Бұрнағы күні облыс әкімдігінде аймақ басшысы Асайын Байхановтың төрағалығымен кеңейтілген аппараттық жиын өтті. Отырыстың күн тәртібінде облыс аумағындағы суармалы егіншілікті дамыту және инвестиция тарту мәселелері қаралып, жауапты мекеме мен дербес бөлім басшыларының баяндамасы тыңдалды.
Аппараттық жиын Қарағанды облысы «Костенко» шахтасындағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Аймақ басшысы қаза тапқан жандардың рухына тағзым етіп, өңірдегі өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін күнделікті бақылауда ұстауды тапсырды. Еңбек қауіпсіздігі және қызметкерлерді қорғау мәселесі бойынша баяндама жасаған облыстық еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өңірде өндірістік жарақаттану көрсеткіші 1,2 пайызға төмендегенін айтты. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыстың кәсіпорындары мен ұйымдарында 78 жазатайым оқиға орын алып, 81 адам зардап шеккен. Оның ішінде 49 адам ауыр жарақат алып, 2 адам қаза тапқан.
— Өңірде жұмысшылар арасында жазатайым оқиғалардың алдын алу және өнеркәсіптегі қауіпсіздікті сақтау шаралары аясында облыстағы 31 кәсіпорын «Vision Zero» тұжырымдамасын жүзеге асырды. Сондай-ақ, қауіпсіздік және еңбекті қорғау ережелерінің сақталуына қоғамдық бақылауды қамтитын «Халықтық бақылау» жобасын 21 кәсіпорын жүзеге асырды. Жұмыс орындарын жақсарту мақсатында еңбек жағдайлары қауіпті 174 өндірістік нысан аттестациядан өтті. Бұдан бөлек, кәсіпорындар негізінде облыстағы ірі және орта ұйымдардың негізгі техникалық жетекшілерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіліп тұрады. Профилактикалық бақылауға өндірістік жарақаттанудың өсуіне жол берген кәсіпорындар енгізіледі. Қазіргі уақытта «Нефтехим Компани ЛТД» ЖШС, «ЕЭК» АҚ және «ҚТЖ Жүк тасымалы» ЖШС филиалы – МКҚК Павлодар филиалында тексерулер жоспарлануда, — деді басқарма басшысы. Аппараттық жиналысқа қатысушылар алдымен суармалы алқаптар көлемін ұлғайту арқылы өсімдік шаруашылығын дамыту, сондай-ақ, аталған саланың тетігін жетілдіру мәселесін пысықтады. Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов биыл суармалы егістік алқаптарының аумағы 15,8 мың гектарға ұлғайып, 166 мың гектарды құрағанын атап өтті.
— Мемлекет басшысының суармалы жерлер санын кезең-кезеңімен ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында соңғы 3 жылда облыста суармалы жерлердің көлемі 48 мың гектарға ұлғайды. Облыстағы суармалы 166 мың гектардың 149,3 мың гектар жері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бекітілген. Оның ішінде 78,5 мың гектар іс жүзінде суарылады және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы толық жүргізілген. Үш жыл ішінде түрлі бағдарламалар бойынша, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өз қаражаты есебінен суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды және 13,3 мың гектар суармалы жер пайдалануға берілді. Оған қоса, ағымдағы жылы облыста 17,5 мың гектар алқаптағы суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу бойынша 9 жоба іске асырылуда, — деді М.Хамитов. Бұдан басқа, басқарма басшысы Павлодар облысында суармалы егіншілікті дамыту үшін бүгінгі күні 18,7 млрд теңге сомасына жалпы ауданы 18,6 мың гектарды құрайтын суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды тарту бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің өз қаражаты есебінен 19 жоба әзірленгенін жеткізді. Сондай-ақ, Мұрат Хамитов «сақалды құрылыстардың» сапында тұрған Ертіс-Успен каналын қайта жаңғырту жұмыстары 2024 жылы толық аяқталатынын алға тартты. Аймақ басшысы Асайын Байханов аталмыш түйткілге қатысты пікір білдіріп, бұл арнаның шаруалар үшін маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ, ол арнайы жүргізілген мониторинг жұмыстарының барысында анықталған кемшіліктерге жеке-жеке тоқталып, құрылысқа жауапты мекеме басшыларының жұмысын сынға алды. Оның айтуынша, каналды іске қосу облыстағы суармалы жер көлемін 10 мың гектарға, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенінің үлесін 50 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– «ҚазСуШар» мекемесі бұл жобамен төртінші жыл жұмыс істеп жатыр. Егер олар мұны аяқтай алмаса, біз бұл жобаны республикалық меншіктен өзімізге алып, жергілікті бюджет есебінен аяқтаймыз. 10 мың гектар жер кем дегенде бірнеше жүз мың тонна өнім береді. Орташа есеппен өңірдің ауыл шаруашылығының табыс көзі 500 миллиард болса, бұл жоба оны 50 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Каналдың барлық 13 шақырымы қайта жаңғыртудан өтіп, шаруалардың қажеттілігіне берілуі тиіс. Бұл жұмысты кешіктіре беруге болмайды, — деді Асайын Байханов. Өз кезегінде «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Владислав Кутырев жер жұмыстарының үшінші кезеңінен басқа барлық жұмыстар жалғасып жатқанын айтып, аталмыш каналды 2024 жылы іске қосатындарына сендірді. Белгілі болғандай, бүгінгі таңда жұмыстың тек жартысы ғана аяқталған. Қазір құрылысшыларға жер асты сулары кедергі келтіруде.
— Қазіргі уақытта ол жерде жер жұмыстарынан басқа жұмыстар жүріп жатыр. Сорғылар сатып алынды, ағымдағы жылдың 15 желтоқсанына дейін жеткізіледі. Одан басқа, сарапшылардың 2017 жылы жасаған сметалары да мәселе туғызды. Есептеулер сәйкес келмейді. Себебі, құрылыс материалдары қымбаттаған кезде жұмыс қайта жанданды. Бүгінгі таңда жоба өзгеріп жатыр. Техникалық шешімдер қабылдануда, — деді В.Кутырев. Сонымен қатар, облыс әкімдігінде өткен аппарат жиынында өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов жыл соңына дейін облыста жалпы құны 291 миллиард теңгені құрайтын 19 жобаны енгізу жоспарланып отырғанын хабарлады. Нәтиже-сінде 800-ге жуық тұрақты жұмыс орны пайда болады.
— Жобалардың ішінде екі ірі жоба бар. Атап айтсақ, «Богатырь» разрезінде автоконвейерлік технология бойынша көмір өндіріліп, тасымалданады, ал Екібастұз ГРЭС-1-де №1 энергоблок қалпына келтіріледі. Жыл басынан бері Павлодар облысына 634 миллиард теңгеден астам инвес-тиция тартылды. Бұған 22 жаңа жобаның арқасында қол жеткізілді. Инвестициялардың ең үлкен көлемі өнеркәсіп саласындағы жобаларға тиесілі. Өңірде жаңа көкөніс қоймалары, астық қоймалары, суармалы алқаптар салынып, жол бойындағы сервистер құрылды. Сондай-ақ, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, банкет залы, туристік орындар ашылып, өндірістер жолға қойылды. Нәтижесінде 229 адам тұрақты жұмысқа орналасты, — деді Е.Иманзайыпов Асайын Байханов қазіргі уақытта неғұрлым көп адамды жұмыспен қамтамасыз ететін жобаларға басымдық беру керектігін айтып, жауапты мекеме басшыларынан құралған инвестициялық штаб отырысын апта сайын өткізуді ұсынды.
— Біз үшін әрбір инвестор маңызды. Біздің міндетіміз – инвестиция тарту ғана емес, жаңа жұмыс орындарын ашу. Себебі, инвестициялық жобаларды қолдау мен іске асыруда басты назарға тұрақты жұмыс орындарын құру негізделді. Сондай-ақ, инвестициялық штаб отырысын жиі жүргізу қажет. Менің төрағалығыммен екі аптада бір рет, орынбасарымның төрағалығымен апта сайын өткізуге болады. Штабта инвестициялық кездесулер ұйымдастырылып, әр жоба жеке-дара талқыланады, — деді А.Байханов.
А.МҰҚЫШЕВ.