министр ел мәселесіне құлақ түрді
Өткен аптада өңірімізге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс сапарымен келіп, облыс активімен және тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ, бірқатар әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарының тыныс-тіршілігімен таныс болды.
Министр алдымен аймақ басшысы Асайын Байхановпен арнайы жүздесіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру, халықты әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту, өндіріс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі, көші-қон саясаты, өзге де өзекті мәселелерді талқылады. Бұдан соң облыс активінің жиынына қатысқан ведомство басшысы еліміздің әлеуметтік қорғау саласында қолға алынып жатқан жұмыстар мен жоспарлар жайын сөз етті. Атап айтқанда, базалық зейнетақының кезең-кезеңімен ұлғаюы және ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін ең жоғары табыстың артуы, Әлеуметтік кодекс аясында қолдау шараларына басымдық берілуі, Отбасының цифрлық картасын енгізу нәтижелері, сондай-ақ, саладағы басқа да жаңалықтар баяндалды.
Келесі кезекте Светлана Жақыпова Павлодар қаласындағы мансап орталығына бас сұқты. Министрге аталмыш мекеменің жұмыс барысын таныстырған облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Меруерт Есембаева екі қолға бір күрек іздеп жүрген азаматтарды жұмыспен қамту мәселесі, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге көрсетілетін қолдаулар және атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша қолға алынып жатқан іс-шаралар туралы мәлім етті. Ведомство басшысы орталық жұмысын ширатуды және жұмыспен қамту шараларының нақты жоспарын жасап, сұранысқа ие мамандар мәселесін шешуге мән беру керектігін тапсырды. Ол сондай-ақ, облыс орталығындағы «Ана үйі» қоғамдық қорына да барып, ондағы өмірлік қиын жағдайға тап болған әйелдердің жағдайымен танысты. Ары қарай облыстық балаларды оңалту орталығына ат басын бұрған Светлана Жақыпова мұндағы аутистикалық бұзылулары және ақыл-ойында ауытқуы бар балаларды оңалту шаралары мен басқа көрсетілетін қызметке оң баға берді.
— Елімізде осындай орталықтар ашу арқылы инклюзивті қоғамды дамытуға басымдық берілуде. Мекеменің басты мақсаты –
мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қоғамда тең жағдайлар жасау. Сондықтан да мұндай орталықтар аутизм және ақыл-ой дамуында түрлі бұзылулар бар балаларға кешенді көмек көрсетіп, олардың бейімделу дағдыларын дамытуға мол септігін тигізеді, — деп атап өтті министр.
Іссапар барысында ведомство басшысы «Еуроазиялық энергетикалық корпорация» АҚ-ның еңбек ұжымымен де кездесті. Алқалы жиында ол ауыр еңбек жағдайында жұмыс істеген азаматтарға көрсеті-летін әлеуметтік қолдаулар жөнінде сөз етті. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Үкіметтің қаулысымен 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасы бекітілгенін, бұл құжат өндірістік жарақаттану деңгейін, еңбекті қорғау саласындағы заң бұзу-шылықтар санын азайтуға ықпал ететінін мәлімдеді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда қазақстандық кәсіпорындардың цифрлық картасы құрылған. Сол арқылы ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығынан бастап еңбек жағдайларына мониторинг жүргізіледі. Нәтижесінде, өндірістік жарақаттану көрсеткіштері төмендейді деп күтілуде.
Министр азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Онда көпшілік тарапынан туындаған зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдама алу, инватакси қызметтерін жетілдіру, мүгедектігі бар адамдарды арнайы арбалармен қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Іссапардың екінші күнінде Светлана Жақыпова облыс орталығындағы «Достық үйінде» павлодарлық тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік қорғау саласында орын алып жатқан өзгерістер жайын баяндады. Министр алдымен зейнетақы төлеу жүйесіндегі жаңалық-тармен бөлісті.
— Биыл 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің өсуіне байланысты ынтымақты зейнетақылар көлемі 9 пайызға ұлғайды. Сондай-ақ, ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінің өзгеруіне орай базалық зейнетақы мөлшері де артты. Жалпы, республика бойынша зейнетақы төлемдеріне ағымдағы жылы мемлекет қазынасынан 3 трлн 300 млрд теңге бағытталды. Ал Павлодар облысында 215 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушыларға 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді, — деді Светлана Жақыпова. Сонымен қатар, ол көпбалалы отбасыларына, жарымжан баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы көлемі де артып, «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендері, «Батыр ана» атағын алған аналардың жәрдемақысы 7,4 АЕК-ке дейін өскенін жеткізді. Оның айтуынша, өткен жыл қорытын-дысы бойынша облысымызда 7 мыңға жуық адам табысынан айырылу, жүктілік және босану, жаңа туған баланы асырап алу жағдайлары бойынша 6,6 млрд теңгенің әлеуметтік төлемін алған. Республикалық бюджеттен 10 мыңнан астам анаға бала тууына байланысты 1,5 млрд теңгенің бір жолғы бесікақысы, 3 мыңға жуық адамға бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша 1 млрд теңгенің жәрдемақысы, ал жұмыс істейтін 15 мың ата-анаға бір жарым жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылу жағдайы бойынша 7 млрд теңгеден астам төлемақы тағайындалған екен.
Кездесу соңында Светлана Жақыпова павлодарлық тұрғындар мен қоғамдық бірлестік өкілдерін толғандырған сұрақ-тарға жауап берді. Министрмен бетке-бет жүздескен облыстың құрметті азаматы Махмет Демесінов тыл және еңбек ардагерлеріне жыл сайын мемлекеттен 30 мың теңге көлемінде бірреттік ақшалай көмек көрсетілетінін айтып, бұл қаржының көлемін ұлғайтуды сұрады. Сонымен қатар, ақсақал 80 жастан асқан зейнеткерлердің қоғамдық көліктерде тегін жүруін қамтамасыз ету керектігін айтып, Астана, Алматы қалаларында мұндай жеңілдік барын жеткізді. Министр бұл сұрақтарды назарға алатынын, ал тыл және еңбек ардагерлеріне лайықты жағдай жасау мәселесін аймақ басшысы да көтергенін мәлімдеді. Демек, алдағы уақытта оң өзгерістер орын алады деген үміт бар. Сондай-ақ, аймақ тұрғынының бірі 2024 жылы мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті техникалық құрылғылармен қамту үшін қаржылық қиындықтардың бар-жоғын сұрады. Бұл сауалға жауап берген ведомство басшысы осы жылы өздігінен жүріп-тұра алмайтын адамдарға арналған арба, басқа да қажетті құрал-жабдықтардың саны алдын ала нақтыланып, сол бойынша мемлекет қазынасынан жеткілікті қаржы бөлінгенін атап өтті. Егер бұл мақсатқа қосымша қаржыландыру қажет болған жағдайда арнайы комиссия қарап, шешім шығарады, деді министр. Жиында шаһардағы зағиптар қоғамының оқу-өндірістік кәсіпорын ғимаратының тағдыры да сөз болды.
— Осы мәселенің мән-жайынан хабардармын. Бұл жөнінде облыс әкімімен де сөйлестім. Зағиптар қоғамына жаңа ғимарат салынады және қажетті құрал-жабдықтармен қамтылатын болады. Қызметкерлерді тасымалдау үшін арнайы автобус та беріледі. Алаңдауға еш негіз жоқ, — деді Светлана Жақыпова. Сонымен қатар, ол бүгінде аталмыш кәсіпорында 1966 жылы шығарылған ескі жабдықтармен 40 шақты мүмкіндігі шектеулі адам жұмыс істейтінін әрі ғимараттың бір бөлігі ғана пайдаланылатынын айтып, оның орнына балалар үшін заманауи білім ордасын салу орынды екенін тілге тиек етті. Көпшілік тарапынан ІІІ топ мүгедектері бірқатар әлеуметтік қолдаулардан қағылатыны айтылып, осы жағдайды қарастыру ұсынылды. Бұл мәселеге байланысты түсініктеме берген министр ІІІ топтағы азаматтар жұмысқа жарамды екенін, сол себепті әзірге өзгерістер болмайтынын алға тартты. Бұдан бөлек, жарымжан баланың күтімімен күні-түні айналысып отырған аналарды зейнетке ерте шығару, ақыл-ой кемістігі бар 18-ден асқан жастардың емін-еркін жүре алмайтынын ескеріп, олардың күтімі мен қауіпсіздігіне жауапты жақын адамдарына да мемлекет тарапынан қолдау көрсету, ерекше балаларға арналған оқу орындарын тәмамдаған түлек-тердің жұмыспен қамтылуында қиындықтардың туындайтыны және өзге де мәселелер көтерілді.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.