Облыста 5 қарашада үш аудан әкімі сайланады. Саяси науқанға қатысатын аудандардың бірі – Ақтоғайда бүгінде дайындық жұмыстары қызу жүруде.

Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бәтима Әбілдинованың айтуынша, ауданда жалпы саны 29 сайлау учаскесі құрылған.

– Учаскелер 15 қазаннан бастап жұмыс істейді. Оның құрамына 147 адам енді. Тұрғындар 28 сайлау учаскесіне барып дауыс бере алады. Оның төртеуі аудан орталығында орналасқан. Елді мекен тұрғындарын сайлауға түсетін үміткерлер туралы ақпараттандыру мақсатында түрлі жұмыстар жүргізіліп келеді, – дейді Б.Әбілдинова. Сондай-ақ, биылғы саяси науқанда әр учаскеде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға барынша жағдай жасалған.

– Қазіргі уақытта ауданда 76 мүмкіндігі шектеулі адам бар. Олардың дауыс беруі үшін пандустан бөлек, әр учаскеде арбалар оңай кіретін арнайы кең кабиналар қойылған. Ал зағиптар Брайль жүйесі арқылы өзі таңдаған кандидатқа дауыс береді. Сурдоаударма да іске қосылған. Қосымша жарықтандыру мен үлкейткіштер орнатылған. Сондай-ақ, қажет болған жағдайда сурдоаудармашылар жұмыс істейді. Денсаулығына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын жағдайда үйде отырып дауыс беруге құқығы бар, – дейді ол. Бүгінде аудан әкіміне үміткер жандар әр елді мекенде сайлауалды бағдарламаларын ауыл тұрғындарына түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді.

А.БОРАНБАЕВА.