Аймағымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев павлодарлықтарға отандық туризмді дамытуға бағытталған жұмыс барысы жайында баяндап, осы салада кездесетін кедергілерді шешу жолдарын талқылады. Сондай-ақ, Павлодар өңіріндегі туризмнің даму мүмкіндіктері де сөз болды.

Облыс орталығындағы Достық үйінде болған алқалы жиында вице-министр Қазақстанда туризм саласы жылдан-жылға қарқын алып келе жатқанын айрықша атап өтті. Оның айтуынша, былтыр елімізге 1 миллионға жуық шетелдік турист келсе, биыл олардың саны 1,4 миллионға дейін жеткен. Бұған қарап, шетелдіктердің Қазақстанға деген қызығушылығының артқанын аңғаруға болады. Сонымен қатар, өткен жылдың нәтижелері бойынша салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелген. Мәселен, 2019 жылы қазынаға 200,5 млрд теңгенің салығы түссе, биыл бұл көрсеткіш екі есеге артып, 389 млрд теңгені құраған.

– Ағымдағы және өткен жылдың бірінші жарты жылдығындағы көрсеткіштерді талдай отырып, Қазақстанда саладағы өсу үрдісі жалғасып жатқанын көруге болады. Айталық, ішкі туристер саны 15 пайызға өсіп, шетелдік туристер саны 2 есеге артты. Оларға көрсетілетін қызмет көлемі де 70 пайызға ұлғайып, 2023 жылдың 1 жарты жылдығында 98,7 млрд теңгені құрады, – деді Мирас Төлебаев. Сондай-ақ, ол Павлодар облысындағы туристік әлеует те ерекше екенін айтып, қол жеткен көрсеткіштерге тоқталды.

– Осы жылдың бірінші жарты жылдығында бұл өңірде 91 мыңнан астам адамға қызмет көрсетілген. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 26,5 пайызға артқан. Бұл – жоғары көрсеткіш. Павлодар облысында 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі де бірнеше есеге артты. Мәселен, оның көлемі 2022 жылдың 9 айында 3,7 млрд теңге болса, биыл 15,8 млрд теңгені құрады. Бұдан бөлек, туристік бизнесті қолдау аясында да біраз жұмыстар жүргізілуде. Осы  жылы кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялауға байланысты павлодарлықтардан түскен 4 өтініш қаралып, қолдау көрсетілуде, – деді вице-министр. Оның айтуынша, қазіргі уақытта облысымызда 2 млрд теңгенің 12 инвестициялық жобасы іске асуда. Жалпы бүгінгі таңда еліміз бойынша 2,8 трлн теңгенің 202 инвестициялық жобасын іске асыру мәселесі пысықталуда. Бұл ретте, вице-министр туристік нысандар құрылысындағы жаңа трендтерді де атап өтті.

– Осындай тренд үлгілерінің бірі – глэмпинг. Осы бағытта зерттеу жүргізген сарапшылардың мәліметі бойынша былтыр әлемдік глэмпинг нарығының жалпы көлемі 2,73 млрд долларды құраған. Бүгінде еліміздің 8 өңірінде мұндай 38 кешен ғана бар. Глэмпингтерде демалу халық арасында сұранысқа ие болып барады әрі қолжетімді. Бұл нысандар тез салынады, табиғатқа да зиян келтірмейді. Қарапайым кәсіпкерлер үшін нақты бизнес жоба болып табылады. Өйткені, осы салада тез кәсіп бастап кетуге мол мүмкіндік бар, – деді Мирас Төлебаев. Сонымен қатар, ол экотуризмге деген сұраныстың артқанын айтып, ұлттық саябақтарға барудың рекордтық көрсеткіштері тіркелгенін де жеткізді. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша табиғи аумақтарға 2 миллионнан астам адам келген. Сондықтан туристік бизнес өкілдері осы жағына да назар аударғаны жөн. Вице-министр мемлекет тарапынан туризм саласындағы инфрақұрылым мен қолжетімділікті дамытумен қатар, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны сақтау мәселелеріне де мән берілетінін алға тартты. Осы мақсатта биыл жыл басынан бері қазақстандық полицейлер 1 545 туристке, оның ішінде 400-ден астам шетелдікке заңгерлік және консультациялық сипаттағы көмек көрсеткен. Туристік нысандар орналасқан жерлерде 800-ден астам құқық бұзушылық анықталып, тиісті шара қолданылған.   Алқалы жиын соңында павлодарлық туристік қауымдастық өкілдерін толғандырған мәселелер талқыланды. Көпшілік тарапынан туристік орталық құру үшін қандай қадамдар жасау керектігі, осы кәсіппен айналысатындарға субсидия беру, қандайда бір жағдайға байланысты шығынға ұшыраған туристік фирмаларды сақтандыру және өзге де мәселелер жайлы сұрақтар көтерілді. Вице-министр барлық сұраққа жауап беріп, кейбір ұсыныс-пікірлер алдағы уақытта есепке алынатынын айтты.

 

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.