Алдағы уақытта облыс орталығы мен Екібастұз қаласы тұрғындарының демалысын тиімді өткізуі үшін қазіргіден де жайлы жағдай жасалмақ. Атап айтқанда, кеншілер шаһарындағы «Шахтер» саябағы мен Павлодар қаласындағы Усолка өзенінің арғы жағындағы аумақ кешенді түрде абаттандырылады. Сонымен қатар, облыс орталығындағы Лермонтов көшесінің кейпі жаңара түседі.

 

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен жиын барысында облыстағы сәулет жобалары қарастырылды. Олардың қатарында өңірде 15 қоғамдық кеңістіктің құрылысын қолға алу бар. Әсіресе, биыл бастау алатын үш жобаға баса мән берілді.

Алғашқысы – Екібастұз қаласындағы «Шахтер» саябағын қайта құру. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қалаға сапары барысында жергілікті ардагерлер орталық саябақты абаттандыруды сұраған еді. Кейін Президент тапсырмасы бойынша арнайы тұжырымдама әзірленді. Соған сәйкес, аумағы 27 гектар болатын саябақ функционалды аймақтарға бөлінді. Мұнда концерттік алаң, фудкорт, мұз айдыны/роллер алаңы, скейт, Workout, баскетбол, балалардың ойын алаңдары, жағалауы бар көл, демалу орындары, жас жұбайлар мен түлектер алаңы, құрғақ субұрқақтар, иттерді серуендетуге арнаған аумақ және тағы басқасы қарастырылған.

— Бұл — қала тұрғындары үшін ауқымды және қажет жоба. Біз жергілікті жұртшылықтың  «Шахтер» саябағына балаларымен келіп, серуендеп, тамақ ішетін орындарды құруымыз керек. Бұл қала тұрғындарының барлық санаттары үшін толыққанды демалыс болуы тиіс, — деп атап өтті А.Байханов.

Екінші жоба – облыс орталы-ғындағы экосаябақ. Оның орны кездейсоқ таңдалған жоқ. Павлодарлықтар Усолка көпірінің ар жағындағы аумаққа бұрыннан жиі жиналады. Тіпті, мұнда қолдан жасалған орындықтар, тамаққа арналған ошақтар пайда болды. Қала тұрғындары оны жақсартып, қоқыстардан тазартып және ретке келтіруді көптен бері айтып келеді. Асайын Байханов Павлодар қала-сының әкімі болған тұста осы аумақты экосаябаққа айналдыруды, аумақты өзгертіп, демалушылар үшін ыңғайлы жағдай жасауды ұсынған еді. Соның негізінде «Q88» урбанистер қауымдас-тығымен бірге Усолка жағалауын абаттандыру бойынша ұсыныстар жинақталды. Облыс әкімінің қалыптасқан ландшафты барынша өзгертпеу туралы тапсырмасын ескере отырып, барлық ұсыныстар біріктірілді. Мұнда 59,4 гектар аумақта ойын алаңдары, пикникке, кемпингке арналған алаңдар, пирстер мен ағаш үйлері бар балық аулайтын жағалаулар, қыста сырғанауға арналған төбелер, серуендеу көпірлері, арқан саябағы пайда болады. Су қоймасының жанына ағаштар отырғызылып, гольф алаңы орналастырылады.

Облыс орталығындағы тағы бір жоба – Лермонтов көшесін жаңарту. Жоба бойынша 3 шақырымдық велосипед жолын салу, асфальт жабынын ауыстыру, шағын сәулет нысандарын, арт-нысандарын орналастыру, балалар және спорт алаңдарын, құрғақ субұрқақтарды орнату қарастырылған. Абаттандырылатын аумақтың ұзындығы 2,5 шақырымды құрайды. Бұл жобаларды іске асыру 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бас мердігерлерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Облыс әкімі барлық жобалардың маңызды
екенін және жайлы әрі заманауи жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті.

— Демалыс орындары адамдары тарту нүктелеріне айналуы тиіс. Тұрғындар демалыс үшін қызықты заманауи орындарды күтеді. Біздің міндетіміз — өмір сүруге қолайлы жағдай жасау, — деді аймақ басшысы.

Барлық жобаларды бақылау және үйлестіру облыс әкімдігінің жобалық кеңсесіне бекітілді. Облыстың сәулет және қала құрылысы басқармасына жоба-ларды сүйемелдеу бойынша тұрақты негізде бақылау жүргізу тапсырылды. Сондай-ақ, жиналыста сараптаманың оң қорытындысын алған жобалардың мәртебесі талқыланды. Олар — Павлодар қаласында инклюзивті жастар спорт саябағын салу, Баянауыл ауылында мұражайымен визит-орталық салу, Баянауыл ауылының Сабындыкөл көлінің жағажай аймағын абаттандырумен қарау алаңын салу. Сонымен қатар, тағы 9 жоба әзірленуде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.