Облыс орталығындағы «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында алюминийді қайта өңдеу арқылы нарықта жоғары сұранысқа ие дайын өнім шығарылуы мүмкін. Қазақстандағы осындай алғашқы зауытты салуға түркиялық инвесторлар ынта танытып отыр.

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байханов пен «Altrade Company» деп аталатын түрік компаниясының өкілдерімен кездесу өтті. Инвесторлар өңірде бізде өндірілетін алюминийді қайта өңдеу арқылы қуаттылығы жылына 18 мың тоннаға дейін дайын өнім алуға мүмкіндік беретін Қазақстандағыалғашқы зауытты салуға ниетті. Өнім әуе және автокөлік өнеркәсібінде, құрылыс саласында, тамақ өнеркәсібінде, тұрмыстық техника өндірісінің әлемдік нарығында сұранысқа ие болады. Құрылыстың алғашқы кезеңінде 8 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, 100-ден астам жұмыс орны құрылады. Ал екінші кезең аясында 9 млрд теңге қаржы құйылып, жұмысшылар саны артады. Компания өкілдерінің сөзінше, зауытты салу кезінде экологиялық таза технологиялар болып саналатын күн панельдері мен мұржа сүзгілері қолданылады. Сондай-ақ, отын түрінде зиянды қалдықтар шығармайтын сұйытылған газды пайдалану жоспарлануда. Асайын Байханов облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының өкілдеріне жобаны соңына дейін сүйемелдеуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.