Бұрнағы күні облыс әкімдігінде аппараттық кеңес отырысы өтті. Жиын барысында екі бірдей мәселе қаралды. Алдымен күн тәртібіне қойылған мәселе — өрт қаупі бар маусымға дайындық барысы пысықталды. Сонымен қатар, жиында облыс бойынша абаттандыру және көгалдандырудың жұмыс жоспары талқыланды.

 

Кезеңге дайындық қалай?

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңес отырысында алдымен өрт қаупі бар кезеңге дайындық барысы талқыланды. Облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаеваның мәліметінше, биыл орман қоры аумағында қауіпті өрт маусымы 8 сәуірден бастап белгіленді.

— Павлодар облысының мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 478 мың гектарды құрайды, оның 275 мыңы немесе 58 пайызын орман алып жатыр. Жергілікті әкімдік мекемелерінің үлесіне 127,0 мың гектар шамасында (орманды алқап – 89,8 мың гектар) немесе облыс орман қорының 27 пайызы тиесілі. Былтырғы жылы мемлекеттік орман қорының аумағында 207 орман өрті орын алды, оның 80 пайызы республикалық мекемелерге қатысты. Ал, облыс әкімдігіне бағынысты мекемелер бойынша 47 факт тіркелді, — деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, жиын барысында Әйгерім Қабылтаева бүгінгі таңда орман қорғау мекемелері алдағы өрт қаупі бар маусымға қарқынды дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізді. Айтуынша, облыс бойынша өртті жоюға 500-ден астам тұрақты мемлекеттік орман күзеті және өрт сөндіруші бригадалар жұмылдырылады. Бұдан басқа, өртке қарсы патрульдік техникалар базасы дайын. Бұл — 11 өрт сөндіру автоцистернасы мен 24 шағын өрт сөндіру кешені. Қауіпті өрт кезеңіне 13,4 тонна көлемінде жанармай қорының резерві қамтамасыз етілді.

— Жұмыс алгоритмі – өрт қаупі бар маусымы басталғанға дейін жүргізілетін дайындық іс-шараларын және маусым бойы іске асырылатын профилактикалық  іс-шараларды қамтиды. Атап айтқанда, аудандар мен қалалардың барлық әкімдікте-рімен және төтенше жағдайлар бөлімдерімен «Мемлекеттік орман қоры аумағында өртті сөндіру үшін күштер мен құралдарды тартудың жедел жоспарлары» бекітілді. Ресей Федерациясының шекара маңындағы орман шаруашылықтарымен орман өртін анықтау және сөндіру кезіндегі өзара іс-қимыл туралы 4 келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, биыл орман орналастыру жобаларының нормаларына сәйкес 3 мекеме бойынша 5 620 шақырым ұзындықта минералдандырылған жолақтарға күтім жасалады. Жалпы республикалық мекелермен қосқанда облыс аумағында 24 мың шақырымнан астам жолақ минералдандырылады, — деді ол.

Бұдан бөлек, басқарма басшысы орман өртін сөндіруге арналған су айдындарына қатысты баяндама жасап, облыстық орман шаруашылықтары өрт сөндіруге әуекөлігін пайдалана алатындығын атап өтті.

— Баянауыл ұлттық паркінде өртті сөндіруге арналған 9 жасанды және 4 табиғи су қоймасы – яғни көлдер бар. «Ертіс орманы» резерватында Жаңаауыл, Шалдай, Бәйімбет ауылдарының маңында жерүсті техникасымен су алу үшін тереңдігі 2-2,5 метрден аспайтын жасанды су айдындары және әуе көлігімен су алуға қолайлы бір табиғи су айдыны – Кезентал көлі бар. Ағымдағы жылы су ресурстары, төтенше жағдайлар және экология министрліктерімен орман алқабына жақын орналасқан су объектілерінде түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары әзір-ленді. Ерекше қорғалатын табиғи территориялардың аумағында су айдындарының түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуге заңнамаға сәйкес тыйым салынғандықтан, балама ретінде резерват аумағында (Шошқалы орманшылығы және Бәйімбет орманшылығы) 50-100 текше метр су көлеміне арналған сыйымдылықтар орнату жоспарланды, — деді Ә.Жаңбыртайқызы.

Айта кетейік, Мемлекет басшы-сының тапсырмасы аясында өткен жылы өңірлік мекемелердің материалдық-техникалық базазын нығайту бойынша айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша республикалық мекемелер 9 өрт сөндіру машинасымен және 3 шағын орман күзет кешенімен толықты-рылды. Орман шаруашылықтары үшін 5 өрт сөндіру автоцистернасы және 10 шағын орман күзет кешені, сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдіктері үшін 20 бірлік шағын орман күзет кешендері сатып алынды. Сонымен қатар, Павлодар орман шаруашылығы мекемесі
орман алқаптарын патрульдеу үшін 33 мотоциклмен толықты. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен тағы 4 өрт сөндіру автоцистернасын сатып алуға қаражат көзделген.

Онымен қоса, отырыс барысында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекция басшысының міндетін атқарушы Қайрат Әбілбаев биыл «Ертіс орманы» резерваты аума-ғында өртті ерте анықтайтын дабыл жүйесі орнатылып жатқанын айтты. Оның пікірінше, өртті ерте анықтау жүйесі орманның ішінде оттың тұтану орнын тез және қысқа мерзімде анықтап, оны сөндіру үшін жедел әрекет етуге көмектеседі.

– Бұл жүйе арқылы найзағай түсетін жерді бірден анықтауға болады. Өрттің қай жерде шыққанын да тепловизор арқылы көре аламыз. Бүгінде 23 тірек бағана орнатылып, қызметкерлерді жүйені толықтай меңгеріп алу үшін оқытып жатырмыз. Өртті ерте анықтау жүйесі 8 сәуірге дейін іске қосылады, – деді Қ.Әбілбаев.

Аймақ басшысы былтыр шыққан өрттердің басым көпшілігі найзағайдың түсуінен болғанын еске түсіріп, жауапты мекеме басшыларына тілсіз жаумен күресудің тиімді жолдарын қарастыруды жүктеді. Сондай-ақ, Асайын Байханов облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасына құрғақ және ескі ағаштардың бұталарын жою мәселесін бейінді министрлікпен ақылдасып, талқылауға тапсырды.

Облыс әкімдігінде өткен аппа-раттық жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев өңірде табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай туындаған кезде жедел шаралар қабылдау мақса-тында өртті сөндіруге күштер мен құралдарды тарту алгоритмі әзірленгенін мәлім етті.

– Облыста 57 өрт сөндіру бекеті, 59 түрлі техника, 140 қызметкер бар. Олар саны 115 мыңнан астам адам тұратын 263 елді мекенді өрттен қорғауды жүзеге асырады. Табиғи өрттерді ертерек анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ-мен ғарыштық мониторинг қызметтерін көрсету бойынша келісім-шарт жасалды. Бұдан басқа, облыс аумағында өрт сөндіру бекеттерін кезең-кезеңмен құру жоспарына сәйкес 2024 жылы бес ауданда өрт сөндіру бекеттері пайда болады. Атап айтқанда, жаңа бекеттер Баянауыл ауданының Бірлік ауылында, Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылында, Железин ауданының Веселая Роща ауылында және Тереңкөл ауданының Львовка ауылында орын алады. Ал жоспардан тыс қосымша өрт сөндіру бекеті Ақтоғай ауданының Басқамыс ауылында салынады, — деді Ж.Жұмашев.

Аймақ басшысы Асайын Байханов қалалар мен аудандардың әкімдіктері мен уәкілетті мемлекеттік органдарға өрт қауіпсіздігі нормаларын сақтау бойынша шараларды қатаң бақылауға алуды, сондай-ақ, өрт кезінде келтірілген залалды өтеу бойынша орман қорғау мекемелерімен меморандумдар жасасуды тапсырды. Еске сала кетейік, биыл қала мен аудандар аумағында табиғи сипаттағы өрттерді алдын алу мен өрт сөндіру шараларына, техникалық қару-жарақты сатып алу үшін жергілікті бюджеттен шамамен 276 миллион теңге қаражат бөлінді.

Шаһардың ажары артады

Облыс әкімдігінің аппараттық жиналысында күн тәртібіне көте-рілген келесі мәселе — абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары. Сондай-ақ, отырыс барысында Павлодар қаласының инже-нерлік инфрақұрылымы да талқыланып, шаһардың бас жоспарына толықтырулар мен өзгер-тулер енгізілді. Айта кетейік, биыл облыс бойынша 43 ауылда 62 жоба жүзеге аспақ. Осылайша 15 саябақ пен аллея салынса, 18 ауыл жарықтанады. Ал, облыстың 3 қаласын абатттандыру үшін арнайы бағдарлама да жасалған. Аталған бағдарламаға сәйкес ағымдағы жылы облыстың 146 ауласында жаңа балалар ойын алаңдары орнатылады, аумағы жарықтандырылып, асфальт төселеді. Бұған бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлінді.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтың мәліметінше, сәуір айынан бастап облыс орталығындағы 22 білім беру және екі денсаулық сақтау мекемесінің аумақтарын асфальттау жұмыстары басталады. Бұдан бөлек, 12 шағын футбол алаңын, 25 жаттығу кешенін, 30 стрит-воркаут және 25 стритбол алаңын, он шахмат үстелін орнату көзделіп отыр.

– Жоспар бойынша 80 аулада көріктендіру жұмыстары жүргізіледі. Аталған аулаларға 14 элементі бар балалар ойын алаңдары орнатылып, аулаішілік жолдарға асфальт төселеді. Сондай-ақ, сыртқы жарықтандыру құрылғылары ауыстырылады. Асфальт төсеу және жарықтандыру бойынша мердігерлер анықталды. Балалар алаңдары бойынша конкурстық шаралар аяқталуға жақын. Бұдан басқа, биыл Лермонтов көшесі жаңартылады, жол жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы салынады, шағын архитектуралық формалар, субұрқақтар орнатылып, гүлдер отырғызылады. Орталық жағажайдың шомылу алаңы жөнделіп, асфальт жабындысы, жарықтандыру құралдары ауыстырылады. Тұрғындардың жыл бойы демалуына жағдай жасау үшін Усолка шағын ауданындағы экосаябақ көріктендіріледі, – деді шаһар басшысы.

Бұдан бөлек, ағымдағы жылы облыс орталығындағы сегіз шағын сквер қайта қалпына келтіріледі. Вокзал алаңы жөнделіп, үлкен сағат реконструкциядан өтеді. Қазіргі уақытта теміржол көпіріне иллюминациялық жарықтандыру орнату бойынша конкурстық шаралар өтуде. Жұмыстарды ағымдағы жылдың 19 мамыр күніне дейін аяқтау жоспарланған. Онымен қоса, биыл бекітілген дендро жоспарға сәйкес, саябақтар мен бақтарда 20 мыңға жуық ағаш пен көшет, 35 мың шаршы метр аумақта гүл отырғызу, 20 мың шаршы метр аумақта көгал төсеу жоспарланып отыр. Жалпы аумағы 217 шаршы метр болатын төрт саябақ пен бақта автоматтандырылған суару жүйесін орнату бойынша жұмыстар жалғасады.

– Биыл алғаш рет қоғам өкіл-дері мен экологтардың қатысуымен ағаштарды формаға келтіру жұмыстары қыста басталды. Қазіргі уақытта бұл жұмыстар 75 пайызға орындалды. Көгалдандыру жұмыстары бойынша да жұмыс тоқтаған емес. Биыл 55 мың түп ағаш отырғызылып, 35 мың шаршы метр аумаққа гүл егіледі. Аймақтың ірі қала құраушы кәсіпорындарымен бірлесіп, кәсіпорынның санитарлық-қорғау аймақтарына көктемде 14 мыңнан астам әртүрлі ағаш отырғызу жоспарлануда, – деді Х.Хабылбеков.

Облыс әкімі Асайын Байханов қалаларды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары кезек күттірмейтін мәселе екенін ескертті. Сондай-ақ, аймақ басшысы тұрғындар мен қала қонақтары үшін қолайлы орта жасау мәселесі жергілікті атқарушы органдардың күнделікті бақылауында болуы тиіс екенін еске салып өтті. Жиналыс қорытындысы бойынша өңір басшысы барлық жобалар бойынша конкурстарды уақытылы аяқтауды, содан кейін мердігерлердің жұмыстарын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

А.МҰҚЫШЕВ,

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.