Бұрнағы күні «Достық үйінде» аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІІІ сессиясы өтті.

 

Шараға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, жергілікті қоғамдық бірлестіктердің, ҚХА құрылымдарының өкілдері, діни бірлестіктердің басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты тақырыппен өткен кезекті сессияда облыс әкімі Асайын Байханов Ассам-
блеяның ұлтаралық бірлікті нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында айтқан ой-пікірін тілге тиек етті.

– Әлемдегі геосаяси жағдай бүгінде өз әсерін тигізуде. Осы орайда еліміздің барлық саласында өзгерістер жүргізілуде. Әсіресе, келеңсіз қауіп-қатерге қарсы тұру үшін халықтың ұйымдасуы өте маңызды. Бұл ретте Ассамблеяның орны ерекше. Әсіресе, су тасқыны кезінде гуманитарлық көмек жинау және жеткізуге қатысқандардың барлығына зор алғысымды білді-ремін, – деді облыс әкімі.

Бұл ретте аймақ басшысы Павлодар, Железин, Успен аудандарының және Екібастұз қаласының этномәдени бірлестіктерінің, ақсақалдар мен аналар кеңестерінің, жастар қанаты және ғылыми сараптамалық топтың белсенді ісін атап өтті. Одан бөлек, «Достық үйінің» қызметін әлеуметтік және азаматтық бастамалардың қайнар көзі – «комьюнити-орталық» ретінде қайта форматтауды ұсынды.

Сессия барысында Торайғыров университетінің ҚХА кафедрасының меңгерушісі Арман Ақышев, облыстық фин-угор этномәдени орталығының төрағасы, ҚХА-ның Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Ольга Николашина, «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігінің белсендісі Данил Дзюба Президенттің сессия барысында ҚХА-ның Әділетті Қазақстанды құрудағы рөлі, олардың міндеттері және өз орталықтарының қызметі жайлы баяндады. Сондай-ақ, этноскверді жаңғырту және орналастыру бойынша жаңа идеялар дайындау,  аймақтағы мектептер үшін әдістемелік орталық ұйымдастырумен Қ.Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің жұмыс нысанын қайта қарау ұсынылды.

Жиын соңында рухани бірлікті, достықты және ұлтаралық ынты-мақтастықты нығайтуға белсенді үлес қосқаны үшін облыстық этномәдени бірлестіктердің бірқатар төрағасы мен мүшелері «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» белгілерімен, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен марапатталды.

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.