Кеше аймағымызда «AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы форумы өтті. Алқалы жиында билік пен партия депутаттары облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттырып, талап-тілектерін орындау жолында бірлескен жұмысты нығайта түсу жайын сөз етті.
Форумға қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттар жұмысында ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ, сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу қажеттігін айтқанын еске салды. Биыл облысымыз үшін маңызды саяси науқандардың бірі – үш аудан әкімінің сайлауы өтті. Қорытындысы бойынша «AMANAT» партиясының кандидаттары жеңді. Сайлаушылардың 63 пайыздан астамының қатысуы — тұрғындардың туған өлкесінің келешегіне бейжай қарамайтындықтарының бір дәлелі. Жалпы, түрлі деңгейдегі әкім сайлауы бойынша 31 электоралды науқан өтті. Партияның Жол картасы аясында жоспарланған 90 іс-шараның 53-і орындалды, 29-ы бойынша жұмыс жүргізілуде. 8 жоба бойынша әлі уақыт бар. Үш жоба уақытылы орындалмай қалуы мүмкін. Сонымен қатар, облыс әкімі әлеуметтік, инфрақұрылымдық бағыт-тағы оң өзгерістерге тоқталды. Депутаттар тарапынан көтерілген жүйелі мәселелердің бірқатары келесі жылдың бюджетіне енгізілгенін айтты. Осы ретте, тұрғындардың белсенділігі, сұранысы, талап-тілегі артқанын тілге тиек етті. Соған сай билік пен депутаттардан әрекет күтіледі. Яғни, қоғамдық қабылдаулар, тыңдаулар партияның басты қағидаларының біріне айналуы тиіс, деді. Биыл жарты жылдың өзінде жеке «Open akimat»-та өткізілген қабылдаулар арқылы 300-ден астам азаматтың мәселесі шешілген. Аймақ басшысы аудандар үшін Президенттің тапсырмасымен қолға алынған блоктық бюджеттен көп үміт күтілетінін айрықша атады.
— Президент биылғы Жолдауында аудандардың дербестігін күшейтуді тапсырған болатын. Бүгінде облыста 10 ауданның бірі де өз кірісімен барлық қажеттілігін толық қамти алмайды. Ең көп кірісі бар Баянауыл ауданының өзінде шығыны табыстан бірнеше есеге көп. Мысалы, кірісі 3,5 млрд теңге болса, шығыны 10 млрд теңгеге жуықтайды. Железин ауданында кірісі 2 млрд теңгеге таяу болса, шығыны 11 млрд теңгеден асады. Өзге аудандарда да жағдай мәз емес. Үш қаланың кірістерінің арқасында аудандардың қажеттілігі өтеліп отыр. Сондықтан блоктық бюджет арқылы тұрғындардың кішігірім талап-тілегін аудан билігі дер кезінде өздігінен шешуіне жол ашылады, — деді Асайын Қуандықұлы. Бюджеттің мұндай түрі бойынша аудандарға адам басына ең кемі 30 мың теңге көлемінде есептеп, облыстық қазынадан қосымша дотация беріледі. Бұл ретте, түзету коэффициенті де қарастырылыпты. Яғни, енді әкімдер аудандағы миграциялық мәселеге мән беруі тиіс. Себебі, тұрғындар қатары азайса, қазынадан бөлінетін қаржы да кемиді. Облыс әкімінің айтуынша, егер миграция көрсеткіші 1 пайызға кем болса, дотация мөлшерінен 10 пайыз қаржы шегеріледі. Керісінше халқы өссе, коэффициентті 30 пайызға дейін ұлғайту көзделген. Ал қаржы халықпен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді шешуге бағытталуы тиіс. Осы орайда, облыс әкімі депутаттарды қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалауда қолғабыс жасауға шақырды. 2024 жылға бұл мақсатқа 7,7 млрд теңге қарастырылып отыр. Яғни, ауылдарда кездесулерде айтылған ең маңызды 208 жоба іске асырылады. Аймақ басшысы барша азаматтарды аз сөзбен, нақты іспен алға басуға шақырды. Әділетті ел құру үшін әркім өз жұмысына жауапкершілікпен қарауы қажет, деді. Партияның облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко барлық деңгейдегі мәслихаттар жұмысын жаңғырту бағытындағы істерді баяндады. Осы орайда, жұмыс топтары арқылы мәслихат пен әкімдіктердің өзара тиімді әрекетіне басымдық берілмек. Әлеуметтік желілер арқылы халықпен тікелей байланыс орнатылуда. Депутаттардың біліктілігін арттыру үшін оқыту қолға алынған. Халық қалаулылары мемлекеттік басқару академиясы және «AMANAT» партиясының саяси менеджмент академиясы арқылы білім алуда. Азаматтармен жұмыс секторы құрылды. И.Теренченконың айтуынша, мұнда азаматтардың өтініштері қарастырылып, талдау жасалады. Құқық қорғау органдарымен бірлескен отырыстар, әрекеттер арқылы өңірдің өзекті мәселелері ортаға салынады. Яғни, бұрынғыдай қос тарап арасындағы келісім меморандум түрінде қалмайды. Қазіргі және бұрын істеген қалалық және аудандық мәслихат төрағалары, барлық шақырылым депутаттары қатарынан жастарға тәлімгерлер кеңесі, жас саясаткерлер клубы құрылмақ. Барлық жаңғырту жұмыстары түйткілдерді дер кезінде шешуге, қажетті көмек пен қолдауды уақытылы көрсетуге оң ықпал етеді, деді И.Теренченко. Партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова аманаттықтар атқарған жұмыстарды атады. Әсіресе, партиялық жобаларды жүзеге асыруда павлодарлық депутаттар белсенділік танытқан. Мәселен, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мамандармен бірлесіп, талапқа сай келмейтін пандустарды қалыпқа келтіруге күш салуда. Бір ғана мысал, депутаттардың талап етуімен Пограничник ауылында салынып жатқан мектептің пандусын және санитарлық торапты мердігер қайта орнатқан. Халықтың талап-арыздарын орындауға көп көңіл бөлінеді. А.Мәлікованың мәлімдеуінше, биыл 1142 өтініш түсіп, соның 82 пайызы оң шешімін тапқан. Ал жуырда ғана партия жанынан құрылған Әйелдер қанатының әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері жөніндегі кеңесшісі Света Әбдраманова аймақта нәзік жандардың қоғамдағы рөлін атқару бағытындағы жұмыстарды атап өтті. Айтуынша, 10 басым бағыт айқындалған. Мұнда әйелдердің саяси көшбасшылығын қолдау, психологиялық қызмет институтын дамыту, зорлық-зомбылықтың алдын алу сынды мәселелер қамтылған. Гендерлік тұрғыда саясаттағы әйелдердің үлесіне айрықша тоқталды. Яғни, облыста басқарушылық қызметте нәзік жандардың аздығын алға тартты. Мәселен, 13 қала мен аудан әкімдерінің арасында бірде-бір әйел жоқтығын айтты. Аудан, қала әкімдерінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі 13 орынбасардың 8-і — әйелдер. Ауыл, кент, округтердің 102 әкімі ішінде небары 15 әйел әкім жұмыс істейді. Света Сағындыққызы партияластарын әлі де нәзік жандардың қатарын арттыруға күш салуға шақырды. Сондай-ақ, ол әйелдер бүгінде халық саны бойынша ғана емес, еңбекқор жандар ретінде де басым, деді. Облыс әкімі Асайын Байханов ананың орнын айқындайтын халқы-мызда даналықтың аз еместігін алға тартты. Сондықтан әйелдердің қоғамдағы рөлі жоғары, деді. Тіпті, әйел қызметкерлердің қай салада болмасын, жауапкершілігінің ерлерден қарағанда жоғары екенін аңға-рамыз. Аймағымызда бірқатар негізгі қызметтерде мықты әйел басшылардың ісін ілгерілетіп отырғанын атап өтті. Осы орайда, партияның Әйелдер қанатының жұмысына жан-жақты қолдау көрсетілетінін де мәлім етті. Жалпы, форумды қорытындылаған облыс әкімі аймақтың дамуы үшін бірлескен жұмыс жалғасын табатынын атап өтті. Алқалы жиын панельдік сессия отырыстарымен жалғасты. Онда «Өңір экономикасының нақты секторын дамыту», «Тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру», «Өңірде цифрлық технологияларды және бизнесті дамыту» тақырыптары қамтылды.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.