Аймағымызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын іске асыруға бағытталған жұмыстар қызу басталып кетті. Осы мақсатта облыс әкімі Асайын Байхановтың төраға-
лық етуімен өткен аппараттық жиында әр сала бойынша жүзеге асатын жоба-жоспарлар талқыланып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелді.
Азаматтардың табысы өседі
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрғанын, соған қарамастан ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өскенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды ары қарай да табысты жалғастыра беруді тапсырған еді. Алқалы жиында алдымен осы бағытта облысымызда атқарылатын іс-
шаралар барысы сөз болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук:
— Бүгінгі таңда аймағымызда 4 бағыт бойынша жұмыс жүргізу жоспарланып отыр. Біріншісі, 2024-2028 жылдарға арналған өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамының 2 кезеңін қалыптастыру. Сол бойынша жыл сайын экономиканың негізгі салаларында оң көрсеткіштер орын алады деп күтілуде. Мәселен, өнеркәсіп секторы – 102%, өңдеу өнеркәсібі – 102,2%, электрмен жабдықтау — 102,8%, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы — 102,8%, құрылыс секторы — 100,3%-ға дейін жететін болады. Екіншіден, өңірде саяси реформалар жүргізу және мемлекеттік жоспарлау жұмыстары жалғасын табады. Үшінші бағыт бойынша түсімдердің үш түрін республикадан жергілікті қазынаға қайтару жөнінде ұсыныстар жіберіліп, бюджеттік саясаттың тиімділігін арттыру мақсатында пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Төртінші бағыт — ең төменгі жалақы мөлшерін өсіру. Осы орайда бюджеттік ұйымдардың 21 мың қызметкерінің еңбекақысы қайта қаралады. Жалпы, оларды қоса есептегенде 44 мыңға жуық павлодарлықтың табысы өседі деп жоспарлануда, — деді. Аймақ басшысы Асайын Байханов бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүзеге асуын жіті назарда ұстауды тапсырды.
Туризм саласы дамиды
Мемлекет басшыс ы маңызды құжатта елдің берік өнеркәсіптік құрылымын қалыптастырып, өңдеу секторының жедел дамуына басты назар аудару қажеттігін қадап айтты. Бұл ретте, облысымызда да ауқымды жұмыстар қолға алынуда. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сағыныш Нұрқымбаевтың айтуынша, өңіріміз өнеркәсіптік өндіріс көлемі жағынан республикада 4-орын, ал өңдеу көлемі бойынша 2-орыннан көрінуде екен. Алдағы уақытта аймақта жалпы сомасы 862 млрд теңгені құрайтын 10 жобаны іске асыру көзделген. Сондай-ақ, ол еліміздің туризм саласында серпінді жобалар қанат қағатынын да алға тартты.
— Негізгі туристік бағыттар Баянауыл курорттық аймағы және Павлодар қаласы болып табылады. Облыста туристік саланы дамытудың өңірлік бағдарламасы бекітілді. Оның шеңберінде 2024 жылға жалпы сомасы 4,5 млрд теңгенің 9 жобасы жоспарланған. Сонымен қатар, Баянауыл курорттық аймағында және Шарбақты ауданында туристік әлеуетті дамыту үшін демалыс үйлерін, жол бойындағы сервистік қызмет нысандарын салу жоспары бар, — деді Сағыныш Нұрқымбаев. Облыс әкімі өңірлік туризмді дамыту мәселесін кешенді қарау қажеттігіне тоқталып, Баянауылдан басқа да өңірлерде туризмді дамытуға мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті.
— Мәселен, Мойылды мен Тұзқала шипажай-демалыс орындары жақсы дамып келеді. Осындай жерлердегі инфрақұрылым мен туристік әлеуетті ұлғайтуға бағыт-талған жұмыстар атқарылуы тиіс, — деді Асайын Байханов. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта осы іс-шараларды іске асырудың жол картасын жасауды тапсырып, кәсіпкерлермен де қоян-қолтық жұмыс істеу керектігін қадап айтты.
Станциялар жұмысы — бақылауда
Жолдауда су ресурстарын үнемдеп пайдалану керектігі қозғалып, су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұрғаны және осы олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл әрі шұғыл шаралар қажеттігі сөз болғаны белгілі. Аймағымызда су үнемдеу технологиясын енгізу мақсатында Баянауыл ауданының 4 ауылдық округінде лиманды суару жүйелерін жаңарту бойынша жобалар әзірленген. Май ауданының Қолыбай лиманды суару жүйесін қайта жаңғырту бойынша да құны 52 млн теңге тұратын жаңа жоба дайындалуда. Сондай-ақ, биыл өңірде тұрғындарды ауыз сумен қамту үшін 3,1 млрд теңгенің 10 жобасы іске асуда. Аталған мәселе жөнінде баяндаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Салханов:
— Жыл қорытындысы бойынша ауылдарда орталықтандырылған сумен қамтамасыз етудің қолжетімділігін 95,1%-дан 97,5%-ға дейін арттыруға мүмкіндік туды. Ал сумен жабдықтау және су бұру саласында түзетуден кейін инвестициялар сомасы 11,3 млн теңгеге ұлғайды, — деді. Басқарма басшысы, сонымен қатар, электр қуатын арттыру шеңберінде электр станцияларының негізгі жабдықтарын қалпына келтіру және жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқанын да атап өтті.
— Мәселен, «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС электр станцияларында қуаты 500 МВт №1 энергия блогын қалпына келтіру жобасы іске асырылуда. «Екібастұз ГРЭС-2 станциясы» АҚ-да қуаты 636 МВт №3 энергия блогының құрылысы жүргізілуде және «ЕЭК» АҚ-да қуаты 325 МВт №7 энергия блогы қайта жаңартылуда. Осы нысандарды пайдалануға беру арқылы облыстың энергия кешенін 9163 МВт-қа дейін арттыру жоспарлануда, — деді Ержан Салханов. Облыс әкімі басқарма басшысына Жолдауда Екібастұздағы екі ГРЭС-тің қуаттылығын арттыру керектігі айтылғанын ескертіп, осы бағыттағы жұмыстарды бақылауда ұстауды тапсырды.
Нысандар жаңартылады
Алқалы жиында аймақтың көлік-логистикалық әлеуетін дамыту мақсатында 6 бағыт бойынша жұмыстар атқарылып жатқаны сөз болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров:
— Бірінші бағыт бойынша Екібастұз қаласының теміржол вокзалын жаңарту жоспарлануда. Оның ғимараты 1988 жылы салынып, содан бері жөндеу көрмеген. Қазіргі уақытта бұл жоба даму сатысында. Екінші бағыт бойынша Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағы жаңартылатын болады. Осы бағыттағы монтаждау жұмыстарының құны 16,9 миллиард теңгені құрайды. Жауапты министрлікке 2024 жылы республикалық бюджеттен қаражат бөлу туралы өтінім жолданды, – деді. Сонымен қатар, ол алдағы уақытта теміржол магистральдік желісін дамыту және жаңарту, ұзындығы 558 шақырымдық республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салу, Ертіс өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысын бастау жұмыстары қолға алынатынын мәлім етті. Аймақ басшысы аталмыш жоба-лардың ойдағыдай жүзеге асуына айрықша мән беру керектігін тапсырды.
— Биыл менің тапсырмам бойынша Павлодар қаласының теміржол вокзалы жаңартудан өтуде. Келесі жылы Екібастұз қаласында да теміржол вокзалын қайта құру жобасын дайындауды тапсырамын. Сондай-ақ, тағы екі үлкен жоба бар. Соның бірі – әуежайдың ұшу-қону жолағының реконструкциясы. Өздеріңіз білесіздер, оның сапасы өте төмен. Сондықтан болашақта үлкен ұшақтарды қабылдау үшін осы жобаны сапалы және уақытында атқару керек. Тағы бір жоба — Ертіс өзенінен өтетін көпірді жөндеу. Бұл жұмыс биыл басталуы тиіс. Аталмыш ауқымды жобаның жүзеге асу барысы жайлы маған тоқсан сайын ақпарат беріп отырыңыздар. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдар арасында болашағы бар ауылдарға кіреберіс жолдар толықтай жөнделуі тиіс. Жұмыстың сапасына мән беріп, соған сай жоспар жасалсын, — деді Асайын Байханов.
Аграрлық сала алға басады
Жолдау жүктеген міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмаларын орындау мақсатында аймағымызда ауқымды жобалар жүзеге аспақ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаевтың айтуынша, биыл қуаттылығы жылына 12 мың тонна ет өңдеуге арналған 2 жоба, 10 мың тонна сүт өндіретін зауыттарды жаңғырту бойынша 3 жоба және өсімдік шаруашылығы өнімдері үшін тағы да 3 жобаны іске асыру жоспарлануда.
— Осы жобалардың нәтижесінде өңірімізде өндірілетін өнім көлемін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, 2025 жылға қарай азық-түлік өнімдерін өндіру 1,5 есеге, ал инвестицияларды 9 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр. Қосымша 2024 жылға етті мал шаруашылығы нысандарын, құс фабрикалары мен көкөніс қоймаларын салу және кеңейту бойынша 40 жобадан тұратын пул қалыптастырылды, — деді ол. Басқарма басшысы агро-
кешен жұмысын жандандыру мақсатында биыл машина-трактор паркін жоспарлы жаңартуды ынталандыруға 18 млрд теңге бөлінгенін, нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқыны жылына 4%-ға дейін жеткізілетінін, 2025 жылға қарай агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын 2 есеге дейін арттыру жоспарланғанын да мәлімдеді. Облыс әкімі ауыл шаруашылығы бойынша белгіленген міндеттерді сапалы орындауды, жер қатынастары басқармасына пайдаланбайтын жерлерді мемлекет иелігіне қайтару жұмыстарын күшейтуді және Қ.Сәтбаев атындағы канал бойындағы жер учаскелерін суармалы жерлерге өзгертуді қарастыру керек екенін тапсырды.
Ұсыныстар бар
Мемлекет басшысының отандық білім беру сапасын арттыру туралы тапсырмасы аясында аймағымызда бірқатар шаралар жоспарлануда. Бұл жөнінде баяндама жасаған облыстық білім беру басқарма-сының басшысы Самал Айтқазина алдымен барлық деңгейдегі білім беру сапасын жақсарту үшін ұстаздардың құзыретін көтеру керектігіне тоқталды.
— ҚР Оқу-ағарту министрлігі әр үш жыл сайын педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша оқыту курстарын өткізеді. Келесі жылы оған 5 мыңнан астам педагог жіберіледі, — деді ол. Аймақтың бас ұстазы, сондай-ақ, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс жыл сайын көбейіп, соңғы 5 жыл ішінде 1800 орынға артқанын атап өтті. Саладағы мәселелерді де сөз еткен Самал Айтқазина оқу материалдарын цифрлық форматқа ауыстыруға байланысты 1-4-сынып аралығындағы 47,1 мың оқушыға планшеттер сатып алу қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, оқушы саны 500-ден асатын мектептер мен колледждерде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында құқық бұзушылықты жою жөніндегі менеджер лауазымын енгізу ұсынылғанын және Павлодар, Екібастұз, Ақсу сынды бала саны көп үш қалада білім басқармасы басшысының тәрбие ісі және қосымша білім беру мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарының бөлімшесін енгізу қажет екенін атты. Облыс әкімі жауапты мамандарға 2024 жылдың соңына дейін цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесіп өңірдегі барлық білім беру мекемесін сапалы интернетпен қамтамасыз етуді, колледж студенттерінің өңірдің қажеттілігіне сәйкестігі туралы еңбек нарығына талдау жүргізуді тапсырды. Аппараттық жиынның бірінші бөлімін қорытындылаған Асайын Байханов Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға бағыт-талған іс-шаралар мен шешімдерді қабылдауға 10 күн уақыт берілетінін қадап айтты.
Арыз-шағым көбейді
Облыс әкімі отырыстың екінші бөлімінде тұрғындар тарапынан келіп түскен өтініштерді талқылап, өз ісіне салғырт қараған бірнеше шенеунікке сөгіс жариялады. Аймақ басшысының айтуынша, жаңа оқу жылы басталғалы ата-аналардан арыз-шағымдар көбейген. Соның бірі – Павлодар қаласының іргесінде орналасқан Павлодар ауылында оқушыларды тасымалдайтын мектеп автобусына қатысты көтерілген мәселе. Бұл жөнінде бұған дейін бейхабар болып келген Асайын Байханов:
— Мен осы жағдай туралы 5 қыркүйекте ғана естіп отырмын. Қала билігі ешбір мәселе жоқ екенін айтады. Халқының саны 6 500-ден асатын үлкен ауылда мұндай проблема бар екені жөнінде жауапты адамдар тіс жармаған. Енді бүгін біз автобусты қайдан аламыз? Көлік сатып алу үшін ол туралы ақпарат көктемде берілуі тиіс еді. Мәселе қаражатта емес, уақыт өткізіп алдық, – деді. Сонымен қатар, ол облыстық білім беру басқармасының басшысына ауыл әкімі және шаһар басшылығымен бірге ауылдағы ата-аналармен шұғыл түрде кездесіп, мәселенің шешімін табуды тапсырды. Өз жұмысына деген немқұрайлылығы үшін Павлодар қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Светлана Гладышева, білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин және Павлодар ауылының әкімі Сырым Рушановқа сөгіс жариялап, басқарма басшысы Самал Айтқазинаға ескерту жасады. Бұдан былай мұндай үнсіздікке жол берілмейтінін айтқан аймақ басшысы Баянауыл ауданындағы Қ.Сәтпаев атындағы мұражай ғимараты шатырының екпінді жел салдарынан ұшып кеткенін мысалға келтірді. Содан бері біраз уақыт өтсе де, шатыр әлі жөнделмеген. Осы бағыттағы жұмыстарға селқостық танытқаны үшін Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев пен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан да сөгіс алды. Аймақ басшысы, сондай-ақ, «109» бірыңғай қызмет орталығы мен «Мансап» орталығының жұмысына да көңілі толмайтынын, соңғы уақытта тұрғындардан ауыл әкімдері, полиция басқармасы мен денсаулық сақтау, білім беру саласына қатысты шағымдар жиілегенін айтып, осындай мәселелерді болдырмау керектігін тапсырды. Сонымен қатар, бұдан былай жұмысына салғырт қарайтын шенеуніктер лауазымынан босатылатынын да ескертті.
Нұржайна ШОДЫР.