Елімізде төртінші деңгейлі бюджеттің енгізілгеніне алтыншы жылға аяқ басты. Әр ауылдың жеке қазынасы қалыптасып, қажетіне жарату мүмкіндігін берген бұл бастаманың қазіргі барысы қандай? Елді мекендердің бюджетінің меншік кірістері қаншалықты өсті? Ауылдың қандай мәселесін шеше алды? Міне, осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

 

Негізгі түсім

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы кезеңде елімізде халық саны 2 мың адамнан асатын ауылдарға аталмыш бюджет түрі енгізілді. Аймағымызда мұндай санатқа жататын 32 ауылдық округ айқындалған болатын. Араға екі жыл салып, 2020 жылы облыстағы барлық 126 ауылдық округтің дербес бюджеті пайда болды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчуктың мәлімдеуінше, биыл жалпы барлық ауылдық округтер бюджетінің көлемі 19,4 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда. Алайда, бұл соманың небәрі 9 пайызы — ауылдардың меншік кірісі. Мәселен, 19,4 млрд теңгенің 17,7 млрд теңгесі субвенция әрі нысаналы трансферттер түрінде берілетін қаржы. Тек 1,7 млрд теңге — ауылдық округтердің дербес бюджетіне тікелей түсетін сома. Айта кетейік, ауылдардың жеке бюджеті салықтық түсімдердің 8 түрінен қалыптасады. Яғни, жеке тұлғалардың мүлік салығы, жеке және заңды тұлғалардың ауылдық округ аумағындағы жер теліміне төленетін жер салығы, бірыңғай жер салығы, заңды тұлғалардан тіркелген орны бойынша, ал жеке тұлғалардан тұратын мекені бойынша көлік салығы, сыртқы жарнама орналастыру үшін төлем кіреді. Одан бөлек, салықтық емес түсімдер де бар. Мәселен, ауылдық округтің коммуналдық меншігінен кірістер, елді мекен әкімдері салатын айыппұлдар, жеке және заңды тұлғалардың ерікті жинау сомалары және тағы басқасы кіреді.

— 4-ші деңгейлі бюджеттер түсімдерінің шамамен 90 пайызын жоғары тұрған бюджеттердің қара-жаты құрайды. Нақтысы — субвенция және нысаналы трансферттер. Ал меншік кірістердің ішінде едәуір көп үлес, яғни, 97,3 пайызы — салықтық түсімдерге тиесілі. Оның ішінде көлікке салынатын салық – 42,8 пайыз, жерді жалдау – 16,8 пайыз төлем көзінен салық салынбайтын кірістерден жеке табыс салығы 26,3 пайызды құрайды, — дейді Ирина Петровна.

 

Іргесінде — ірі салық төлеуші

Осы ретте, қай ауылдық елді мекеннің бюджеті қандай көлемде екенін айқындап көрдік. Құзырлы басқарманың мәліметінше, Майқайың кентінің бюджеті ең көп деп есептеледі. Санмен сөйлесек, аталмыш кенттің қазынасы 760 млн теңгені құрайды. Оның 655,4 млн теңгесі субвенциялар мен нысаналы трансферттер болса, 104,6 млн теңгесі меншік кірістер есебінен қалыптасқан. Демек, меншік кірістермен қазынаның толығуы 13,8 пайызды құрайды. Ал бюджеті ең аз елді мекен – Ертіс ауданына қарасты Северный ауылдық округі. Есесіне, аталмыш ауылда меншік кіріспен қазынасының толығуы трансферттер мен субвенциялардан айтарлықтай көп. Мұнда округтің қазынасы — 32,9 млн теңге. Оның ішінде меншік табысы 19,6 млн теңгені құраған. Демек, меншік кірістермен бюджеттің толығуы — 59,6 пайыз көлемінде. Бұл — жалпы ауылдардың ең көп және ең аз бюджеті тұрғысындағы мәлімет. Ал енді меншік кірістері жағынан алда әрі соңында тұрған елді мекендерді сөз етейік.

Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының ақпаратына сәйкес меншік кірісі ең көп екі ауылдық округ бар. Олардың екеуі де кеншілер шаһарына қарасты. Бірі – Солнечный кенті, екіншісі — Төртқұдық ауылдық округі. Солнечный кентінің дербес бюджетінің 67,7 пайызы, Төртқұдық ауылдық округінде 78,9 пайызы меншік кірістер есебінен қалып-тасады. Мұндай көлемде ауыл қазынасына қаржы аталмыш елді мекендердің алып кәсіпорындардың іргесінде орналасуы септігін тигізіп тұр. Мәселен, Солнечный кентінің бюджетіне қомақты түсім, нақтысы 85 млн теңге ГРЭС-2 кәсіпорнынан түседі. Яғни, өндіріс орны жер учаскесін пайдалануы үшін кентке салық төлейді. Төртқұдық ауылдық округін ауқымды салықпен «Бозша-көл» ЖШС қамтып отыр. Аталмыш кәсіпорын да округке тиесілі жер телімін пайдаланып отырғаны үшін жыл сайын салық төлейді. Бұл өндірістен елді мекен қазынасына биыл 66 млн теңге түседі.

Меншік кірістерінің ең аз көлемі Тереңкөл ауданының Байқоныс және Аққулы ауда-нының Жамбыл ауылдық округтерінде тіркелген. Бұл елді мекендерде ауылдың жалпы бюджетінің небәрі 1,3 пайызын меншік кірістер қамтиды. Байқоныс ауылдық округінде бюджет көлемі 48 млн теңгені құраса, соның 4,6 млн теңгесі меншік кірістен түседі.

 

Төртқұдықтың ұпайы түгел

Жоғарыда айтқанымыздай, ірге-сінде ірі салық төлеушінің болуы — елді мекендер үшін әжептәуір көмек. Мұндай бақыт Екібастұз қала-сына қарасты Төртқұдық ауылдық округіне бұйырған. Жер учаскесін пайдаланғаны үшін «Бозшакөл» кен байыту кәсіпорны жыл сайын ауқымды салық төлейді. Төртқұдық ауылдық округінің әкімі Әлібек Онгонусовтың айтуынша, дербес бюджеттің көмегімен көп жылғы күрмеулі мәселелерді біртіндеп шешу мүмкін болып отыр.

— Ауылдағы жергілікті қауымдастықпен ақылдасып, қажетті-ліктерімізді айқындап аламыз. Былтыр дербес бюджетіміз есебінен екі қоқыс алаңын тазарттық. Оның бірі рұқсат етілген, екіншісі рұқсатсыз күл-қоқыс алаңына айналған аумақ еді. Округімізге қарасты төрт зираттың құжатын реттедік. Бозшакөл ауылында 3 көшеге, Төртқұдықта 6 көшеге жарық тарттық. Бозшакөл ауылында трансформатордың тозығы жеткен еді. Өткен жылы жаңарттық. Әкімдік балансында Төртқұдықта бір баспана бар. Былтыр соның шатыры мен терезелерін жөндедік. Биыл ішкі әрлеу жұмыстарын жүргіздік. Ауыл медбикесі зейнетке шығып кетті. Орнына шақыратын жас маманға осы баспананы ұсынсақ деген ой бар. Міне, осындай ірілі-ұсақты жұмыстарды жоғары жақтан қаржы күтпей, өз бюджетіміз есебінен шешу өте тиімді әрі жылдам, — дейді округ әкімі Әлібек Райханұлы.

Одан бөлек, биыл ауылдың 1,8 шақырымдық кіреберіс жолы мен ішкі көшелерді асфальттауға жобалық-сметалық құжаттары да дербес бюджет есебінен әзірленуде. 2003 жылы орнатылған КБМ-нің контейнері тозып кеткен. Мұны да ауыл қазынасынан ауыстыру көзделіп отыр. Екі ауылдың саз балшықты көшелеріне қиыршықтас төсеу жоспарланған.

Айта кету керек, Төртқұдық ауылдық округі былтыр дербес бюджет бойынша жоспарды асыра орындағандардың көш басында тұр. Яғни, бұл ауылдық мекенде жоспар 59,9 млн теңге болса, түсім 16,7 млн теңгеге асыра орындалған.

Жалпы аймағымызда 126 ауылдық округ болса, солардың 122-сінде жоспар асыра орындалған. Көбінде азын-аулақ көлемде жоспардан асса, кейбірінде әжептәуір ілгері-леушілік бар. Басқарманың мәлі-метіне сүйенсек, мәселен, Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылдық округінің меншік кірістер бойынша жоспары 13,9 млн теңге болса, жыл соңында бұл межеден 20 млн теңгеге асқан. Айтарлықтай оң нәтижесі орын алған округтер арасында Тереңкөл ауданына қарасты Жаңабет ауылы да бар. Мұнда 8,3 млн теңге көлеміндегі жоспар 12,8 млн теңгеге асыра орындалыпты. Екібастұз қаласы аумағындағы Әлкей Марғұлан ауылдық округінде де бюджетті толтыру жұмысы қарқынды жүргенін аңғаруға болады. Өткен жылы жоспар 4 млн теңге болса, әкімдік бюджетін тағы да 11,9 млн теңгеге толтыра алған. Құзырлы басқарма мамандары мұндай көп көлемде жоспарды асыра орындау жергілікті әкімдіктердің салық жинауда, бюджетті толықтыруда белсене бастағанын көрсетеді, дейді. Кейде біраз жыл жиналған салықтық берешектерді өндіру де қазына қаржысын еселеуге септігін тигізеді. «Ауылға көлемді салық қайдан  келсін» деген жаңсақ ой да болады. Алайда, кейбір елді мекендерде шаруа қожалықтарының иелігінде джип маркалы көліктер тіркеліп тұрса, оның біреуіне кемінде 300-400 мың көлік салығы төленетінін ұмытпаған абзал.

 

Арттыру амалы

Бүгінде жергілікті қауымдас-тықтың қаржылай және экономикалық дербестігі кеңейген. Жергілікті халық өзінің туған ауылын салық төлеу, сондай-ақ жергілікті қауымдастық жиналысында талқылау арқылы дамытуға тікелей қатысады. Алайда, ауылдық бюджеттің 90 пайызы әлі де аудандық, қалалық, облыстық бюджеттерге тәуелді. Яғни, кірісі төменгі-
лерге субвенциялар мен нысаналы трансферттер бағытталады. Жергілікті өзін-өзі басқару бюджетінің жалпы көлемі жыл сайын өскені байқалады. Мәселен, 2021 жылы аймағымызда ауылдық дербес бюджеттердің жалпы көлемі 12,1 млрд теңге болса, өткен жылы 17,4 млрд теңге, биыл 19,4 млрд теңгені құрады. Әлбетте, оның басым бөлігі — субвенциялар мен нысаналы трансферттер. Жоғарыда айтқанымыздай, биылғы 19,4 млрд теңгенің 17,7 млрд теңгесі — жоғары жақтан ауылдарға бөлінетін қаржы. Айта кету керек, биыл аймақ басшысы Асайын Байхановтың бастамасымен облыстық бюджеттен ауылдарда тұрғындар сұраған жобаларды іске асыру үшін 6,9 млрд теңге бөлініп отыр. Оған 117 ауылда 203 жоба іске асырылмақ. Яғни, аймақтағы 352 ауылдың үштен бір бөлігін қамтып өтеді. Көшелер мен кентішілік жолдар, коммуникация желілері, ауылдық клубтар жөнделіп, балалар, спорт алаңдары орнатылмақ. Ауылдардың дербес бюджетінің өздерінің қажеттіліктерін өтеуге әлі де жетпейтіндіктен осындай қолдау жан-жақтан көрсетіледі. Міне, осы салықтық базаны ауылдарда ұлғайту үшін құзырлы басқарма ұсыныс та жасап үлгерді.

— Орталық атқарушы органдарға ауылдық округтің аумағында тұрған жер учаскелерін пайдалану үшін төлемдердің түсімін ауылдық округтердің бюджеттеріне беру туралы ұсыныс жолдадық. Бұл жалпы көлемдегі меншік кірістердің үлесін орташа алғанда 9 пайыздан 15,5 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді, — дейді басқарма басшысы Ирина Назарчук.

Жуырда аймағымызға арнайы келген ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет жөніндегі коми-тетінің мүшелеріне де жетілдіретін тұстарды жеткізіпті. Өңірлердің бюд-жеттік дербестігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсыныстар Қаржы министрлігіне де жолданған көрінеді.

Түйін:

Ауылдардың дербес бюджетінің болғаны тиімді екенін ешкім жоққа шығармайды. Тұрғындарының санына, елді мекеннің орналасқан жеріне, айналасындағы мүмкіндіктерге қарай әр ауылдың алымы да әртүрлі. Бюджетінің толығуында да айырмашылық бар. Бірақ қанша түссе де, ауылдастарымен ақылдасып, әкімдердің өзі жетекшілік ететін елді мекендегі ірілі-ұсақты мәселені шешу үшін жоғары жаққа елеңдемей, өздігінен қадам жасай алатындығы қуантады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ