Баянауыл ауданындағы демалыс аймақтарында алдағы туристік маусымға дайындық жұмыстары қарқын алып, демалыс инфрақұрылымын жаңғырту, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану, келушілер ағынына лайықты жағдай жасау және қызмет көрсету сапасын арттыру негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.
Жаңа туристік орталық
Жуырда облыс әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына арнайы жұмыс сапарымен барып, аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобаның барысымен танысып, туристік маусымға дайын-
дық бойынша кеңес өткізді.
Сапар барысында аймақ басшысы алдымен аудан орталығында бой көтеріп жатқан визит-орталықтың құрылыс алаңына барды. Жауапты мердігер ұйымның өкілдерімен және сала мамандарымен жүздесіп, нысанның қазіргі жай-күйін егжей-тегжейлі қарап шықты. Көрсетілген жұмыстардың қарқынын бағамдай келе, аймақ басшысы құрылыс барысын жеделдету қажеттігін атап өтіп, барлық жұмысты 10 маусымға дейін толық аяқтауды тапсырды.
– Туристік маусымның басталуына дейін жеткілікті уақыт бар. Дегенмен, белгіленген мерзімнен кешікпеуіміз қажет. Маусым ашылған соң бұл жерде түрлі мәдени және танымдық іс-шараны ұйымдастыру жоспарланып отыр, – деді А.Байханов.
Жаңа бой көтеріп жатқан визит-орталық заманауи талаптарға толық сай етіп жабдықталмақ. Жобаның тұжырымдамасына сәйкес, мұнда кең әрі қолайлы мәжіліс залы, аналар мен балаларға арналған арнайы демалыс бөлмелері, келушілерге қызмет көрсететін кофеханалар, сондай-ақ өлкетану бағытындағы мұражай кеңістігі мен демалысқа арналған ашық террасалар орналастырылады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар орталықта сандық технологиялар кеңінен енгізілмек. Атап айтқанда, интерактивті карта жүйесі, сенсорлық тач-панельдер, мультимедиялық ақпараттық стендтер және 3D-проекциялау технологиялары орнатылады. Бұл жаңашылдықтар келушілерге Баянауыл өңірінің табиғи байлығын, тарихи-мәдени мұраларын және елге танымал көрнекті тұлғаларын заманауи цифрлық форматта жан-жақты танып-білуге мүмкіндік береді.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқанның айтуынша, орталыққа жауапты болатын аудандық Қ.Сәтбаев музейімен бірлескен жұмыс мамыр айында басталады. Бұл бағытта мамандарды оқыту, тәжірибелік дайындықтан өткізу және оқу-жаттығу жұмыстарын ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Жағажайлар абаттандырылуда
Баянауыл ауданы аумағында алдағы туристік маусым қарсаңындағы дайындық жұмыстары қарқын алып, қызу жүргізілуде. Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Баянауыл өңіріндегі бірқатар туристік нысанды аралап, соның ішінде Сабындыкөл жағажайы аумағындағы инфрақұрылымның жай-күйі мен тазалық мәселелеріне ерекше назар аударды.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев өз баяндамасында өткен жылы жағажай маңында атқарылған абаттандыру жұмыстарының нәтижелеріне тоқталып, биылғы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында аудан көлемінде жүйелі әрі кешенді жұмыстар жүзеге асырылуда. Жалпы, аудан бойынша 14 туристік маршрут бекітіліп, оларды толықтай тазалау жұмыстары 15–20 мамырға дейін аяқталу жоспарлануда. Дегенмен демалыс аймақтарында қоқыс
жәшіктерінің жеткіліксіздігі өзекті мәселе ретінде көтеріліп отыр.
Аталған мәселені назарға алған аймақ басшысы облыстық бюджет есебінен қосымша қоқыс жәшіктерін орнатуды және оларды демалушылар жиі жиналатын орындарға орналастыруды тапсырды. Бұл ретте Кемпіртас, Сұлтанмахмұт Торайғыров кесенесі, Әулиебұлақ және Қоңыр әулие сынды тарихи-туристік нысандар да қамтылуы тиіс екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, тек қоқыс жәшіктерін орнатумен шектелмей, тұрмыстық қалдықтарды уақытылы шығару үшін коммуналдық қызметтердің жұмысын жүйелеу қажеттігі де айтылды. Қажет болған жағдайда қосымша арнайы техникалар сатып алу мүмкіндігі қарастырылатыны жеткізілді.
– «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» – жай ғана ұран емес. Табиғатқа зиян келтірген әрбір азамат жауапкершілікке тартылуы тиіс. Қызыл кітапқа енген өсімдіктерді жұлуға, жануарлар дүниесіне зиян келтіруге қатаң тыйым салынған. Қажет болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікпен қатар, қылмыстық жауапкершілік те қарастырылатын болады, – деді облыс әкімі Асайын Байханов.
Сонымен қатар, бір ай мерзім ішінде аудан аумағындағы барлық елді мекен мен туристік бағыттарды толықтай тазалап, абаттандыру жұмыстарын аяқтау тапсырылды. Бұл іске қоғамдық ұйымдар мен ерік-тілерді кеңінен тарту, сондай-ақ Павлодар қаласы мен Екібастұз қаласының тұрғындарын жұмылдыру көзделген.
Бүгінде жағажай аумағында 80-ге жуық күрке, балалар ойын алаңдары, футбол және волейбол алаңдары, ұзындығы 1200 метрге жуық жаяу жүргіншілерге арналған тротуар бар. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен келушілер үшін көлге түсетін арнайы төрт орын қарастырылған. Қажетті санитарлық нысандар орнатылған.
Демалыс аймақтары — бақылауда
Аймақ басшысының жұмыс сапары өңірдің туристік маусымға дайындық барысы жөніндегі кеңеспен жалғасты. Кеңес отырысында туристік инфрақұрылымды дамыту, демалыс орындарының санитарлық жағдайы, қауіпсіздік шаралары және қызмет көрсету сапасы негізгі назарға алынды.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Ахметжанов аймақтағы туризм көрсеткішінің жыл санап артып келе жатқанын атап өтті. Мәселен, өткен жылы туристік аймаққа 200 мыңнан аса адам келсе, биыл бұл көрсеткіш 256 мың туриске дейін артады деп күтілуде.
— Биыл Жасыбай жағажайын абаттандыру қолға алынады. Жоба құны 1,84 миллиард теңгені құрайды. Ал 2026-2027 жылдары «Novotel» қонақ үйі, аквапарк, демалыс үйі, мәдени демалыс орталығы секілді 22 миллиард теңгеге 5 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде өңірде 149 орналастыру нысаны бар. Олардың бір мезеттегі сыйымдылығы 10 мыңнан астам төсек-орынды құрайды. Жаз мезгілінде демалушылардың негізгі ағыны Баянауыл курорттық аймағына, Маралды көліне және Павлодар қаласына бағытталады. Сонымен қатар, Аққулы ауданындағы Тұзқала, Екібастұз қаласындағы Солнечный кентінің жағажайы мен Шалдай қарағайлы орманы да танымал демалыс орындары саналады. Өңірге келетін туристердің басым бөлігі Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан, сондай-ақ Қарағанды облысы, Астана қаласы, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарынан келеді, – деді ол.
Дегенмен, аймақ басшысы демалушылар жиі баратын бірқатар бағыттағы қауіпсіздік жағдайының ушығуына байланысты ішкі туризмге сұраныс артуы мүмкін екенін алға тартты. Сондықтан келушілер саны артуы мүмкін екендігін әрі оған алдын ала дайын болу керектігін тілге тиек етті.
– Қазір көп демалушылар жол тартатын бағыттарда қауіпсіздік жағдайы ушығып тұр. Сол себепті жергілікті демалыс орындарына келушілердің саны артуы әбден мүмкін. Сондықтан сіздер 300 мыңға жуық туристі қабылдауға дайын болуларыңыз керек. Көпке дайындалсаңыздар, жүйе де соған сай болады. Осы орайда медицина қызметкерлері, төтенше жағдайлар басқармасы, тәртіп сақшылары бәрі бұл санға дайын болуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстарды қолға алыңыздар. Одан бөлек, жол болмаса, туристер де келмейді. Ал бұл мәселе әрқашан шешім таба алады. Ол үшін оны рет-ретімен жоспарлап шешу керек. Сондықтан мердігерлер дайындайтын жобалық-сметалық құжатты бізге ұсыныңыздар. Біз облыстық бюд-жеттен қаражат бөлейік. Келесі жылдың маусымына дейін жұмыстар басталып кетсін, – деді А.Байханов.
Сондай-ақ, өңір басшысы өткен жылы Президент әкімшілігінің тексерісінен кейін берілген ескертулердің орындалу барысына ерекше назар аударды. Ол жауапты тұлғалардан нақты есеп талап етіп, қай мәселе шешілгенін, қайсысы әлі де өзекті екенін ашық айтуды тапсырды.
Аудан әкімі Ардақ Кісентаев жүргізілген тексеріс нәтижесінде 10-нан астам заңбұзушылықтың анықталғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қысқа уақыт ішінде аталған кемшіліктердің 90 пайызы жойылған. Атап айтқанда, Жасыбай мен Баянауыл бағытындағы авто-жолдар жөндеуден өткізіліп, серпантин аумағында қауіпсіздікті арттыру мақсатында 20-ға жуық жол белгісі орнатылған.
Жиын барысында облыс әкімі туристік маусым қарсаңындағы басты басымдық – демалушылардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты өңірдегі бейнебақылау жүйелерінің жағдайына да айрықша назар аударылды. Сондай-ақ, Баянауыл ауданында жедел басқару орталығына қосылған 72 бейнекамераның жұмыс істеп тұрғаны айтылды. Бұл жүйе арқылы жыл басынан бері 486 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, 1 қылмыстық іс тіркелген. Сонымен қатар, Баянауыл ауылында 7, Торайғыр ауылында 12 бейнекамера орнатылғаны белгілі болды. Торайғыр және Сабындыкөл жағажайларында 9 құтқару мұнарасы мен өрт сөндіру бекеттері тұрақты түрде жұмыс істеуде. Жедел әрекет ету мақсатында 7 медициналық бригада да жасақталған.
Алайда облыс әкімі туристер көп шоғырланатын кейбір орындардағы бейнекамералардың жедел басқару орталығына қосылмай отырғанын сынға алды. Атап айтқанда, Сабындыкөл жағажайындағы 19 камера мен Жасыбай көліндегі 8 камераның орталық жүйеге интеграцияланбағаны айтылды.
Аймақ басшысы бұл жұмысты шұғыл түрде жеделдетіп, туристік маусым басталғанға дейін барлық бейнебақылау камерасын бірыңғай жүйеге толық қосуды тапсырды.
Жиын барысында Екібастұз, Ақсу, Павлодар қалаларындағы жағажайлар мен демалыс орындары және Аққулы ауданындағы Тұзқала мен Шарбақты ауданындағы Маралды жағажайының да туристік маусымға дайындығы пысықталды.
Айдана БОРАНБАЕВА.
Баянауыл ауданы.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.

