ауылы Алтай деп аталмақ. Воскресенка ауылдық округі Әулиеағаш, Березовка ауылы Аққайың ауылы деген атауға ауыстырылады. Осы ауылдармен бір жолдың бойында орналасқан Трофимовка ауылының атауы енді Қоржынкөл болмақ. Енді бұл атаулар Әділет органдарында тіркеуден өткеннен кейін аталмыш ауылдардың кіреберісіне, құжаттарына ресми түрде қолдануға жол ашылады. Облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелді бұл мәселе бұған дейін тұрақты комиссия отырысында талқыланғанын, алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасын табатынына сенім білдірді. Сессияда облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамы сайланды. Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко бұған дейін бес жылға сайланған комиссияның мерзімі аяқталатынын, ҚР «Сайлау туралы» заңының 10-бабына сәйкес жаңа құрамын бекіту қажеттігін мәлім етті. Жеті адамнан тұратын облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамын мәслихат депутаттары сайлады. Қалалық, аудандық аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының құрамдары да жергілікті мәслихат сессияларында бекітілген. Облыстық мәслихаттың сайтына қараша айында саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар үшін хабарландыру жарияланған. Яғни, оларға комиссия құрамына өз үміткерлерін ұсынуға мүмкіндік берілген. Нәтижесінде, үш саяси партия мен төрт қоғамдық ұйым үміткерлер ұсынған. AMANAT партия-сынан Гүлнар Аманжолова, «Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі атынан Ертай Айдаболов, «Қазақстан халық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Тамара Ильина ұсынылған. Сонымен қатар, «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы Людмила Кабанцованы, «NAMYS-PVL» қоғамдық бірлестігі Малика Қалиеваны, «Kaisar-kz» қоғамдық бірлестігі Жанат Өтеповті ұсыныпты. «Мемлекеттік банктік мекемелер және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Гүлсім Сүйіндікованың кандидатурасын ұсынған. Депутаттар ұсынылған үімткерлерді қолдап, дауыс берді. Барлық үімткердің білімі, заң талаптарына сәйкестігі жіті тексерілген. Осылайша, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының құрамы бес жылға бекітілді. Комиссияға Гүлнар Аманжолова төрағалық етеді. Сессия жұмысын түйіндеген Илья Теренченко биыл жан-жақты жұмыс атқарған депутаттарға алғысын білдірді.
— Сегізінші шақырылымның депутаттық корпусы ауқымды жұмыс істеді. 8 сессия өткізілді. Жүзден аса сұрақ қаралды. Өзекті мәселелер бойынша екі жұмыс тобы құрылды. Мәслихаттарды жаңғырту бойынша жұмыс белсенді жүріп жатыр. 2024-2026 жылдарға бюджет бекітілді. Бюджеттің барлық тармақтары бойынша жеке комиссия отырыстарын өткіздік. Жұмыс алдағы жылы да жалғасын табады деп сенеміз, — деді Илья Сергеевич. Мәслихаттағы әр партияның өкілі, өзін-өзі ұсынған депутаттар пікірлерін білдіріп, алдағы уақытта ел дамуына бірлесе жұмыс істеуге әзір екендіктерін айтты.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.