Тура бір айдан кейін жадырап жаз шығады. Жыл сайын осы мезгілде аймағымызға алыс-жақыннан 250 мыңнан астам турист келеді екен. Олардың қатарын бұдан да арттыру үшін туризм саласын дамытудың маңызы зор. Бұл бағытта облыста қандай жұмыстар атқарылуда? Жалпы, туристік маусымға дайындық барысы қалай? Осы және өзге де мәселелер аппараттық жиында талқыланды.
Аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында туризм саласына қатысты қолға алынып жатқан іс-шаралар мен жүзеге асуы тиіс тың жобалар жайы жан-жақты сөз болды. Бұл жөнінде баяндаған облыстық туризм және спортты дамыту басқармасының басшысы Дәуір Ерғабылов бұған дейін бұл іспен басқа басқарма айналысқанын айтып, қазіргі таңда қайта талдау жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол осы салада атқарылып жатқан жұмыс барысын да сөз етті. Оның айтуынша, биыл өңірдің туристік әлеуетін ілгерілету мақсатында негізгі 12 іс-шара өткізу жоспарланған. Жазғы маусымның ашылуы Баянауыл ауданында 15 маусымда бастау алмақ. Бұл бағыттағы жұмыстарға 27 млн теңге қаржы қарастырылған.
— Жазғы кезеңде өңірге келушілердің көбі Баянауыл курорттық аймағы мен Маралды көліне бет бұрады. Облыс орталығына ағылатындар да аз емес. Сонымен қатар, Павлодар қаласы, Екібастұздың Солнечный кенті, Шарбақты ауданындағы Маралды және Аққулы ауданына қарасты Тұзқала көлдерінде жағажай маусымы ашылады деп жоспарлануда. Жалпы, бүгінгі күні облыс бойынша 26 жабдықталған жағажай бар. Оның барлығы жеке кәсіпкерлерге бекітілген. Ендігі кезекте жазғы маусым басталмас бұрын аудан-қала әкім-діктері санитарлық-гигиеналық тораптардың жұмыс істеуін және оларға қызмет көрсету сапасына тексеру жүргізуді, ақпараттық тақтайшалар санын көбейтуді және осы аумақтарды абаттандыру шараларын қадағалауға қолдау көрсетуі қажет. Бұдан басқа, демалыс күндері ірі жағажай аймақтарында жедел медициналық жәрдем вагондарының кезекшілігін қамтамасыз ету керек, — деді Дәуір Ерғабылов. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, жаз айларында туристерге қызмет көрсететін 3 туроператор мен 200-ге жуық турагент жұмыс істейді деп күтілуде.
Алқалы жиында осы саладағы мемлекеттік қолдау шаралары да сөз болды. Мәселен, биыл «Кәсіпкерлік субъектілерінің санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға жұмсаған шығындарының бір бөлігін субсидиялауды қолдау» бағыты бойынша қазынадан 10 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, аймақта алдағы уақытта 9 млрд теңгені құрайтын 7 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұдан бөлек, туристік саланы дамытудың 2027 жылға дейінгі өңірлік бағдарламасы шеңбе-рінде жалпы сомасы 16,6 млрд теңге тұратын 19 инвестициялық жоба өзектендірілген. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынуда, деп атап өтті басқарма басшысы.
Облыс әкімі жаз айларында аймағымызға алыс-жақыннан ағылатын туристер мен тұрғын-дарға жайлы демалыс сыйлау үшін қолдан келген барлық жағдайды жасау керектігін тілге тиек етті. Осы мақсатта аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар да бар екені айтылды. Мәселен, туристердің 70-80 пайызы баратын Баянауыл ауданында биыл 57 шақырым жол жөнделіп, 2 инвестициялық жоба аяқталады деп жоспарлануда.
Аппараттық жиында суармалы жерлерді тиімді пайдалану мәселесі де талқыланды. Облыстық жер қатынас-
тары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша аймақтағы суармалы жерлердің жалпы ауданы 169,5 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 146,3 мың гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер, ал 8,8 мың гектары елді мекендер мен орман қорына тиесілі, қалғаны қордағы жерлер болып табылады. Алайда оның ішіндегі 37 мың гектар жер құжаттармен рәсімделгенімен, іс жүзінде пайдаланылмайтыны анықталған. Сондай-ақ, басқарма басшысы қазіргі таңда облыста суармалы егіншілікті дамыту үшін 35,5 млрд теңгені құрайтын жалпы көлемі 22,8 мың гектар суармалы жерлерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге бағытталған 35 жоба бар екенін мәлімдеді. Бірақ бүгінде оның 24-інің ғана жобалық-сметалық құжаты бар болса, қалған 7 жоба түзетуде, 2 жоба сараптамада екен. Ендігі мақсат – осы жобалардың ішіндегі суарылмайтын егістікте жататындарын суармалы егістікке көшіру, деді Мұрат Хамитов.
Аймақ басшысы Асайын Байханов жауапты басқарма өкілдеріне аталмыш мәселеге қатысты арнайы жол картасын әзірлеуді тапсырып, оны бекіткеннен кейін сол бойынша нақты жұмыс жүргізу керектігін айтты.
— Өздеріңізге мәлім болғандай, бұл салада бірлесіп істейтін жұмыс көп. Қаншама жоба тоқтап тұр. Қаншама суармалы жерлер қолданылмайды. Кейбір жерде су болса да суарылмайды екен. Бұл өңір экономикасына әсер етпей қоймайды. Сол үшін нақты бағдарлама жасап, іске кірісу керек. Шаруашылықтар қолданылмайтын жерлерді қайтаруы тиіс. Жер — халықтікі. Оны пайдаланатын адамдарға беру керек, — деді облыс әкімі.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.