Соңғы жылдары мемлекеттік қызмет саласында ауқымды өзгерістер орын алуда. Мемлекеттік қызметке түсу, қызметтен шығудың тәртіптері өзгертілді. Жаңа алгоритмдер енгізілді, ескі қағидалар жаңа тармақтармен толықтырылды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметке конкурссыз түсудің түрлері кеңейтілді. Жоғары оқу орындарының және Қазақстан Респуб-ликасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы түлектерінің жағдайлары жақсартылды. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жоғары білім беретін оқуды үздік бітірген түлектер енді конкурстан тыс аудандық және ауылдық жерлердегі мемлекеттік лауазымдарға орналаса алады. Сондай-ақ, Академияның түлектері уәкілетті органның келісімімен басшылық лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 наурызынан бастап Павлодар облысында өңірлік кадрлық резервке іріктеу басталады.

Өңірлік кадр резервінің мақсаты қандай?

Аталған жобаның мақсаты – жас басқарушылардың өңірлік пулдарын қалыптастыру және талантты жастарды аймақты дамытуға тарту болып табылады және бұл жоба жастарға жергілікті атқарушы органдарда конкурссыз орналасуға жақсы мүмкіндік береді.

Себебі, резерв дарынды, қызметіне адал, тәжірибелі жастар үшін жоғары лауазымдарға таға-йындалу үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт болмақ.

Өңірлік кадр резервінің Президенттік жастар кадрлық резервінен айырмашылығы неде?

Президенттік жастар кадрлық резервінің өңірлік кадр резервінен айырмашылығына келетін болсақ, біріншісінде 5 жыл жұмыс өтілі талап етіледі және қатысушылар 3 жылдық резервке алынады, ал өңірлік іріктеуге жалпы 3 жыл жұмыс өтілі болса болды және 2 жылға резервке алынады.

Сонымен қатар, Президенттік жастар кадрлық резервінің резервшілері бүкіл Қазақстан Республикасының жоғары тұрған лауазымдарына тағайындалатын болса, өңірлік кадр резервіне қабылданған тұлғалар тек Павлодар облысының жергілікті атқарушы органдарының «Б» корпусының мемлекеттік әкім-шілік лауазымдарына тағайындалуы мүмкін.

Осылайша, іріктеуге 35 жастан аспаған жоғары білімі және 3 жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады.

Сондай-ақ, іріктеуді Павлодар облысы әкімінің өкімімен бекітілген кадр комиссиясы жүргізеді.

Іріктеуге қатысу үшін тиісті бағыттарды таңдау қажет пе?

Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды және мемлекеттік басқару жүйесін дамыту басымдықтарын ескере отырып, облыс әкімдігімен келесі салалық бағыттар белгіленді:

1) индустрия және өнеркәсіп;

2) экономика және қаржы;

3) әлеуметтік сала;

4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым;

5) агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары;

6) цифрландыру;

7) экология.

Осыған орай, үміткерге бір ғана өңірді және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі. Одан кейін салалық бағыт пен өңірді өзгертуге жол берілмейді.

Қатысушы бір жерде тіркелу керек пе, әлде құжаттарын Департаментке әкелсе бола ма?

Алғашқы кезеңде қатысуға ниет білдірген жастар onir.pkrezerv.gov.kz сайтында жеке басын куәландыратын, білімі туралы және еңбек өтілін растайтын құжаттардың көшірмелерін жүктеу арқылы жеке кабинетін қалыптастырады. Жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын ұсынып тіркелгеннен кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайды.

Сонымен қатар, құжаттарды беру біздің департаментке қағаз жеткізгіште не хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына электрондық түрде де мүмкін екенін атап өткім келеді.

Айта кетерлігі, үміткерлер өзі тұратын өңірден басқа өңірдің резервіне қабылдану үшін құжат-тарды тапсыру барысында сол таңдаған өңірді көрсетеді.

Іріктеудің екінші кезеңі тестілеуден тұрады, оған  қандай заңнамалық актілер кіреді?

Екінші кезеңде қатысушылар заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеуден өтеді. Тестілеу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Конституциясының, мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдарының және мемлекеттік қызметшілердің әдеп жөніндегі кодексінің талаптары бойынша сұрақтарды қамтиды.

Іріктеу кезеңдері толығымен Павлодар қаласында өте ме?

Заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу Павлодар қаласында Мемлекеттік басқару академиясының филиалында, тестілеу залдарында офлайн форматта екі блокта өтеді.

Сонымен қатар, құзыреттерді бағалаудан тұратын іріктеудің үшінші кезеңі Астана қаласында Мемлекеттік басқару академия-сының базасында өтеді.

Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға әрі бағалауға бағытталған топтық және жеке жаттығуларды қамтиды. Кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.

Өткен кезеңдердің нәтижелері бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген қатысушылар Павлодар қаласында өтетін облыстық кадр комиссиясының мүшелеріне өздері таңдаған салалық бағыттар бойынша жобалық жұмыстарын қорғайтын болады.

Іріктеу кезеңдеріндегі құрылымдық сұхбат туралы айтып берсеңіз…

Жобаларды презентациялау барысында кандидат өзі ұсынған идеяның мәні мен мақсаттарын, оны іске асыру кезеңдерін, ықтимал проблемаларды, күтілетін нәтижелерді көрсетеді.

Сұхбат жүргізу кезеңінде ашықтылығы мен әділдігі қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдерін және салалық сарапшыларын тарту арқылы қамтамасыз етіледі.

Соңында барлық кезеңдердің қорытындыларын саралай отырып, облыс әкімдігі жанындағы кадр комиссиясының шешімімен жоғары нәтижелерге қол жеткізген жастар Павлодар облысының өңірлік кадр резервіне екі жылдық мерзімге қабылданады.

Түйіндей келе, кадр резервіне қабылданған адамның артықшылықтары бар ма?

Өңірлік кадр резерві жобасы өңірлердегі жастарды қолдауға бағытталған. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес облыстың жергілікті атқарушы органдардың «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша конкурс өткізілместен орналасу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметке жаңашыл, бастамашыл жастардың келуіне өз септігін тигізеді.

Жалпы, резервке облыс бойынша іріктеу нәтижесімен 10 азамат қабылданады деп жоспарлануда.

Сөзімді түйіндей келе айтатыным, Өңірлік кадрлық резерві көзінде оты бар, жүрегі елім деп соғатын жастарды іріктеп, олардың кәсіби және тұлғалық тұрғыда дамуына үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.

Мемлекеттік аппараттың қалыптасуына жастар жаңа леп, өзгеріс алып келеді деп сенемін.

Өңірлік кадрлық резерв ең алдымен мемлекеттік аппараттың жаңғыруына, оған жаңаша дем беруіне, жаңаша қалыптасуына жасалған нақты қадамдардың бірі деп ойлаймын.

Сондай-ақ, барлық сұрақтар бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасына 8/7182/20-83-35, 20-85-06 телефондары арқылы хабарласып, кеңес алуға болады. Мекенжайымыз: Павлодар қаласы, Жеңіс аланы 5Б ғимараты, төртінші қабат, 410-кабинет (instagram парақшасы –
@.pavlodar.onir.rezerv.kz).

 

Ержан ҚАРЫМСАҚОВ,

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы,

Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.