Облыстық мәслихаттың шешімімен аймағымызда әлеуметтік маңызы бар 142 автомобиль байланысы анықталды. Бұл тізімге енген 20 облысішілік, 67 ауданішілік және 55 қалалық автомобиль қатынасы қазына қаржысынан субсидияланады. Бұған дейін өңірімізде 117 бағытқа субсидия бөлініп келген.

 

Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкиров баяндады. Жиынға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты.

Айта кету керек, жаңа тізім бекітуде құзырлы орган облыстық мәслихат депутаттарының ұсыныстарын, тұрғындардың талап-тілектерін ескеріп, 9 автобус маршрутын қосты. Оның ішінде 8 маршрут облысішілік болса, біреуі Ақтоғай ауданының орталығында жолаушыларға қызмет көрсетеді. Жаңадан қосылған бағыттар Ақтоғай ауданының 8 ауылын, Железин ауданының екі ауылын, Шарбақты ауданының 7 ауылын, Аққулы ауданының 4 ауылын, Екібастұз қаласы ауылдық аймағының 1 елді мекенін және Ақсу қаласына қарасты 5 ауылды қамтымақ. Жаңа тізімге енген маршруттарды субсидиялау аймағымыздың қаншама ауылын тұрақты жолаушылар тасымалын ұсынуға, тұрғындарға қолжетімді тариф қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, автобус паркін жаңартуға жол ашады.

Қазіргі таңда облысішілік байланысқа шығатын автобустарды жаңарту мәселесі туындауда. Себебі, бүгінде олардың елу пайызы тозған. Субсидиялау нәтижесінде Павлодар-Аққулы, Ақсу-Екібастұз, Павлодар-Қаратай, Жаңабет-Тереңкөл-Павлодар бағыттарында жүретін автобустарды жаңарту мүмкін болған. Осы ретте, бұған дейін Ақтоғайдағы автобус қатынасы мәселесін көтерген облыстық мәслихат депутаты Сәбиден Мантықов ақтоғайлықтар атынан түйткілдің оң шешілгеніне байланысты облыс әкіміне, әріптестеріне алғысын білдірді.

Сессия отырысында облыстық мәслихаттағы өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған екі депутаттың орнына жаңадан сайланған халық қалаулылары таныстырылды. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың мәліметінше, №8 сайлау округі бойынша дауыс берген азаматтардың 74,3 пайыз дауысын жинаған Орынбасар Әлиев, ал №14 округтен 71,8 пайыз дауыспен Айгүл Мәлікова облыстық мәслихат депутаттарының мандатына ие болды. Жаңадан қатарға қосылған халық қалаулыларына депутаттық төсбелгі мен куәлік табысталды.

Облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко қатарға қосылған әріптестеріне депутаттық корпус атынан сәттілік тілеп, аймақ тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту жолында белсенділік танытатындарына сенім білдірді. Қос депутат өңір дамуына, сайлаушылардың сенімін ақтауға бар күш-жігерлерін арнайтындарын уәде етті. О.Әлиев мәслихаттың экология және қоршаған орта жөніндегі тұрақты комиссия құрамына енсе, А.Мәлікова экономика және бюджет мәселелері талқыланатын тұрақты комиссияда жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты А.Туғанбай аграрлық мәселелер жөніндегі комиссиядан экология және қоршаған орта жөніндегі тұрақты комиссияға ауысты.

Сессияда жерүсті су ресурстарын пайдаланудың төлемақы мөлшерлемесі бекітілді. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның мәлімдеуінше, су заңнамасында су пайдалану құқығы айқындалған. Яғни, жалпы су пайдалану және арнайы су пайдалану құқықтары бар. Алғашқысы бойынша қайтарымсыз негізде жеке және заңды тұлғаларға жекелей су объектілерін бекітпей, тұрғындардың қажеттіліктерін қана-ғаттандыруға бағытталған. Ал арнайы су пайдалану құқығына ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика, балық шаруашылығы, көлікке суға деген қажеттілікті қанағаттандыру үшін жерүсті және жерасты су ресурстарын пайдалану жатады. Айта кету керек, бұл мақсатқа рұқсатты бассейндік инспекция береді. Еліміздің Су ресурстары жөніндегі комитет 2016-2025 жылдарға аймағымызға су пайдалану лимитін 3,6 текше шақырым көлемінде бекіткен. Бұл – Ертіс өзені су ресурсының 10 пайызы. Сөйтіп, құзырлы орган барлық базалық мөлшерлемені ескере отырып, тұрғын үй пайдалану және коммуналдық қызметтер үшін 1000 текше метр су үшін 208 теңге деп белгіленсе, өнеркәсіпке 1000 текше метрінің құны 1197 теңге көлемінде ұсынылып отыр. Ауыл шаруашылығы және тоған шаруашылығы мақсатында 1000 текше метр суға 337 теңге айқындалды. Су көлігіне мөлшерлеме 46 теңге тағайындалмақ.

Талқыланған тағы бір мәселе – жастарды саяси қызметке дайындау, жастар арасында саяси мәдениетті дамыту және орта білім беретін мектептердің оқушыларын жазғы кезеңде жұмысқа орналастыруға қатысты болды. Осы ретте, айма-ғымызда депутаттық топ құрылмақ. Оған облыстық мәслихаттың жас депутаттары кіреді.

Илья Теренченко аймағымызда мәслихат жанынан құрылған жас саясаткер клубының маңызына тоқталды. Қазір жастардың саяси белсенді болуы аса қажет, деді. Бүгінде облыстық мәслихаттың депутаттық корпусының 30 пайыздан астамын жастар құрайды. Клубтың алғашқы отырысы өтті. Өңірдің креативті жастарының белсенділігі байқалған. Мамыр айында кезекті отырысы өтпек. Оған облыс әкімі шақырылды. Жастарды жұмыспен қамту ісіне қоғам қайраткері, партиялық және мемлекеттік қызмет ардагері Владимир Берковский жетекшілік етпек. Аймақ басшысы бұл жобаның маңызды екенін атап өтті.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда өткен Ұлттық құрылтайда аса маңызды идеологиялық бағыттарға тоқталды. Отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілікке маңыз берді. Міне, осы басымдықтар депутаттық корпус жұмысының негізі болуы тиіс. Өңіріміздің депутаттары аймақ дамуына елеулі үлес қосып келеді. Өзара жұмыста әрдайым тығыз байланыс бар. Өңірімізде су тасқынын тұрақтандыра алдық. Зардап шеккендерге тиісті көмек көрсетілуде. Жарамсыз болып қалған үйлердің орнына жаңасын сала бастадық. Осы істе барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қаржылай да, басқаша да қолдау көрсетті. Алғысымыз шексіз, – деді аймақ басшысы.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.