Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

«Достық үйінде» Президент Жолдауын ұжымдық көру ұйымдастырылды. Облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам өкілдері, жастар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері тікелей эфирден көрді. VIIІ шақырылымдағы Парламенттің екінші сессиясына қатысқан ел Президенті Қазақстан халқына кезекті жолдауын ұсынды. Онда еліміздің қарыштап дамуына қажетті қадау-қадау мәселелер қамтылды. Атап айтқанда, өнеркәсіп, туризим, ауыл шаруашылығы салаларын дамыту және инфрақұрылымды нығайту мәселеріне зор мән берді. Сондай-ақ, энергетикалық қауіпсіздік, тариф саясатын қайта қарау, елді газбен қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр қуаты, жылу және су секілді тұрмысқа аса қажет игіліктерді үнемді пайдалану қажеттігін баса айтты. Президент елімізде атом электр станциясын салу немесе салмау секілді еліміздің келешегіне қатысты маңызды мәселені жалпыұлттық референдумда шешілетінін айтты. Жалпы, жаңа стратегиялық құжат елімізде маңызды салаларды дамытумен қатар тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған.

жолдауға – қолдау

Шолпан БАЙҒАЛЫ, ақын, журналист, Павлодар облысының Құрметті азаматы.

Елімізде саяси өзгерістер болатындығы ел Президентінің осы Жолдауында көрініс тапты. Ел дамуының басым бағыттары айқындалды. Жолдауда айтылған міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ауылды көтеру – басты міндет.

Президент алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу керектігіне назар аударды. Жұмысқа өзіміздің шикізатты, тауарлар мен кадрларды, яғни барлық ішкі мүмкіндіктерімізді пайдалану қажет екені баса айтылды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл да Президенттің нақты тапсырмасы болып табылады.

«Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек. Басты назарды облыс орталықтарына емес, ауданға, моно-қалаларға және ауылға аударған жөн. Яғни, ауыл тұрғын-дарына отбасы жағдайларын көтеріп, жеке баспана тұрғызуына мүмкіндік беріледі. Енді қазақстандықтарға 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Мұның да тұрғындарға жасалатын жағдай әрі қамқорлықтың белгісі екендігіне риза боласың.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтеріледі. Бұл жалақысы төмен ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын көтеріп, елдің әлеуетін арттырады деп сенеміз.

Бақытжамал Максилова,

«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Жыл сайын Президенттің Жолдауын асыға күтеміз. Биылғы  Жолдауда еліміздің үштен бір бөлігі жастар екені жайлы айтылғанда қатты қуандым. Президент жастарға «адал болыңдар, адам болыңдар» деп ерекше атап өтті. Сондықтан ар алдында адал болып, әр қадамымызды дұрыс бассақ, ісіміз де оңға басады. Әрбір адам еліміздің гүлденуіне үлес қосар болса, ел болашағы жарқын болады. Сондықтан үлкен де, кіші де қол қусырып қарап отырмай, еңбек етуі қажет. Біз ел ертеңі – жастарға үлгі болуымыз керек.

 

Айгүл Мәлікова, «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

– Жолдауда әлеуметтік-эконо-микалық реформаларға басымдық берілді. Сонымен бірге «AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын ерекше атап өтті. Осы жобаның аясында еліміздің 8 аймағында 20 мыңннан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Аз уақытта тиімділігін көрсеткен жобаны республика бойынша жалғастыру мәселесі қозғалды. Ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлердің мүддесі қорғалмақ. Әр бала бақытты да қауіпсіз өмір сүруі керек. балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу үшін нақты өзгерістер енгізілмек. Жолдауда көтерілген осы мәселелер көңілімнен шықты.

Жеңісбек Қадырұлы, Г.Потанин атындағы облыстық тарихи өлкетану-музейінің жалпы тарих және этногра-фиялық ғылыми-зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, түйінді мәселелердің шешімдерін ұсынды. Президент су үнемдейтін технологияларды енгізудің маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Судың да сұрауы бар» демекші, 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Сондықтан осы олқылықтардың орнын толтыру үшін өте шұғыл шаралар қажет екенін баса айтты. Осыған орай елімізде су ресустары мен көлік министрліктері құрылмақ. Менің ойымша, өте орынды уақытылы шешім болды.

Тағы бір маңызды іc елімізде атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі жалпыұлттық референдумда шешілетін болды. Жалпы, Қазақ елінің дамуына әрбір азамат өз үлесін қосып, ауызбірлікте болса, болашағымыз жарқын болады деген сенімдемін.

Әкімдерді сайлау заңға сай өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде кадр тапшылығы өзекті мәселе болып тұрғанын, сапалы мамандар даярлауды қолға алу керек екенін айтты.

«Аймақтағы атқарушы биліктің шешім қабылдау ісіне азаматтардың тікелей қатысу мүмкіндігін біртіндеп арттыру да маңызды. Ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тұрғындар өздері сайлай бастағанына екі жылдан асты. Содан бері ауылдық деңгейдегі әкімдердің төрттен үші сайланды. Енді аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлап көреміз», деді Мемлекет басшысы. Осыған орай Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров журналистермен өткізген брифингте аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауға қатысты пікірін білдірді. «Орталық сайлау комиссиясы аумақтық сайлау комиссияларымен бірігіп, аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдерін сайлауға тиісті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сайлауды өткізуге толық дайынбыз. Қай облыстарда, аудандарда сайлау өткізетінін жергілікті облыстық мәслихаттар шешеді. Орталық сайлау комиссиясы бұл сайлаудың қатаң түрде заңға сай өтуіне бар күшін салады», деген комиссия төрағасы журналистердің сұрақтарына жауап берді. «Сайлау әр өңірде әртүрлі мерзімде өте ме?» деген сауалға Нұрлан Әбдіров: «Әрине, сайлауды ұйымдастырушы орган ретінде бізге сайлаудың бір уақытта өткені қолайлы болар еді. Әйтсе де, облыстық мәслихаттардың шешімін күтеміз. Заң бойынша сайлауға дайындық және оны өткізу мерзімі 50 күннен кем болмауы керек. Сайлауды кемінде екі ай ішінде өткізуіміз керек», деп жауап берді. Ал «Сайлау осы жылдың соңына дейін өте ме?» деген сұраққа: «Біз де жылдың соңына дейін өтеді деп болжап отырмыз», деп жауап берген Нұрлан Әбдіров қалай болғанда да бәрі облыстық мәслихаттардың шешіміне байланысты екенін еске салды. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының пікірінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңға сәйкес елімізде тіркелген саяси партиялар аудан және облыстық деңгейдегі қала әкімдері сайлауында өздерінің өкілдерін ұсынуға құқылы. Бірақ әрбір округ бір ғана кандидат ұсына алады. Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров елімізде тәуелсіз байқаушылар институты жақсы дамып келе жатқанын, жылдан-жылға олардың қатары да, қызмет сапасы да артқанын атап өтті. «Тәуелсіз байқаушылар өз қызметін жоғары деңгейде заңға сай өткізуі керек. Сол себепті, қоғамдық бірлестіктер оларды сапалы дайындап жатыр», деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

Пікірлерді жинаған – Торғын ОРАЗАЛЫ.