Тұрғындардың еңбек қауіпсіздігі — жан-жақты қарастыруды қажет ететін маңызды мәселе. Кәсіпорындарда кездесетін өндірістік жарақаттарға жол бермеу мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жұмысшылар мен жұмыс берушілердің құқықтық қарым-қатынасын реттеуде облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Динара Айтжановамен сұхбаттасқан едік.
— Динара Нұржанқызы, депутаттық қызметте қандай мәселелерге көбірек мән бересіз?
— Депутаттық қызмет аясында сайлаушылардың түрлі мәселелерімен бетпе-бет келуге тура келеді. Павлодар облыстық мәслихатының тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде бірінші кезекте мемлекеттік органдармен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау мәселелеріне назар аударамыз. «Павлодар облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы болғандықтан, депутаттық қызметте мен қызметкерлердің жалақыны уақытылы төлеу мәселелері бойынша өтініштерін қарауға, жалақының жыл сайынғы мөлшерін арттыруға, барлық қызметкерлер үшін, әсіресе, отбасылық міндеттері бар адамдар үшін әлеуметтік кепілдіктер мен елеулі жеңілдіктері бар ұжымдық шарттарды әзірлеуге және қабылдауға, жұмыс берушілердің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналарды уақытылы төлеуіне, жеке еңбек дауларының алдын алуға, келісім комиссияларының мүшелерін оқыту арқылы алдын алу тетігін дамытуға, медиация құралдарын пайдалана отырып, еңбек дауларын шешу мүмкіндігін пайдалануға ерекше назар аударамын.
— Сайлаушылар қандай сауалдарды жиі көтереді? Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы ретінде комиссияның атқарған жұмысына тоқталып өтсеңіз…
— Сайлаушылар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақыны уақытылы төлеу, жалақының мөлшерін жыл сайын арттыру, жұмыс берушілердің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жарналарды уақытылы төлеу мәселелері толғандырады. Осы және өзге мәселелер облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында қаралады. Бұл комиссия биыл облыстың білім беру мекемелерінде – мектепке дейінгі, мектеп, қосымша білім беру ұйымдарында балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін, облыс халқының жұмыспен қамтылуын, мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және олардың өмірін жақсарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, облыс кәсіпорындарында өндірістік жарақаттанудың және еңбек дауларының алдын алу мәселелерін қарастырды.Комиссия отырыстарында бағдарлама әкімшілерін, мемлекеттік органдардың басшыларын мұқият тыңдай отырып, мәселелерді шешу бойынша ұсыныстарды талқылап, ұсыныс-ескертулер айтамыз. Күн тәртібіндегі мәселелерді тиімді талқылау үшін жұртшылық өкілдері, үкіметтік емес сектор сарапшылары отырыстарға шақырылады. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты халық үшін өте өзекті мәселеге байланысты тұрақты комиссиямыздың отырысында облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыру, облыс халқын жұмыспен қамту және қалалар мен аудандарда индикаторларды орындау бойынша қабылданып жатқан шаралар талқыға салынды.
— Тұрғындар тарапынан дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жөнінде шағымдарды жиі естиміз… Осы ретте қандай пікір қосар едіңіз?
— Павлодар облысының медициналық ұйымдары амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберінде сатып алуға 505 дәрілік зат пен медициналық бұйымының 456-сы сатып алынды. Медициналық ұйымдар дәрілік заттардың халықаралық атаулары мен олардың саны бойынша қажеттілікті дербес айқындайды. Әлеуметтік желілердегі бұл мәселеге әлеуметтік маңыздылығы мен қызығушылығының артуын ескере отырып, медициналық ұйымдарға дәрі-дәрмектерді жеткізу алгоритмін түсіну маңызды. Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін «СК-Фармация» ЖШС дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізу шарты негізінде белгіленген кестелерге сәйкес жүзеге асырады. Өкінішке орай, дәрі-дәрмектерді сатып алу проблемалары бар, «СК-Фармация» ЖШС мәліметтері бойынша жеткізушілер тарапынан әрдайым ұсыныстар бола бермейді, бірақ дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі байқалмайды, өйткені қажет болған жағдайда пациенттер бір-бірін алмастыратын препараттармен емделеді.
— Білім беру мекемелерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету қалай жүзеге асырылуда?
— Бүгінгі таңда облыста 230 мыңға жуық балалар мен қызметкерлерді қамтитын 594 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Нысандарды терроризмге қарсы қорғау нұсқаулығына сәйкес І, ІІ, ІІІ топқа жататын білім беру нысандарының тізбесі бекітілді. Барлық білім беру нысандарында Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау жүйелері орнатылды, ал дабыл түймелері аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне шығарылды. Барлығы 19 646 бейнебақылау камерасы, нақтылай айтқанда, мектептерде 9 278, мектепке дейінгі ұйымдарда 7 356, колледждерде 1 353, қосымша білім беру ұйымдарында 707, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға арналған ұйымдарда 402, арнайы білім беру ұйымдарында 550 құрылғы орнатылды. 262 білім беру ұйымы жедел басқару орталықтарына қосылған. Жалпы, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында облыстың білім беру мекемелерінде балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жиі қаралады.
— Мүгедектігі бар тұрғын-дарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілуде?
— Облыста 28 653 мүгедек адам тұрады. Оның ішінде 3 939-ы І топ, 11 172-сі ІІ топ, 9 949 адам ІІІ топқа жатады. Облыста барлығы 3 593 мүмкіндігі шектеулі бала тіркелген. Мүгедектігі бар барлық адамдар мен мүгедек балалар әзірленген жеке абилитация және оңалту бағдарламасына сәйкес әлеуметтік қызметтер порталы арқылы және мемлекеттік сатып алу арқылы техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етіледі. 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша облыс бойынша мүгедектігі бар адамдарды оңалту және оңалтудың жеке бағдарламаларын орындау көрсеткіші 73,9 пайызды құрайды. Баланс ұстаушыларды қаржыландырудың болмауына байланысты қалалар мен аудандарда әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарын бейімдеуде мәселелер бар. Жоспарланған 105 нысанның 15-і паспортталған. Сондай-ақ, облыстық балаларды оңалту орталығына күніне 150-ге дейін бару қуатын кеңейту мүмкіндіктері іздестірілуде.
— Кәсіпорындардағы өндірістік жарақаттардың негізгі себептері неде? Бұған жол бермеу үшін қандай шаралар қабылданды?
— Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі мәселелерді қарау – өндірістік жарақаттануды төмендетуге бағытталған шаралардың бірі. Осы жылдың 8 айында облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында 62 жазатайым оқиға тіркелген, нәтижесінде 64 адам зардап шеккен. Бұл деректер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өндірістік жарақаттанудың 5 пайызға төмендегенін көрсетеді. Жазатайым оқиғаларға әкелген ең көп таралған бұзушылықтар зардап шеккендердің өрескел абайсыздығы, жұмыс процестерін сапасыз ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін бұзу болды. Өңірдегі қызметкерлер арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу және кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі шаралар шеңберінде облыстың 31 кәсіпорны «Нөлдік жарақаттану–Vision Zero» тұжырымдамасын енгізді. 21 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасын іске асырды. Еңбек жағдайларын жақсарту үшін жұмыс орындарында зиянды еңбек жағдайлары бар 67 өндірістік нысанды аттестаттау өткізілді. Облыстың 194 кәсіпорны OHSAS 18001 және ХЕҰ-ЕҚБЖ сияқты еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі стандарттарды қоса алғанда, кәсіби тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйелерін енгізді. Облыста өндірістік жарақаттанудың алдын алумен және тексерулерді ұйымдастырумен айналысатын 881 өндірістік кеңес жұмыс істейді.
— Жұмысшылардың мүддесі қалай қорғалуда?
— Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы ретінде «Кәсіптік одақтар туралы» ҚР Заңына сәйкес мен өңірдің барлық қызметкерлерінің мүдделерін әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияда ұсынамын. Әрбір жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері өзекті болып табылады. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында «Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі өте өткір мәселе болып қалып отыр. Үкімет жыл соңына дейін 2030 жылға дейін қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын қабылдауы керек. Ол жұмыс орындарындағы кәсіби тәуекелдердің алдын алуға және болдырмауға бағытталуы керек» деп атап өтті. Еңбек заңнамасының қағидаттарының бірі – қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын, қауіпсіздік пен гигиена талаптарына жауап беретін еңбек жағдайларына құқықты қамтамасыз ету. ҚР Кәсіподақтар федерациясы биыл қауіпсіз еңбек жылы деп жариялады. Бұл – жұмысшылар мен олардың өкілдерінің жұмыс орындарында қауіпсіздікті құруға және қамтамасыз етуге ерекше ден қойғанының дәлелі. Кәсіподақтар өндірістік кеңестерді кеңінен құру бойынша жұмысты жалғастыруда. Павлодар өңірінде 881 кәсіпорында өндірістік кеңес құрылды. Кәсіподақтар өндірістік жарақаттанудың алдын алу және жұмыс орындарында еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастырумен айналысатын еңбекті қорғау жөніндегі 1 227 техникалық инспекторды сайлады.
— Сіздің тікелей қатысуыңызбен шешімін тапқан мәселелер туралы айтып берсеңіз…
— Қауіпсіздік — лайықты еңбектің негізі ретінде Павлодар өңірінің әлеуметтік әріптестері жұмысының басым бағыты болып табылады. Өндірістік жарақаттану жағдайларының санын азайту мақсатында мен комиссия отырысында өндіріске байланысты жазатайым оқиғаларға жол берген өнеркәсіптік кәсіпорындар басшыларының есептерін тыңдауға бастамашы болдым, бұл көпжылдық тәжірибеге айналды. Әрбір басшының қызметкерлердің денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін күшейту, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау, зиянды және қауіпті еңбек жағдайларын анықтау үшін жұмыс орындарын аттестаттауды уақтылы жүргізу, қауіпсіз еңбек жағдайларына қоғамдық бақылауды жандандыру – әлеуметтік әріптестікті дамытудың негізі. Кәсіподақтар федерациясы қауіпсіз еңбек тұжырымдамасында әзірленген тәуекелге бағдарланған тәсілді қолдайды. Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, өндірістік жарақаттану үшін аралас жауапкершіліктен бас тарту туралы бірнеше рет ұсыныс жасалды. Егер қызметкер өндірісте зардап шеккен болса, бұл жүз пайыз жұмыс берушінің кінәсі деп саналады.
— Сұхбатыңызға рахмет!
Торғын ОРАЗАЛЫ.