Өткен аптада «Қазақстан фермерлері» қауымдастығының Павлодар облыстық филиалының ұйымдастырумен облыстық кеңес өтті. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық, аудандық мәслихаттардың депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың өкілдері және жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қатысты. Шара барысында ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелер талқыланып, мемлекеттік қолдау шараларын оңтайландыру тетіктері қарастырылды.
Облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткен «Агроөнеркәсіптік кешеннің барлық қатысушыларының дамуы үшін қолайлы жағдай жасау» атты облыстық конференция аясында профильдік семинарлар ұйымдастырылып, салаға жауапты басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалды. Алқалы жиында «Ауыл» ХДПП Павлодар облыстық филиалының бастамасымен өсімдік шаруашылығына қатысты диқандарды субсидия, тұқым, тыңайтқыштармен қамтамасыз ету шаралары қарастырылып, мал шаруашылығының жем-шөп, бордақылау алаңдары мен өзге де өзекті мәселелері күн тәртібіне қойылды. Бас қосуға келгендердің басым бөлігі ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік қолдау шараларына байланысты кейбір мәселелер соңғы уақытта тіптен үдей түскенін айтты. Мәселен, шаруалардың кезекті әрі өзекті мәселесі субсидияның берілу реттілігі мен мерзімі төңірегінде өрбіді. Сондай-ақ, жиында регенеративті егіншілікті енгізу, жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, шаруалардың нарықтағы бәсекелестігін қорғау шаралары пысықталды.
«Қазақстан фермерлері» қауымдастығы облыстық филиалының төрағасы Ерлан Тоқтышақовтың айтуынша, аграрлық саладағы түйткілді шешуде тек шаруалар ғана емес, мемлекеттік орган өкілдерінің де қатысуы маңызды. Бұл ретте қос тараптың да ой-пікірлері мен ұсыныстары біріктіріліп, ортақ мәмілесі хатқа түсіріліп, тиісті министрлікке жолдануы керек.
— Күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізе аламыз. Біздің қауымдастықтың негізгі мақсаты — агроөнеркәсіптік кешен саласындағы «B2B» және «B2G» секторларындағы өзара өнімді іс-әрекет жасауға арналған маркетплейстің бір түрі. Қарапайым тілмен айтқанда, Қауымдастық — фермерлер мен мемлекет арасында байланыс орната бірлесіп әрекет жасауға арналған алаң. Биыл наурыз айында облыс бойынша диқандарымызға субсидия түрінде 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Ең алдымен, бұл — қайырымдылық емес, бизнес екенін біздің фермерлер анық түсінуі тиіс. Шаруалар барлық тәуекелді және қиындықтарды өз мойнына алуы керек. Осы орайда аталмыш қауымдастық мүдделі тараптарды келіссөз үстеліне шақыра отырып, қаржыландыру және субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды қабылдауға әзір, — деді филиал төрағасы.
Сонымен қатар, Ерлан Тоқтышақов негізгі капиталға құйылған инвестициясыз жалпы ішкі өнімнің өсуі мүмкін емес екенін айтып, агроөнеркәсіптік кешеннің дамуын тежейтін негізгі мәселе – уақытылы үлестірілмеген, мерзімінен кешіккен мемлекеттік қолдау шараларына тоқталып өтті.
— Үстіміздегі жылдың 7 ақпанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ел экономикасын 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға дейін жеткізу керектігін айтып, жауапты министрліктің алдында нақты міндеттер қойды. Жалпы, ауыл шаруашылығы ел экономикасында айрықша маңызға ие екені белгілі. Бұл тұрғыда, жергілікті фермерлер санының өсуіне драйвер болатын ауқымды жобаларды қолдау қажет. Бізде жер және су ресурстары жеткілікті. Сондықтан, облыс бойынша регенеративті егіншілік технологиясын белсенді түрде енгізу қажет. Мұндай технологияның тиімділігі жоғары. Сондай-ақ, қазіргі уақытта су үнемдеу мәселесі өзекті тақырыпқа айналған соң, топырақтың құнарлылығын сақтау арқылы су үнемдеу технологиясын енгізуге болады. Бұл шаруаларға тұрақты өнім алуға, ылғалды барынша сақтауға мүмкіндік береді. Жалпы, Ертіс-Баян өңірінің жер асты суларында елеулі әлеует жасырылған. Ғалымдардың айтуынша, жер асты суларымен өңірдегі 1 миллион гектарға дейінгі алқапты суаруға болады. Алайда, ұңғымаларды бұрғылаудың қымбаттығына қатысты көптеген кедергілер бар. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, жер асты көздерінен суару құнын 2 есеге азайтуға болады. Ел игілігі үшін еңбек етемін деген шаруаларға мұндай мүмкіндік беру өте маңызды, — деді Е.Тоқтышақов.
Бұдан басқа, кездесу барысында «Ауыл» ХДПП төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту және оларды одан әрі терең өңдеу, экспорттық әлеуетті арттыру мәселелеріне қатысты өз пікірін білдіріп, саладағы қаржыландырудың, жер және техникалық ресурстардың қолжетімділігін атап өтті.
— Мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бірінші кезекте тұратын мәселе. Ауыл шаруашылығында фермерлерден өнімдерді делдалсыз сатып алуды қолға алмай және өнімді көптеп өндірмей, бағаның өсуін тоқтату мүмкін емес. Оны мойындауымыз керек. Оның үстіне, шикізатты аз өндіреміз. Екінші мәселе – барлық өңірде көтерме сауда орталықтарын салып, олардың тиімді жұмыс істеуін, фермерлермен байланыстарын нығайтуды қолға алу керек. Қазіргі уақытта шағын шаруалар кооперациясы мәселелерінің шешілу деңгейі төмен, жер үлескерлері мен шартты жер үлестеріне иелік етушілер арасында дау жиі туындап тұрады. Сондай-ақ, су ресурстарының тапшылығы экономиканың көптеген саласына, соның ішінде ауыл шаруашылығына кері әсер етеді. Сондықтан су ресурстарының әлеуетін қалпына келтіру, оның ішінде су үнемдеу технологияларын дамыту жөніндегі жұмысты күшейту қажет, — деді Мәжіліс депутаты.
Сондай-ақ, Жигули Дайрабаев фермерлер мен жалпы аймақтық агроөнеркәсіптік кешен алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі – білікті кадр тапшылығы екенін айтып, ветеринария саласындағы өзекті мәселелерді ортаға салды. Оның сөзінше, бүгінгі таңда аталмыш мәселені шешудің нақты қадамдары белгіленді.
— Ауыл шаруашылығы үшін тағы бір маңызды мәселе – ауылдық жерлерде білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда бірнеше университетпен келіссөздер жүргізіліп, аталған мәселе бірлесіп шешіліп жатыр. Алдымен ауылда тұрғын үй құрылысын ынталандыру қажет. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет тұрғын үй құрылысын қолдау бағдарламасын әзірледі, —
деді ол.
Сонымен қатар, жиын барысында Баянауыл ауданы «Қызыл Тау» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихат депутаты Арман Рахмашев шаруаларға субсидия уақыты берілмейтінін атап, мал шаруашылығын қолдаудағы маңызды шараны жетілдіру керектігін жеткізді.
— Мемлекеттік қаржыны бөлу кезінде мал өсірушілердің мүддесін ескеру қажет. Әңгіме мал шаруашылығын дамыту, ет экспортын ұлғайту туралы болып отыр. Бірақ, өкінішке қарай, мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар бүгінде бірқатар қиындықтарды бастан кешіруде. Мәселен, субсидияның кеш берілуі. Әңгіме жем-шөп туралы болса, бұған мүлдем бей-жай қарауға болмайды. Әсіресе асыл тұқымды жануардың жем-шөбі уақытылы сатып алынуы керек. Қаржы бөлінер кезде мал өсірушілердің мүддесі кеңінен ескерілсе дейміз, — деді ол.
Бұдан бөлек, жиында «Қазақстан фермерлері» қауымдастығының Май аудандық филиал басшысы Дулат Бекетов суармалы егіншілік мәселесін көтеріп, халық қалаулыларынан көмек сұрады. Оның айтуынша, шаруашылықтың суармалы алқабы бар, жерлер дайын, алайда «ҚазСуШар» мекемесі су бермей отыр екен. Аталған мәселе бойынша қауымдастықтың басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевтың атына ресми хат жолдау туралы келісілді. Сондай-ақ, «Фирма Арго» ЖШС директоры Олег Литвиненко ауыл шаруашылығындағы салық салу жүйесін реформалап, бірыңғай аграрлық салық енгізу, фермерлер үшін қосымша құн салығын (НДС) алып тастау, кепілзат құны төмен бағамен есептелу салдарынан екінші деңгейлі банктерден несие алу қиындығы мәселелері туралы мәлімдеді. Ал «Ертіс Агро» АШӨК төрағасының орынбасары Тимур Аспанов «Аграрлық несие корпорациясының» несиелерін кепілдендіруді енгізу, ауыл шаруашылығы дақылдары өндірісін сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізді. Осы тақылеттес тақырыпты жалғап, Железинка аудандық филиал басшысы Талғат Қожамжаров жер салығын, атап айтқанда, пайдалануға берілген қордағы жер мен елді мекен жерлеріне салынатын салық мөлшерін қайта қарап, заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін айтты. Бұдан басқа, қауымдастықтың Екібастұз аудандық филиал басшысы Манат Алғамбаев өңірде жаппай лимандық суаруды дамыту қажеттігін айтып, мал азығын дайындауда жаңа дағдыларды игеру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, қауымдастықтың кеншілер шаһарындағы филиал басшысы қазіргі уақытта Өлеңті өзенінің бір жақ жағалауын жеке кәсіпкер сатып алғандығын басып айтып, заңнамалық тұрғыдан тиісті шара қолдана отыра өзенді мемлекетке қайтару керектігін жеткізді. Жиналысты қорытындылай келе Қауымдастықтың басқарма төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаев көтерілген барлық мәселелердің заң жүзінде шешімін табуға атсалысуға әзір екендігін білдірді.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсріген – Есенжол Исабек.