Аққулы ауданының әкімі болып Руслан Мұқанов тағайындалды. Бірнеше аудан, қала мен облыс әкімдігінде, бөлімде қызмет атқарған тәжірибелі мемлекеттік қызметші енді ауданға жетекшілік етеді.

 

Облыс әкімі Асайын Байханов Аққулы ауданы активінің жиналысына қатысып, ауданның жаңа басшысын таныстырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы бұған дейін аудан әкімі қызметін атқарған Абзал Балғабаевқа жұмысы үшін алғыс білдірді. Руслан Мұқанов 2008 жылы Инновациялық Еуразия университетін құқық және экономика негіздері мамандығы бойынша аяқтаған. Еңбек жолын Лебяжі ауданы Лебяжі ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы болып бастады. Кейін Павлодар қаласының, Павлодар облысының әкімдігінде бас маман болып жұмыс істеді. 2013-2023 жылдар аралығында облыстық дін істері басқармасында, кәсіпкерлік және туризм бөлімінде бөлім басшысы, Тереңкөл ауданы әкімі аппаратының басшысы, Аққулы ауданы әкімінің орынбасары, Ақсу қаласы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. Осы лауазымға тағайындалғанға дейін Павлодар облысы әкімі аппаратының хаттамалық-ұйымдастыру және аумақтық жұмыс бөлімінің басшысы болып еңбек етті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.