Облыстық мәслихат жұмысын жаңаша форматқа көшірмек. Сегізінші шақырылым депутаттары мәслихатты жаңғыртудың жаңа жобасын жасаған. Аймақтың барлық деңгейлі мәслихаттарының хатшылары мен депутаттары жиналған жиында жоба таныстырылып, ұсыныстары ортаға салынды.

Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко басты мақсат азаматтармен жұмысты күшейту екенін атап өтті. 7 ай жұмыс істеген депутаттар осындай тоқтамға келген. Бұл ретте, қазіргі заманның тиімді тетіктерін қолдануға мән берілмек.

– Электоралды кезеңде адамдармен кездескенде уәде берілді. Ендігі міндетіміз – осы бағытта тұрғындармен жұмысты тереңдете түсу. Тұрақты негізде Open әкімдікте азаматтарды қабылдаймыз. Алғашқылардың бірі болып бізде тұрғындармен жұмыс секторы ойластырылды. Осы ретте, біз мемлекеттік органдардың жауаптарына талдау жасауды мақсат еттік. Өйткені, тұрғындар формалды сипаттағы жауаптарға қанағаттанбайтындарын жиі айтады. Өтінімдер құру тұрғысында да жұмыс жүргіздік. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет академиясымен бірлесіп, облыстық мәслихат депутаттарын оқытуды бастадық, – деді И.Теренченко. Айта кету керек, облыстық мәслихат депутаттарынан кейін мұндай оқу қалалық, аудандық деңгейдегі мәслихат депутаттарын да күтіп тұр. Академия мамандары мәслихат жұмысын жаңғырту жобасы аясында қолдау көрсетпек. Алдағы уақытта байланыс, экономикалық сауаттылық, әлеуметтік мәселелерді жіті білу бағыттарына да күш салынбақ. Облыстық мәслихат төрағасы депутаттар барлық саланың білгірі бола алмайтынын алға тартты. Сондықтан, мәслихаттың әрбір тұрақты комиссиясына әртүрлі саланың кәсіби маманын бекіту көзделген. Мәслихатта жастар мәселелері жөніндегі жеке комиссия түзілген. Бұл комиссия спорт мәселесіне де мән береді.

– Президент мәслихаттарға елдің қоғамдық-саяси өміріне етене араласуы керектігін баса айтты. Бұрын тұрғындар өз депутаттарын білмейтіндерін, телефон қоңырауына жауап бермейтіндерін, тұрғындармен кездеспейтінін айтып, шағым түсіретін. Біз қазіргі таңда азаматтардың өтініштері, жұмысы, қала-аудан, ауыл мәселелеріне қаншалықты қанық екендігі тұрғысынан өзіміздің индикаторымызды енгіздік, – дейді И.Теренченко. Сегізінші шақырылымда барлық комиссиялардың бірлескен кеңейтілген отырыстарын өткізу жолға қойылған. Сонымен қатар, жас сарапшылар клубы да құрылмақ. Осылайша, мәслихат өзінің кадрлық резервін түзбек. Бұл сарапшылар мәслихаттың жастар мәселелері жөніндегі комиссиясымен өзара жұмыс жүргізеді. 2026 жылы елімізде мәслихаттардың құрылғанына 30 жыл толады. Осы уақытқа павлодарлық депутаттар үздіксіз оқу арқылы білімді жетілдіру жетістіктерімен жетуді көздеп отыр.  Тағы бір жаңашылдық, Павлодар қалалық мәслихат аппараты 2 ГИС қосымшасында депутаттардың жеке карточкасын барлық байланыс деректерімен құрған. Қалалық мәслихаттың төрағасы Қобыланбек Қожиннің айтуынша, тұрғындар өзі тұратын мекеннен сайланған депутатты өзінің мекенжайын теру арқылы навигатордан таба алады. Мұнда округке облыстық та, қалалық та мәслихат депутатының аты-жөні енгізілген. Округтің шекарасы да, депутаттың азаматтарды қабылдайтын күні, уақыты, кестесі, байланыс нөмірі көрсетіліп тұрады. Демек, тұрғындар өз округінен сайланған депутатты оңай тауып, өтінішін білдіре алады. Бүгінгі таңда бұл жаңа тәсілге өзге өңірлерден қызығушылық танытып жатқандар бар көрінеді. Комиссия отырыстарына сала сарапшыларын шақыртып, көтерілетін мәселені тереңінен талқылауға мән беру ұсынылды. Сонымен қатар, депутаттар әрбір тұрақты комиссия отырысының алдында әлеуметтік желілер арқылы талқыланатын тақырыптың аңдатпасын беруді жөн деп отыр. Осылайша, тұрғындардан ұсыныс-талаптар қабылданып, мәселенің бірден жан-жақты сараланғаны көзделуде. Яғни, әлеуметтік желілер кеңінен қолданылмақ. Өткен аптада мемлекеттік қызмет академиясында жиыннан кейін бірден оқу басталып кетті. Академия мамандары депутаттарды оқыту кезінде практикалық бағыттағы бағдарламамен де жұмыс істемек. Астанадан да сарапшылар келіп, оқытады. И.Теренченко көп жыл мәслихат аппаратында еңбек еткен азаматтардан да кеңес алуға, олардың тәжірибесіне сүйенуге маңыз берілетінін айтты.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.