ERG компаниясы аймағымыздың әлеуметтік маңызы бар жобаларына 2,9 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы меморандумға облыс әкімі Асайын Байханов пен Еуразиялық Топтың акционері, байқау кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов қол қойды.
15 жыл бойы жыл сайын облыс әкімдігі мен Eurasian Resources Group арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум шеңберінде инфрақұрылымды дамыту, аула аумақтарын абаттандыру, әлеуметтік институттарды жаңғырту, сондай-ақ, цифрландыруды дамыту жобалары іске асырылуда. Меморандумды іске асыру аясында өткен жылы Баянауыл ауданының Қаражар және Павлодар ауданының Сычевка ауылдарындағы апатты мектептердің орнына екі жаңа мектеп салынды. 2023 жылғы 40 жобаның 26-сы аяқталды. 14 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Оларды толық іске асыру осы жылдың шілдесіне дейін жоспарлануда.
2024 жылға облыс әкімдігі меморандумға денсаулық сақтау, Павлодар мен Ақсу қалаларын абаттандыру, Майқайың кентіндегі желілерге тексеру жүргізу, аудан орталықтарындағы инженерлік желілерді цифрландыру, Павлодар мемлекеттік орман қорында көшеттер отырғызу және тағы басқа жобаларды ұсынды.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Топ өкілдеріне ұсынылған жобаларға қолдау көрсеткендері үшін алғысын білдірді.
— Бизнес пен мемлекеттік органдардың әлеуметтік-жауапты әріптестігінің қалыптасқан жүйесі оң нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі, — деп атап өтті облыс әкімі.
Бюджет есебінен 11,4 млрд теңгеге 18 жобаны іске асыру жоспарланған. Ол қаражат облыстың қалалары мен аудандарындағы жолдарды жөндеуге және абат-тандыруға, облыс орталығындағы Лермонтов көшесін жөндеуге, Ақсу қаласында мұз аренасын салуға, Екібастұздағы «Шахтер» саябағын қайта жаңартуға және тағы басқа жобаларға бағытталады.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі