Құқығын таптатпауға талпыныс байқалады

Шіл 23, 2026

Бүгінде тұтынушылардың табандылық танытып, құқығын қорғауда ілгерілеушілік байқалады. Қызметтің тиісті талапқа сай атқарылуын, сатып алған тауардың да қалауынан шығып, сапалы болуын қадағалауға келгенде қырағылық танытатын тұрғындар қатары артқан. Құқығын таптатпау үшін қандай қадам жасап, қандай органға жүгіну керектігін де көпшілік біліп қалды. Соның нәтижесі болар, соңғы уақытта тұтынушылар екеуара мәмілеге келмеген жағдайда заңға жүгініп, нарықты реттеуге, әділдік орнатуға үлес қосуда. Облысымызда орын алған осындай бірқатар нақты мысалдарды тарқатып өтейік.

Билет құнын қалай қайтарды?

Кейде жоспарлаған күні алдын ала ақысын төлеген белгілі бір шараға қатыса алмау жағдайлары туындайды. Белгілі бір себептері болады. Жалпы, облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, концерттер мен театрлан-дырылған қойылымдар, кино-сеанстар мен спорттық жарыстарға, өзге де ойын-сауық іс-шараларына билеттер сатып алу тұтынушылық қызметтердің көп тараған түріне жатады. Осы орайда көбінде билеттерді қайтару шарттары туралы ақпараттың жоқтығы, ақшалай қаражатты қайтарудан бас тарту, іс-шараларды өткізу талаптарының өзгеруі және тағы басқа даулы жағдайлар бойынша тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатынын алға тартып отыр.

Өңіріміздің бір тұрғыны осындай оқиғаға тап болған. Яғни, тұтынушы JLO концертіне 376 869 теңгеге билет сатып алады. Кейін тұтынушы концертке барудан айнып қалған. Билет құнын қайтарып алмақ болады. Ал қызмет көрсетуші қызмет құнының 30 пайызын – 113 060 теңгені ұстап қалып, оған билет құнының тек 263 809 теңгесін қайтаруға келіседі. Бұл ретте, ұйымдастырушылар алдын ала брондауды жою шарттарына сілтеме жасайды.

Тұтынушы билет бағасының көп көлемде мөлшерін ұстап қалуына келіспей, облыстық сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің көмегіне жүгінеді. Құзырлы орган қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіріп, құқықтық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, департамент сотта үшінші тұлға ретінде де қатысады.

Осы ретте, департамент мамандары Қазақстан Респуб-ликасының «Тұтынушылар құқық-тарын қорғау туралы» заңының 24-бабына сәйкес тұтынушы қызметті сатып алғанға дейін ол туралы толық, сенімді әрі уақытылы ақпарат алуға құқылы екенін түсіндірген. Яғни, соның ішінде ақшалай қаражатты қайтару шарттары және келісімшарттың өзге де айтарлықтай талаптары айтылуы керек. Сондай-ақ, ҚР «Тұтынушылар құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-бабына сәйкес тұтынушы тауар сатып алуға, жұмыстарды атқаруға, қызмет көрсетуге келісімшартты еркін жасауға, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқылы. ҚР заңнамасымен бекітілген тәр-
тіпте бұзылған құқығын қалпына келтіру үшін қажетті көмек алу мүмкіндігіне де кепілдік беріледі. Осындай заңдық құқығы негізінде аймағымыздың тұрғыны сотқа жүгінеді.

Құзырлы органның мәліметінше, бірінші сатыдағы соттың шешімімен тұтынушының талаптары ішінара қанағаттандырылады. Сот тұтынушы пайдасына 263 809 теңге және сот шығынтарын өндіру шешімін шығарады. Ал ұсталып қалған 113 060 теңгені төлетуден бас тартады. Тұтынушы бұл шешімге апелляциялық тәртіппен шағым түсірді. Сот алқасы іс материалдарын зерттей келе, даулы құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің өтеулі қызмет көрсету туралы 33-тарауының нормаларымен реттеледі деген қорытындыға келді. Апелляциялық сот ҚР Азаматтық кодекстің 686-бабы 1-тарма-ғына сәйкес тапсырыс беруші өтеулі қызмет көрсету шартын орындаудан бас тартуға құқылы, ал орындаушы тарап міндеттемелерді орындауға байланысты келген нақты шығындарды ғана ұстап қалуға құқылы екенін көрсеткен. Мұндай шығындарды дәлелдеу міндеті орындаушы тарапқа жүктеледі.

Департамент мамандарының мәлімдеуінше, сот талқылауларында жауапкер 113 060 теңге көле-мінде шығын көргенін растайтын ешқандай дәлел ұсына алмаған. Оған қоса, сот тапсырысты жою және қызмет құнының 30 пайызын ұстап қалу шарттары тұтынушыға төлем жасағаннан кейін ғана айтылғанын анықтады. Осылайша, бұл шарттарды тараптар келісті деп есептелмейтінін алға тартты. Апелляциялық шағымды қарастыру қорытындысында соттың бірінші инстанциясының шешімі өзгертілді. Сөйтіп, сот тұтынушыға төленген қызмет құнын 376 869 теңге көлемінде толық қайтаруды, сот шығындарын төлеуді міндеттеді.

Баға айырмасына – айыппұл!

Көп жағдайда сөредегі баға мен кассада төлеген бағаны салыстырып жатпаймыз. Асығыс алып жүре береміз. Бірақ, қырағы әрі заңды құқығын білетін тұрғындар дәл осы тұста құқықтарын аяқасты қылмауға әрекет етеді. Мәселен, Ақсу қаласының тұрғыны шаһар-дағы сауда нүктелерінің бірінен «Чистин 3 в 1» жуу құралын сатып алады. Сөреде көрген бағасы кассаға келгенде өзгеріп шыға келеді. Сөреде 549 теңге деп көрсетілген баға кассада 599 теңгеге өскенін байқайды. Бағаның неге бұлай өзгергенін сұрағанда дүкен қызметкері тұтынушыға сөредегі баға көрсеткішін ауыстырып үлгермегендерін алға тартады. Осы жағдай бойынша, ақсулық азамат облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне хабарласады.

Аталған жағдайды ескере отырып, департамент заңның 24-бабына сәйкес сауда нысанының ішкі немесе сыртқы сөрелеріне қойылған баға көрсеткішіндегі құнмен тауарды сатушы (өндіруші) сатуға міндетті, ал тұтынушы сатып алуға құқылы екенін түсіндірді. Яғни, ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңының 31-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, ішкі сауда нысандары өз қызметтерін атқару кезінде тауарды жария оферта, келісімшарттар және өзге де мәмілелердің шарттарына сәйкес белгіленген өлшемдермен сатуға міндетті. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы №264 бұйрығымен бекітілген Ішкі сауда ережесінің 54-тармағының 8-абзацы негізінде тауарлар сататын ішкі сауда нысандары сатып алушыға тауарды ішкі және сыртқы сөрелерде баға көрсеткішімен рәсімделген құнмен сатады.

Тұтынушының өтініші негізінде департамент ірі сауда желісіне жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Жоспардан тыс тексеріс нәти-жесінде сауда желісіне ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Соған сәйкес, қысқартылған іс-жүргізу тәртібімен 50 пайыз жеңілдік ескеріліп, 100 АЕК (432 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, Департамент тарапынан бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілген.

Келелі кеңес берілмей…

Тағы бір тұрғын білім беру және кеңес алу қызметінің ойда-ғыдай болмағанына шағымданған. Департамент жәрдеміне жүгінген тұтынушының айтуынша, ол жеке кәсіпкерге кешенді қызмет үшін 990 мың теңге төлеген. Бұл қызметтер кешеніне халықаралық IELTS емтиханына дайындық және шетелдік жоғары оқу орнына түсуге толық сүйемелдеу кірген. Алайда, өтініш білдіруші қызметтің тек нақты бір бөлігі көрсетілгенін алға тартты. Яғни, 190 мың теңгеге оқыту жүргізілген. Ал толық сүйе-мелдеу қызметі көрсетілмеген. Толық сүйемелдеуге 10 шетелдік бағдарлама мен университет іріктеу, гранттар бойынша кеңес беру, құжаттарды дайындау, эссе жазу, ұсынымдар, түйіндеме, құжаттарды тапсыруға сұхбаттасуға дайындау, алдын ала сұхбатты сынап көру сынды қызметтер жатқызылған көрінеді. Осылайша, ол 800 мың теңгенің қызметі көрсетілмегені үшін шағым түсірген. Оған қоса, төлем жасалғаннан кейін жеке кәсіпкер жаңа шарт – сүйемелдеу қызметтерін көрсетуді бастау үшін IELTS емтиханы нәтижесінің болуы міндетті дегенді алға тартқан. Бұл талап қол қойылмаған келісімшартта қарастырылмаған және келіссөздердің бастапқы кезеңдерінде айтылмаған. Ақыры кәсіпкер міндеттемелердің негізгі бөлігін орындауға кіріспеген. Сондай-ақ, тұтынушы сотқа дейінгі талап арыз жолдағаннан кейін кәсіпкер байланысты үзеді. Алмасқан хаттарды жояды, Instagram әлеуметтік желісінде тұтынушыны бұғаттап тастайды, байланысқа мүлдем шықпай қойған көрінеді. Яғни, ерікті түрде дауды шешуді қиындатады. Жағдайдың жай-жапсарына қаныққан құзырлы орган заң жүзіндегі әрекеттерге көшеді. Алдымен тұтынушыға заң талаптары түсіндірілді.

– ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 8-1-бабы 2-тармағы 6-тармақша-сына сәйкес шарт жасау кезінде шартты бұзған жайдайда сатушыға (орындаушыға, өндірушіге) ұсыныл-маған тауар, қызмет немесе жұмыс үшін төленген ақшалай соманы қайтармау құқығын беру тұтынушының құқығын бұзатын және (немесе) шектейтін шарттар болып саналады. Мұндай шарттар заңсыз деп танылады әрі қолдануға жатпайды, – делінген департамент мәліметінде.

ҚР «Тұтынушылар құқықтары қорғау туралы» заңның 35-бабына сәйкес тұтынушы таңдауына қарай көрсетілген қызметтердің кемшіліктерін қайтарымсыз жоюды немесе көрсетілген қызмет үшін сыйақыны тиісінше азайтуды талап ете алады. Тағы бір таңдауға келсек, осы тектес материалдан осындай сапада өзге затты қайтарымсыз негізде жасап беруді немесе қызметтерді қайта көрсетуді талап етуге құқылы. Бұл үш нұсқаны жаратпаса, онда шартта тұтынушының кемшіліктерді жоюға құқығы қарастырылса, кемшіліктерді жоюға жұмсаған барлық шығындарын өтетуге құқылы. Ал кемшіліктер белгіленген мерзімде жойылмаса, тұтынушы шартты бұзуын және шығындарын төлеуді талап ете алады.

Келелі кеңес ала алмаған азаматтың өтініші бойынша департамент сотқа үшінші тұлға ретінде қатысты. Тараптар арасындағы дауды қарастыру нәтижесінде сот медиативтік келісім бекітті.
Бұл құжатқа сәйкес жеке кәсіпкер 750 мың теңге көлемінде матери-алдық шығынды өтеуге міндеттенді.

Осы ретте, жоғарыда жазылған жағдайларға тап болсаңыз, құқы-ғыңызды қорғап, нарықты реттеуге атсалысуыңызға болады. Ол үшін Павлодар қаласында Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайында орналасқан облыстық сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне аласыз. Өтініштеріңізді E-otinish.gov.kz ьбірыңғай өтініштер қабылдау платформасы, E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесі немесе 8 (7182) 55-10-70 жедел желісі арқылы жіберуге болады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.